«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАЛҒАЙ АУДАНДАҒЫ БЕРЕКЕЛІ БАСТАМАЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Егемен еліміздің болашақтағы жарқын жолын айқындай отырып, биік белестерге жетелейтін жаңа Қазақстанды құруға атсалысу – бәріміздің басты мұратымыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында: “Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе әрдайым жоғары бағаланады. Мен жаңа Қазақстанның осындай ел болғанын қалаймын. Мақсатқа жету үшін мемлекеттік аппаратты жаңарту немесе кадрлық ауыс-түйіс жасау жеткіліксіз. Өзгерісті әрқайсысымыз өзімізден бастауымыз керек. Әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет. Мұның бәрі – оңай жұмыс емес, біртіндеп қалыптасып, жылдар бойы жалғасатын үрдіс. Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан баршаңызды жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын”, – деп атап көрсеткен болатын.

Тұрақсыз, құбылмалы әлем тудырып отырған қиындықтарды еңсерудің, ауқымды өзгерістерді жүзеге асырудың басты бағыттары айқындалды, реформалар барлық салаларда жандана түсті. Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде былай дегені бар: “Ел мүддесі – бәрінен биік. Мен барлық мемлекеттік қызметшіден өз жұмысын адал атқаруды талап етемін. Бір сөзбен айтсам, кәсібилік, адалдық және қарапайымдылық біздің басты қағидаттарымыз болуға тиіс. Қоғамда жаңа құндылықтар орнықтырып, жақсы қасиеттерге ие бола алмасақ, реформаның бәрі бекер”. Осы пайым “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” Жолдауында былай жалғасады: “Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстан құрып жатырмыз. Осы қадам біздің “Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” атты басты формуламызды біртіндеп нақты мән-мазмұнмен байыта түседі”. Осылайша бірлігімізді бекемдей білсек, берекелі ел боларымыз анық. Уәлихановтықтар үшін де мұның бәрі кезек күттірмейтін маңызды міндеттер саналады.

Ауданымыз Солтүстігі мен солтүстік-шығысында Ресей Федерациясының Омбы, шығысында Павлодар, оңтүстік-шығысында Ақмола облыстарымен шектесіп, 12876,6 мың шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Пайдалы қазбалар мен су көздеріне бай. Уран рудалары, құрылыс материалдары, құм, қиыршықтас, әктас, күкіртті сутекті тұнбалар молынан кездеседі. Силикат құмының теңдесі жоқ бірегей қоры, облыстағы барлық су қорларының 8 пайызы орналасқан. Сілеті, Талдыбай, Семізбай, Ақсай өзендері, Сілеті теңізі, Теке, Кішкенекөл, Саржан, Қоңдыбай сияқты ірі көлдер бар. Жерасты таза ауызсу көзі саналатын Есдәулет бұлағын тұрғындар тіршілік көзі есебінде пайдаланады. Кезінде бұл жақ “Әлімбеттің 90 көлі” деп аталған. Сол кезде бұрынғы Ақмола уезі, Омбы губерниясына бағынышты болса, кейін Солтүстік Қазақстан облысы құрамына қосылғалы әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсы қарқын алып, қаржылық жағынан да үлкен қолдау тауып келеді.

Өндіріс құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 67,8, тау-кен – 18,3, электрмен жабдықтау 12,3 пайыз. Былтыр өнеркәсіптік өнімдер өндірісінің көлем і – 1974,2 млн., тау-кен – 361,5 млн., өңдеу саласы – 1340 млн., сумен жабдықтау 29,4 млн. теңгені құрады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда биыл бұл көрсеткіштердің артқаны байқалады. Экономикалық саясатымыздың негізгі мәні – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан тұрғындардың әл-ауқатын арттыру болып қала береді. Жолдауда айтылған тапсырмалардың бірі – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін ауыл шаруашылығын өркендету. Оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және қосымша құнын арттыру стратегиялық міндет ретінде белгіленді. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес екені айрықша аталды. Ауданымызға жұмыс сапарымен келген өңір басшысы Айдарбек Сапаров шикізатпен ғана шектелмей, сүт өңдейтін кәсіпорындар санын көбейтуді тапсырды. Қазір бұл бағытта озық инвестициялық жобалар жүзеге асырыла бастады. Ауыл шаруашылығы кооперативтері мен фермерлер үш мың бас асылтұқымды ірі қара малын сатып алды. Екі округте құны 12 млрд. теңге болатын 3 тауарлы-сүт фермасының құрылысы басталды. Сүйіндік Жолдасбаев жетекшілік ететін “Жолдасбай Агро” шаруа қожалығы 1200 бас сауын сиырға арналған кешенді күзде пайдалануға бермек. Жобаның құны – 5,2 млрд. теңге. Мұнда жылына 6 мың тоннаға дейін сүт өндірілмек. Сөйтіп, тұрғындар табиғи таза өніммен қамтамасыз етілетін болады. Сүт өңдейтін зауыт салу қажеттігі де туындап отыр. Заманауи көкөніс қоймаларын тұрғызу да белгіленген. Тұтастай алғанда бұл салаға 5,6 млрд. теңге мөлшерінде инвестиция құйылып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 42548,8 млн. теңгеге жуықтады. Сауылған сүт мөлшері – 48521,5 тонна. Биылғы меже бұдан көбеймесе, төмендемек емес. Диқандар қауымы көктемгі дала жұмыстарына жан-жақты әзірлікпен келіп, жауапты науқан агротехникалық талаптарға сай атқарылуда. Өткен жылы ауа райының қолайсыздығына қарамастан 144 мың тонна астық жиналды. Биыл одан кем болмауы тиіс. Мал шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлері бойынша өсімге қол жеткізілді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан ауызсу мәселесі әлі шешімін таппай отырғанын сынға алды. Осыған орай өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауызсумен қамтамасыз ету жүктелді. Ауданда 27 елді мекен болса, 25-сі, яғни 95,2 пайызы сапалы тіршілік нәрін тұтынады. 10 ауылда су тазарту жүйесі орнатылды. Қаратал елді мекеніне 36 млн. теңгеге су тарату желісі тартылды. Автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 704 шақырым, оның 74 шақырымы – республикалық, 223 шақырымы – облыстық, 407 шақырымы аудандық маңызға ие. Өндіріс – Жұмысшы – Мырзағұл бағытындағы жолдарға орташа жөндеу басталды. Қулыкөл, Кішкенекөл, Телжан, Бидайықтың көшелері қалпына келтіріледі. Тиісті жобалық-сметалық құжаттар дайын. Сондай-ақ Көктерек – Жасқайрат – Қайрат жолының 48 шақырымына қиыршықтас төселеді. Соңғы екі жыл ішінде ауылішілік жолдар салу, жөндеу бағытында бірысыпыра жұмыс атқарылды.

Аудан орталығынан ең шалғай жатқан Қулыкөл ауылдық округінің тұрғындары үшін ең өзекті мәселе – жолдың сапасы. Береке, Қайрат және Қулыкөл ауылдарының тұрғындарымен өткен кездесуде басқа да мәселелер қозғалды. Береке ауылында мектеп қазандығы мен ғимаратын арнайы қарап шықтым. Мұнда істен шыққан электр қозғалтқыш жөндеуді қажет етеді. Жиналыс барысында оның алдында өткен кездесулерде көтерілген балалардың ойын және спорттық алаңын орнату, қираған үйлердің орнын тазалау, көше жарығы сияқты мәселелер шешімін тауып жатқаны айтылды. Дегенмен жол мен интернеттің жоқтығы әлі де өзекті. Береке мен Қаратал аралығындағы жолды қар суы үнемі шайып кетеді. Сондықтан су өткізгішті қосымша бекіту, бұдан бөлек, 2017 салынған мал қорымын санитарлық талаптарға сәйкестендіру, қатты қалдықтар полигонын ауыл жанынан көшіру, жайылым тапшылығын шешу, көшелерді абаттандыру жайы қозғалды.

Қаратал ауылындағы мектеп қыста суық, спортзалы бар типтік үлгідегі білім ошағы салынса, электр бағандары мен желілер ауыстырылса, Ақмола облысына қарасты Бестөбе ауылына дейінгі 18 шақырым жолға жобалық-сметалық құжаттама әзірленсе деген нақты ұсыныстар айтылды. Қулыкөлде суға деген сұраныс күрт өскендіктен, тарату құбырларының қуаты жеткіліксіз. Былтыр басталған ауылішілік жолдарды жөндеу биыл аяқталмақ. Қулыкөл облыс және аудан орталықтарынан алшақ жатса да, үлгілі ауылдардың бірі саналады.

Амангелді ауылдық округіне қарасты Қаратерек, Тілеусай ауылдарында болғанымда абаттандыру жұмыстарының сапасыз жүргізілгені үшін округ басшылығына ескерту жасауға тура келді. Учаскелік инспектормен бірлесіп, үй-үйді аралауды және үй маңайын тазалауға кіріспегендерге шара қолдануды тапсырдым. Қаратерек ауылындағы мектепте оқушылар тапшы. Жасыратыны жоқ, бұл мәселе басы ашық күйінде қалып отыр. Екі жақты әңгімелесу барысында жергілікті тұрғындар үшін жұмыс мәселесі шешілді. Жаңа инвестор – “Ақсай” ЖШС-ның келуіне байланысты 22 адам осы кәсіпорынға жұмысқа қабылданды. Фирма өкілдері 13 мың гектар алқапқа астық өсірмек. Кездесуде су тоғанын тазарту, ауылішілік жолдарды жөндеу, аудан орталығына дейін жүретін автобусты іске қосу, Ресей Федерациясының көршілес селоларына жеңілдетілген режіммен шекарадан өту, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, ауданның ветеринарлық қызметін жақсарту мәселелері көтерілді. Аудан орталығына дейінгі автобус қатынасын қалпына келтіру мақсатымен көлік жеңілдетілген субсидияға сатып алынады. Тілеусай ауылының тұрғындары ұялы байланыс пен интернет орнатылғанына ризашылықтарын білдірді. Екі округтің тұрғындары аузсуды жер астынан алатындықтан, Жамбыл ауылынан орталықтандырылған су құбырын өткізуді тағы бір пысықтауды тапсырдым.

Көктерек және Қайрат ауылдық округтері бойынша жұмыс сапары да пайдалы болды. Тұрғындар жарияланған үш айлық сенбілік аясында біраз істің басын қайырыпты. Қайрат ауылындағы апатты ғимараттар аз емес. Ол жөнінен түсінік берген округ әкімі Ержан Бітниев нысандар сатып алынғанын, әрқайсысының иесі барын, бірақ ешқандай ықпал ету шараларын қолдана алмайтындарын жеткізді. Өйткені құжаттар заңды түрде толық ресімделмеген. Пайдалануға жарамсыз объектілер елді мекеннің эстетикалық көрінісін бұзып қана қоймай, ойын балалары үшін үлкен қауіп төндіретінін де ескермей болмайды. Көктерек ауылында демалыс орталығының жаңа ғимаратының құрылысымен таныстым. Клуб салуға бюджеттен 160 млн. теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары жақын арада басталады. Мұнда балалар алаңын орнату жоспарланған. Өткен жылы ауыл үшін шағын футбол алаңы орнатылды. “Бұлақ” шаруа қожалығының басшысы Ерғали Әзмағанбетов туған ауылына көмек қолын созудан аянған емес.

Қайраттықтарды да аудан орталығына қатынау жағы қинайды. Кішкенекөлге жету үшін таксиге 10 мың теңге төлейтін көрінеді. “Жедел жәрдем” көлігі былтырдан бері жөндеуде тұр. Кездесуде шалғайдағы округ тұрғындарының денсаулығын тексеру үшін нақты бір күндерді белгілеу туралы ұсыныс қолдау тапты. Жеке қабылдаулар кезінде де азаматтардың өтініш-тілектеріне нақты жауап беріліп, кей мәселелер бақылауға алынды.

Аудан аумағында 61 төсектік аурухана, 2 дәрігерлік амбулатория, 21 медпунктте 25 дәрігер, 110 мейірбике жұмыс істейді. Мекемеге былтыр – 60 млн., биыл 33,5 млн. теңгенің медициналық жабдықтары әперілді. Жолдамамен келген жас мамандар орталық жылу жүйесіне қосылған баспаналармен қамтамасыз етілді. Айдарбек Сейпілұлы тұрғындардың әлеуметтік сұранысын толық қанағаттандыру мақсатымен облыстық денсаулық басқармасына жаңа емхана салуды тездетуді тапсырды.

Президент “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында “Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармайтын, лайықты жалғастыратын ұрпақ тәрбиелеу”, – дей келіп, жас буынның еліне, жеріне, халқына қалтқысыз қызмет ету болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру міндетін қойып, бұл бағыттағы тәрбие жолдарын санамалап берген болатын. Олар – терең білім, еңбек етуге бейімділік, темірдей тәртіп, жоғары жауапкершілік, кәсіби дағды, ұқыптылық, тиянақтылық, жат әдеттерден арылу. Биік мұратқа жетелейтін еңбек деген ұғымды санамызға өшпестей сіңірген аға ұрпақ қандай да құрметке лайық. Аудан тұрғындары осы өңірде туып, түлеп ұшқан, есімдері республикаға танымал тұлғаларды әркез мақтан тұтады. Олардың қатарында белгілі жазушы Сәкен Жүнісов, Социалистік Еңбек Ерлері Баяш Әміренов, Есілбай Қадыралин, Қажым Мүсіпов, алғашқы мектеп ұйымдастырушысы, Қазақ КСР-дың еңбек сіңірген мұғалімі Сабыр Мәліков, еркін күрестен Кеңес одағының 2, еліміздің 7 дүркін чемпионы Ахметжан Қазымбетов, ғылым докторлары Саттар Мәжитов, Тұрсынбек Мәліков, Серік Негимов, алтын қолды дәрігерлер Серік Тоқпанов, Кенжебек Шайсұлтанов, Руслан Баймұқанов, қазақ өнерінің жарық жұлдызы, тенор Қайыржан Жолдыбаев және тағы басқалары бар. Жезтаңдай әнші Роза Бағланованы жау оғы астынан арқалап алып шыққан Құсан Мұхановтың ерлігі өзгелерге үлгі емес пе?! Кейінгі жастар ата-бабаларын ұмытпай еске алып, патриоттық сезіммен рухтанып өссе, ел өмірі тағылымды дәстүрлермен, ұрпақтар арасындағы жарасымды сабақтастықпен толыға түсері даусыз.

Осыдан 3-4 жыл бұрын Береке мен Қаратал ауылдарының маңынан “Қызыл оба” қорымы табылып, ғалымдар мен тарихшылардың Алтын Орда дәуірінің дамыған кезімен тұстас деген болжамы расталды. Аумағы 700 шаршы метрді, қабырғасының биіктігі 1,5 метрді құрайтын мазарда Жошы ханның ұрпақтары жерленген. Тарихтың жаңа парағы іспеттес археологиялық ескерткіш алдағы уақытта туристік орталыққа айналары сөзсіз. Жас буынға тарихымызды жаңа қырынан танытудың баға жетпес жәдігері болмақ.

Қайрат ПІШЕНБАЕВ,

Уәлиханов ауданының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp