«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨТКЕНІ — КҮҢГІРТ, БОЛАШАҒЫ — БҰЛЫҢҒЫР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көп қабатты үйлердің арасымен тартылған жылу құбырларының үс­тінде отырған екі адамның жүзі таныс. Жұмысқа барар жолда үнемі кезіктіремін. Күздің қара суы­ғында да, қыстың сақылдаған сары аязында да сол құбырдың үстінде оты­рады. Үсік шалған беттері домбы­ғып, ісіп кеткен. Бір киімнің үстінен екіншісін қабаттап, киіп алғандары да сырт көзге оғаштау көрінеді. Ажа­ры кеткен бет-әлпеттерінен ішімдік­ке әуес екендері бірден байқалады. Өмірі қор болған қос бейбақтың сыртынан тон пішпей, өздерімен тілдесіп, ойла­рын білгім келген.

Андрей Мамлют ауданынан, ал Анастасия қала маңындағы бір ауыл­дан екен. Түрлеріне қарап орта жаста шығар деген едім, қателесіп­пін. Екеуі де отызда екен. Үш жыл­дан бері екі жарты бір бүтін болып ғұмыр кешіп жатыр. Андрей әскери борышын өтеп келіп, ауылда жұмыс таба алмай, қалаға келгенін айтты. Бұл жерде де жолы болмап­ты. Жо­лы болмағандарға көшенің құшағы кең. Соңғы кезде жауырыны мен бүйрегі ауырып жүргенін айтып, бүйір тұсын сипады. Үсік шалған беті-қолдарына қа­рап, суықтың бой­ларына дендеп кір­генін түсіну қиын емес. Тірі жүр­гендеріне таңдандым.

Анастасия да денсаулығына ша­ғымданды. Үй-күйсіз жандардың ме­дициналық көмек алуы қиын. Оның құжатсыз, үйсіз жүргеніне біраз болыпты. Осыдан 4-5 жыл бұ­рын өзі сияқты “дала кезгендермен” қосы­лып, Ресей жаққа өтпек те бол­ған. Ондағы ойы – Ресейдің Сочи курортына бар­у. Жылы жақты аңса­ға­ны болар. Жолда тәртіп сақшыла­рының құрығына түсіп, бір жарым жыл қамауда отырып, туған жеріне әрең жет­кенін баяндады. Андрей­мен көшеде танысқан. “Бұзақы­лар ұрып-соғып жатқан жерінен ара­шалап алдым. Сосын көңіліміз жа­рас­ты”, – дейді жігіт. Тағ­дыры ұқсас жандардың содан жұбы жазылған емес.

Қоғамда дала кезгендерге аяушылықтан гөрі жазғыру басым. Жі­гер­сіздік, жауапсыздық, масыл­дық, ерін­шектік, әлсіздіктен көшені таң­даған­дар жеңіл жол іздейміз деп, құр­дымға кетіп жатқанын түсін­бейтін сияқты. Андрей мен Анас­тасияның тағ­дыры мені ойландыр­май қой­мады.

Жылу құбырының үсті – олар­дың түнгі тұрағы, ал күн ұзаққа дала кезеді. Қоқыстарда жатқан темір-терсек, бөтелке жинағанды “жұмысы­мыз” дейді. Осындай адамдарға мемлекет тара­пы­нан қандай көмек көрсетілетінін білмекші болып, Пет­ропавл әлеу­мет­тік бейімдеу орта­лығына және полиция басқар­ма­сының тұрғылық­ты жері, құжатта­ры жоқ тұрғын­дар­ды қабылдау-тарату орнына бас сұқтым.

Полиция қызмет­кер­лері қала көшелеріндегі тәртіпті сақтау, қыл­мыстық істердің алдын алу үшін рейдтік іс-шараларды үнемі жүргізіп тұрады. Тұрғылықты мекенжайы жоқтар олардың құрығына жиі ілі­ге­ді. Полиция қызметкерлеріне қыл­мыстар мен құқық бұзушылық­тар­дың, оқыс оқиғалардың алдын алу міндеті жүктелген. Тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар қылмыс­тық әрекет жа­сап қана қоймай, өз­дері де зәбір көруі мүмкін. Бұдан бөлек, осы санаттағы адамдардың арасында із-түссіз жоғалған және іздеудегі қылмыскерлер анықтала­ды екен. Сондықтан жылу құбыр­лары, кәріз құдықтары, жертөле­лер­ді аралап, көше кезбелерін ұс­тап, алдымен қабылдау-тарату орнына жеткізеді. Бұл жерде олар тексеріледі, қажетті көмек көрсеті­леді. Бұдан кейін кейбірі Жұмысшы кентінің шет жағында орналасқан түнгі түнеу орнына, ал медицина­лық көмекке мұқтаждар ауру­хана­ларға жеткізіледі. Рейд бары­сында орта есеппен күніне 7-8 адамды ұстайды екен.

Жыл басынан бері полиция қыз­меткерлері қабылдау-тарату орны­на 397 адамды жеткізген, олардың ішінде 60-ы тұрғылықты мекені жоқ адам ретінде есепке алынған. Сол ал­пыстың 49-ы – ер адам, 11-і – әйел. Оның 44-і облыс орталығында ұсталса, қалғаны аудандарда қаң­ғы­рып жүргендер. Дала кезбелері­нің ішіндегі тоғызы ТМД елдерінің азаматы екендігі анықталған.

Көше кезген жандардан қоғам­дық ортаға келетін зиян қандай? Петропавл қаласы полиция басқар­ма­сының қабылдау-тарату орны­ның бастығы, полиция майоры Бо­лат Бай­мақановтың айтуынша, бұл са­нат­тағы адамдарың басым бөлігі – қа­ңғыбас өмір салтын ұстанатын­дар. Тұр­ғындардың жеке меншігіне қол сұғу­лары мүмкін. Өздері де қылмыстың құрбаны болып жатады. Санитар­лық-гигеналық тазалықты сақтамайтын олар инфекциялар мен жұқпалы аурларды таратушы болып табыла­ды. Олардың қоғам­дық орындарда жиналуы қала тұрғындарының ренішін тудырады. Ондай адамдардың көп жүретін жерлері де белгілі – темір жол мен автовокзал және ба­зарлардың маңы.

Полиция қызметі ұсталғандар­дың әрі қарай дұрыс өмір сүруі үшін көмектесуге тырысады. Құжаттары жоқтарға тиісті мекемелер арқы­лы құжатын алуға, жұмысы жоқтарды – жұмыспен қамту орталығына, ауруға шалдыққандарды – емде­луге, ішім­діккке құмарларды оңалту үшін тиісті мекемелерге жібереді.

Петропавл әлеуметтік бейімдеу орталығына келетіндер де аз емес. Орталықтың берген деректеріне сүйенсек, былтыр 87 адамға әртүрлі бағытта көмек көрсетілген. Елу адам­ға шақталған орталықта әлеу­мет­тік көмектің жеті түрі – тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, мәдени, экономикалық, құ­қық­­тық қызмет көрсетіледі. Әр адам­ның басына түскен қиындығы­на қарай жеке-жеке жұмыс жүргі­зіледі. Атауы айтып тұрғандай, бұл – адамды қалыпты өмірге бейімдей­тін орталық. Кейін қарттар үйіне жіберіліп немесе жұмысқа орнала­сып, қалыпты өмірге бейім­де­ліп жа­та­тындар бар, бірақ “кезбе” өмі­рімен қоштасқысы келмейтіндер де жетер­лік. Орталық әкімшілігі келу­шілердің көбі құжаттарын жа­сатып, денсау­лықтарын тексер­тіп, жұмыс істемек ниетпен шығып кетеді де, көп ұзат­пай бұрынғы өмір салтына қайта ора­латынын ай­тады. Қаңғы­бас адам­дардың жас­арып бара жат­қан­дығы қынжылта­ды, қатарға жиыр­мадан енді асқан­дар да қо­сылуда. Үй-күйсіз жүрген адамдар­дың құжа­тын жасау да оңай емес. Ол үшін орталық мамандары бір­неше ме­кеменің есігін тоздыра­ды. Был­тыр 23 адамның жеке куә­лігін қал­пына келтіріп берген.

Әлеуметтік бейімдеу орталығы қыс айларында адамға лық толады. Жатын орын шектеулі болған­дық­тан, артық адам қабылдай алмай­ды, әйт­песе сұранатындар қатары әл­деқайда жоғары екен. Көбі Жұ­мыс­шы кентінде орналасқан үйге бара­ды. Ол жер де елу адам қа­былдауға шақталған. Күндіз көше ке­зіп, кешке түнейтін орын із­дей­тіндерге қо­лайлы жер осы.

Көше қаңғыбастарының мінез-құл­қы туралы баяндаған психолог Оксана Таранова адамдардың үй-күй­сіз қалып, дала кезіп кетуінің түр­лі себебі бар екенін айтады. Ең бас­тысы – тәрбиенің жоқ­тығы.

– Мұндай адамдардың көбі – тұр­мыстық ахуал төмен отбасыларда тәрбиеленгендер. Ата-анасы ішім­дік­ке салынып, қараусыз қалып, ба­ла күнінен қаңғыбастыққа үйренген. Олардың өмір туралы түсінігі таң­даған жолымен ғана шектелген. Қаң­ғыбастардың көбі ішімдікке жақын. Маскүнемдікке салынған жанның бетін бері қарату қиын. Мұндай адамдар еріншек келеді. Масыл­дық­­қа бейім. Тұрақты жұмыс істеу олар­ға жат. Олар үшін қоқыстардан те­мір-терсек, бөтелке жинап, соны са­тып, тапқан тиын-тебендерін ішім­­дік­ке жұмсау – қалыпты жағдай. Сон­дықтан ондай адамдарды дұ­рыс жолға салу – қиын. Ал аңдаусыз адасқандар түзеліп ке­теді, – деді Оксана Таранова.

Егер адам ауыр жағдайға ду­шар болса, қол ұшын созып, қолда­ғың ке­леді. Себебі көмегіңнің зая кет­пей­тінін білесің. Ал өмір – күрес еке­нін біле тұра, тағдырдың тәл­кегіне көн­дігіп, көше кезіп кет­кен­дерге аяушы­лық емес, асырау­шы қажет сияқ­ты. Масылдық ниет­тен өмірдің мә­нін жоғалтқандарға тағдыры өз қо­лында екенін тү­сіндіру қиын, әттең!

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp