Кейбір көпқабатты үйлердің тұрғындары аулаларына көлік кірмеуі үшін көлденең бөгеттер қояды. Бұл бетон бөгеттер өрт сөндірушілердің жұмысына кедергі келтіруде. Алда-жалда өрт шықса, құтқарушылар осы бөгеттердің кесірінен діттеген жерге тез жете алмай, уақыт жоғалтады.
Зілдей бетон бөгеттерді алып тастау үшін әжептәуір күш керек. Тіпті техниканың көмегімен алған күннің өзінде, өрт сөндірушілер біраз уақытын жоғалтады.
– Әріптестерімнен осындай бөгеттерге қатысты шағым көп түседі. Биыл өрт сөндірушілер бөгетті айналып өтеміз деп алтын уақыттарын жоғалтқан жағдай орын алды. Сондықтан мұндай бетон бөгеттер мен шлагбаумды бей-берекет қоя беруге болмайды, – дейді қалалық төтенше жағдайлар басқармасының инженері Әділхан Сейсембеков.
Шынында да, өрт сөндіруші үшін әр минут маңызды. Петропавл қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командирі Самат Жапаров рейдтік іс-шаралар барысында тұрғындарға ескерту жасалғанымен, құлақ асып жатқандар аз екенін айтты. Ірі қалаларда бұл жағдай тіпті ушығып тұр. Өрт сөндіру көлігі үшін ашылмайтын, істен шыққан шлагбаумдар да кездеседі.
Жалпы жыл басынан бері Петропавлда 15 рейдтік іс-шара өтіп, 8 бетон бөгет пен 2 шлагбаум алынып тасталды. Мамандар төтенше жағдайда тұрғындарды құтқаруға асығатын қызметкердің жұмысына кедергі болатын бөгеттерді алып тастауды алдағы уақытта да жалғастыратындарын айтады.
Камилла КАРИМ.