«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХНА ТӨРІНДЕ – “ТУҒАН ЖЕР”

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Өңірде өтетін шараларды бимен әрлеп, мың бұралған қимыл­дарымен көрерменді тәнті етіп жүрген өнер ұжымдарының бірі – “Туған жер” ансамблі. “Туған жердің” сахна сәніне айналып жүргеніне биыл 13 жыл толып отыр.

Осы уақытта ансамбльдің шық­қан биіктері аз емес. Жақында ғана олар Шара Жиенқұлова атындағы республикалық байқауға қатысып, бірінші орынды иеленді. Ұжымның Ақан сері атындағы облыстық филармония ғи­маратында өткізген кешіне жиналған көрерменнің де қарасы қалың болды.

Әсем кештің шымылдығы “Қара жорға” атты театрландырылған көрі­ніспен түрілді. Одан әрі көрерменге “Бала Ертіс”, “Алтын алтай”, “Қазақ ұлттық ойындары” туындылары ұсынылды. Концертте жергілікті филар­монияның әншілері де өнер көрсе­тіп, түрлі жанрлардағы туындылар­ды шырқады. “Melomix” тобының ән­шілері “Қар”, “Ару, әйел, ана” әнде­рін айтты. Асхат пен Динара Таушевтар, Дәмеш Құрманкина, Мұхит Ахметов, Данияр Кустанов сынды өнерпаздармен қатар “Кербез” трио­сы да бұл күні сахна төрінен табылды.

Халықты көп күттірмей ел алдына қайтадан “Туған жер” би тобы шығып, ұлттық нақышы келіскен “Қыз ұзату”, “Туған жер”, “Той бас­тар”, “Өрлеу”, “Қазақ елі” билерінен жинақталған композиция ұсынды. Бұлардың біразы бұрыннан ансамбь­дің репертуарында бар, жұртқа таныс туындылар еді.

Ән мен би қатар орындалған кон­церттің келесі бөлігінде әншілер Бүркіт Жанай, Есения Епифанцева, Рус­лан Мустафин, “MIAMI” тобы өнер көрсетті. Жастарға лайық за­ма­науи үні, ұлттық бояуы бар туын­дылар тыңдаған қалың жұртшылық қошеметін жаудырды.

– Осы уақыт аралығында ансамбліміз үлкен шығармашылық жолдан өтті. Біраз жылда бай репертуар жинақтадық. Онда әр жанрдағы туындылар бар. Енді алда тағы бір халықаралық байқауға дайындалып жатырмыз. Ән, жыр кешіне қа­рағанда би кешінің ерекшелігі бар. Бұл концертке әншілер де белсенді қатысуда. Осындай дәстүрлі шараны жыл сайын өткізіп тұра­мыз, – дейді ансамбль жетекшісі Максим Тонков.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp