Диас Аяған
Өңірде өтетін шараларды бимен әрлеп, мың бұралған қимылдарымен көрерменді тәнті етіп жүрген өнер ұжымдарының бірі – “Туған жер” ансамблі. “Туған жердің” сахна сәніне айналып жүргеніне биыл 13 жыл толып отыр.
Осы уақытта ансамбльдің шыққан биіктері аз емес. Жақында ғана олар Шара Жиенқұлова атындағы республикалық байқауға қатысып, бірінші орынды иеленді. Ұжымның Ақан сері атындағы облыстық филармония ғимаратында өткізген кешіне жиналған көрерменнің де қарасы қалың болды.
Әсем кештің шымылдығы “Қара жорға” атты театрландырылған көрініспен түрілді. Одан әрі көрерменге “Бала Ертіс”, “Алтын алтай”, “Қазақ ұлттық ойындары” туындылары ұсынылды. Концертте жергілікті филармонияның әншілері де өнер көрсетіп, түрлі жанрлардағы туындыларды шырқады. “Melomix” тобының әншілері “Қар”, “Ару, әйел, ана” әндерін айтты. Асхат пен Динара Таушевтар, Дәмеш Құрманкина, Мұхит Ахметов, Данияр Кустанов сынды өнерпаздармен қатар “Кербез” триосы да бұл күні сахна төрінен табылды.
Халықты көп күттірмей ел алдына қайтадан “Туған жер” би тобы шығып, ұлттық нақышы келіскен “Қыз ұзату”, “Туған жер”, “Той бастар”, “Өрлеу”, “Қазақ елі” билерінен жинақталған композиция ұсынды. Бұлардың біразы бұрыннан ансамбьдің репертуарында бар, жұртқа таныс туындылар еді.
Ән мен би қатар орындалған концерттің келесі бөлігінде әншілер Бүркіт Жанай, Есения Епифанцева, Руслан Мустафин, “MIAMI” тобы өнер көрсетті. Жастарға лайық заманауи үні, ұлттық бояуы бар туындылар тыңдаған қалың жұртшылық қошеметін жаудырды.
– Осы уақыт аралығында ансамбліміз үлкен шығармашылық жолдан өтті. Біраз жылда бай репертуар жинақтадық. Онда әр жанрдағы туындылар бар. Енді алда тағы бір халықаралық байқауға дайындалып жатырмыз. Ән, жыр кешіне қарағанда би кешінің ерекшелігі бар. Бұл концертке әншілер де белсенді қатысуда. Осындай дәстүрлі шараны жыл сайын өткізіп тұрамыз, – дейді ансамбль жетекшісі Максим Тонков.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.