«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫМЫЗ ӨНДІРІСІНІҢ ӨРІСІ КЕҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Мамлют ауданында болып, “Андреевка – Новомихайловка” жолын жөндеу және көктемгі егіс барысымен танысты.

Өңір басшысы, ең алдымен, алқап басында жүрген диқандармен кездесті. Аудандағы “Родина” шаруа қожалығы осы күнге дейін егістіктің 25 пайызына тұқым сіңіріпті.

Мамлют ауданындағы Бостандық пен Андреевка елді мекендерін жалғайтын 11 километр жол жөнделуде. Жалпы сомасы 1,2 млрд. теңгені құрайтын жоба шамамен осы жылдың қыркүйек айына қарай аяқталуы тиіс.

Жыл бойы қымыз өндірумен айналысатын “Арқалық” шаруа қожалығы бұл саланы одан әрі дамытуды көздеп отыр. Фермадағы құрылғылар толықтай жаңартылған. Мамандар Германиядан әкелінген заманауи техникалардың тілін меңгеріп алыпты. Кәсіпкер Нағашыбай Барлыбаевтың айтуынша, шаруа қожалығы шамамен 1 аптадан кейін тәулігіне 200 литр, ал 1 айдан соң 300-400 литр қымыз өндірмек. Табиғи сусынға сұраныс жоғары, өнім Петропавлда, Көкшетау мен Бурабайда сатылады.

“Алдағы уақытта мұндай нысандарды көптеп ашу қажет. Біздің облысымызда қымыз өндірісін дұрыс жолға қойған кәсіпкерлердің саны көп емес. Өнім солтүстікқазақстандықтар арасында жоғары сұранысқа ие. Сондықтан бұл саланы дамыту маңызды”, – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Ал Андреевка ауылында орналасқан Мәдениет үйін жөндеуге бюджеттен 185 млн. теңге бөлінген. Алайда атқарылып жатқан жұмыстың сапасы көңіл көншітпей отыр. Өңір басшысы тұрғындармен кездесу барысында Мамлют ауданындағы бірнеше Мәдениет үйінде осындай мәселе бар екенін атап өтті.

Айдарбек Сапаров ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Андреевка ауылының тұрғыны Марина Головена елді мекенде ветеринардың жоқтығын айтты.

“Оқуын биыл бітіргелі жатқан колледж түлектерінің бірін жұмысқа шақыру керек. Көрші ауылдардағы ветеринар мамандардың көмегіне жүгінуге де болады. Бұл мәселені шешуді аудан басшысына тапсырамын”, – деді облыс әкімі.

Ауыл тұрғындары сапасыз интернет және кадр тапшылығы мәселелерін де көтерді. Облыс әкімі бұл сауалдардың шешімін табуды жауапты басқарма басшыларына жүктеді. Сонымен қатар кездесуде жергілікті серіктестік басшыларының есептері тыңдалды. Әкім диқандарға өздері жұмыс істейтін ауылдарды қамқорлыққа алып, егіс алқабында еңбек етіп жүрген жұмысшыларды қолдау қажеттігін айтты.

Қуаныш ҚАПЕЗ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp