«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жолаушылар екенбіз ғой мәңгілік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақын, журналист Болат Қожахметовтің есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс. Осыған дейін өлеңсүйер қауымға “Аспандағы арғымақтар”, “Жыр борайды” сияқты бірнеше жыр жинағын ұсынып үлгерген қаламгердің жуырда тағы бір туындысы жарық көрді. Қаламгердің қаламынан туған өлеңдердің дені өмір, туған жер, Отан, адам бойындағы түрлі мінездер, адамгершілік тақырыптарын қаузайтыны белгілі. Ақын жаңа жинағына адамзат баласы өзі ойлап тауып, игілігі үшін пайдаланып отырған көліктердің түрлеріне қатысты жазылған өлеңдерін енгізіпті. Әлі сиясы кеппеген, оқырманның қолына тимеген жыр шумақтарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Велосипед

Тақымыма басқан құтты темірім,

табан тисе, ентелеген елігім,

зыр айналған қос шаңырақ – астымда,

аттан артық көрген менің серігім –

велосипед ертегідей әлі есте,

балалық шақ, ол екеуі – тел ұғым.

Алаңсыз уақ, армансыз шақ, о, шіркін!

Алуан-алуан қызыққа, паһ, толы күн.

Жарысқанда жеткізбеуші ем ешкімге,

самал өпсе, басылатын солығым.

Қаскөй тықса шабағыңа шыбығын

Құлап едім, елестемейді өлімің.

Кешкілік мал іздегенде тоғайдан,

көп түбірден сақтады екен мені кім?

Алыстағы ауылға да барғанмын,

ауыздықтай алмай көңіл желігін.

Таң атқанша ол да тыным табатын,

тыныштықты тыңдап түнгі өмірің.

Аман-есен жастық шаққа жеткізген, –

алғыс саған – бал кездегі көлігім.

Таңсық

Кенже қалған ұлтпыз

әрі аңғал-ақ,

көрмеген соң –

көрінгенге таңғалад.

Стамбулда

мына мені сілейтті, –

гироскутер деген

екі доңғалақ.

Әйел, еркек, ұшақ толы –

жанжағы,

әуежайда

атшаптырым аумағы

жер қайысқан ер түрікке

елп етпей,

жанарымды

бұл көрініс жаулады.

Міне, осында –

мінсіз, үнсіз мың түрік:

мөлдір көзді қыздары отыр

құлпырып;

діні қатты еркектері –

егіздей,

доңғалақпен дедектеп жүр

ұмтылып.

Әуежай бұл –

жартысындай қаланың,

әр қызметкер –

тоздырмайды табанын:

несібесін

скутермен тереді,

науша бойлы оларда ада –

нала-мұң.

Бұл түскірді

бірақ қайдан табарсыз?

Бұйрық болса,

Еуропаға барарсыз.

… Сол жылдары

жатқан еді еліміз, –

самокаттың өзінен де

хабарсыз…

Ұшақ

Көз шырымын алмайтын көлікте

мен –

терезеден

апатты көріп келем:

доңғалағы лаулаған

ұшағымыз

құлдилады бір кезде

төніп төмен.

Қапысыз-ақ сезсе де

мұны бар жан,

қорыққаннан

көздерін жұмып алған.

Үнің шықпай қалатын

сұрапыл сәт,

үзіле ме осылай

жібің, жалған?

Көктей өткен

сан ауыл, сан қаланы,

түсіп қапты –

“ТУ”-дың бір доңғалағы.

Әне, соның орнынан

от маздап тұр,

енді қайтсек,

апыр-ай, жан қалады?

Түнгі аспанда

“ТУ”-ымыз көп айналды,

тандырды әбден есінен –

талай жанды.

Үш бұтындай ошақтың

берік екен,

үш доңғалақ болса да…

солай қонды.

Жерде қалсын,

көкте емес, Тәңірім, із!

Жүрек суып,

торықты көңіліміз.

Дозақ отын көргендей

дірдек қақты, –

доңғалаққа байланған

өміріміз…

Жыр көлігі

Дөңгелегі өлшеп даланы,

дүбірі үдеп барады.

жетпейтін көзің ғарышта

жұлдызбен бірге ағады.

Көлденең көзге көрінбес

көлік бұл кәміл бағалы.

Таппайтын тыным отарба

Түтіні – жырдың жалауы.

Пойызың толы ақынға,

поэзия болған қалауы.

Көтерген жүгін елінің

кіршіксіз, саңлақ саналы.

Қызыл тіл – қызған шоғыңдай,

қылыштан өткір қаламы.

Төрт арысының қамын жеп,

тәні емес, жаны жаралы.

Тілемес түк те өзіне,

табылмас ондай жан әлі

Лау тартқан осы отарба,

лық толған жырдың жараны.

Намазға бірге ұйытқан

Ноғаймен достық заманы.

Асан қайғы мен Қазтуған –

арайы аздау таң әлі.

Шалкиіз бенен Доспамбет –

шағыл даланы самалы.

Бұқар жырау мен Шал ақын –

бәрі де бастас, дара-ды.

Марғасқалардың сарқыты –

Махамбет – елдің қамалы.

Ұмытпақ емес ұлтымыз, –

Ұлы Абайдайын дананы.

Мерт болған марғау елі үшін

Мағжанның кімге обалы?

Мұқағали де мінеліп,

мұз қат қалған қабағы.

Құрдасым менің – Кеңшілік,

қас талант еді-ау о-дағы…

Тамбурда тұрмын мына мен –

талай ақынның адалы.

Болғаныменен жырға бай,

Баянсыз пұлға сараңы.

Аяқ астында: жаз – жаңбыр,

алты ай қыста – бораны.

Ынтық қылады сонда да, –

ырғағы алуан жол әні.

Болғандай өлең бақ құсың, –

басыңа келіп қонады.

Қаламың аттай желеді,

көздерің оттай жанады.

Ормандай оқшау купеңіз

арман да болмай қалады.

Мұржасы тектес пойыздың

мүштігін қолға алады.

Пештей түтін будақтап,

пойыз да, ол да шабады.

Шылымнан-дағы күш алар

шығармашылық адамы.

… Тамбурда тынбас, меніңше,

тірліктің тоқсан тарауы.

Ажал айдайды

Адамды ажал айдайды:

Аяғын жіпсіз байлайды.

Жер баспай, көкке кетсең де,

жаныңды алмай қоймайды.

Бір айдаушысы, қандысы,

бір үйір аттық бар күші;

болса мерт оған мінгендер,

борайтын қардай қарғысы, –

автомобиль – ару көлігің,

ауыздықтатпас желігің.

Жарақсыз және қалқансыз

Жорыққа тартар сені мың.

Жорықтың аты – жол-сапар,

жас, кәрің – бәрін аңсатар.

Сұр жылан түстес тас жолың –

созылған майдан сонша тар…

Жауымыз біздің – соққан жел,

жарыссақ, етпес мақтан ел.

Жел деген – көлік көзкөрім,

өз, мейлі, қай жақтан кел…

Пендеге аз ба алда сын?

Періште болмай жолдасың,

доңғалақ емес, дариға-ай,

домалап басың қалмасын.

Түсіне тұра мұны біз,

тежеусіз, тойтаң, сіріміз.

Басамыз қоян қуғандай

Бірімізді кеп біріміз.

Бағамдау үшін ендеше

бойына жолды жерлесе, –

қалмас та еді қарыс жер,

қазылып онда көр неше…

Болғанда найза таяғы,

бабалар біздің баяғы

көрмепті мұнша өлімді.

Кіл апат жоқ бас-аяғы.

Қалықтап көкке ұша алмай,

қара жеріне де түсе алмай,

күре жолдарда ұшып жүр, –

көп аруақтар нысандай…

Автомобиль

Сылаңдайтын көлік… Иә, сол ыңғайлы,

бұлаңдайтын баршаға болып жайлы.

Жұп-жұмыр боп жұтынған пәле, әттең,

шып-шымыр ғып жазайын анық жайды.

Өліміне бір себеп жол апаты,

көңіліне талайдың салып қайғы.

Тас жолдарың – ажалың сені аңдыған,

жас, шал – бәрі даурығып, соны ұқпайды.

Өлді талай адамдар жиі апаттан,

енді қалай көңілің торықпайды?!

Қан майданға ұқсайды түнгі жолдар,

Қандай жан, ә?! Дәл бұдан қорықпайды?!

Түнеріп я жарқырап тосады ажал,

түнде жолда не пәле жолықпайды?!

Ал көліктің рөлі глобустай,

Бағытыңды алдағы анықтайды.

Төрт доңғалақ – құлаған тау тастары,

тіршілігің – жатқан бір жорық, бәйгі.

Нәті темір көліктің жаны сірі, –

ат сияқты титықтап, зорықпайды.

Күндіз түгіл, түнде де зуылдайды,

аспандағы шамы етіп көрікті Айды.

Көктегі емес, жердегі ұшақ дерсің,

көзді арбайды қазіргі көлік сайлы.

“Жигули” жоқ, шетінен – “Лексус”, “Камри”,

жол үстінде құстардай қалықтайды.

Соншама көп сатушы, алушы да,

сондықтан да бағасы шарықтайды.

Құнын беріп бір үйдің алар едім,

Жылы қабақ үй ішім танытпайды.

Бүкіл ақын емес қой Жаяу Мұса,

болайын ба “Камримен” халыққа әйгі?

Елп ететін мен бірақ жаста емеспін,

кәрі көңіл қақпасын құлыптайды.

Қартайғанда жан тәтті оған қоса,

күре жолда неге ажал жуықтайды?

Өлім емес, адамға өмір қымбат, –

өз дәуренін ешкім де ұмытпайды.

Қия беттен төрт тасты домалатпай,

қанағат та қылушы ек арық тайды..!

Соқа

Келгенде көктем күлімдеп,

кетеді дала дүбірлеп, –

танапқа түрен түседі,

таспадай жерді тілімдеп.

Мені бір соқа сүйсінтер, –

мұзжарғыштай дүрілдеп,

арнасын дәннің ашады,

атқанша таңың сібірлеп.

Өзгерер емес сол соқа,

өңеш созсақ та ғылым, деп.

Ал бағзы ойға оралса,

айтатын, әттең, мұңым көп.

Қан шеңгел салған қу соғыс

қиямет болды-ау қырын кеп.

Жегілді сиыр соқаға,

жауыры түскір іріңдеп

Бас жіпте – әйел, жас бала,

болсайшы, шіркін, бірінде еп?!

Балалар қамшы жейтұғын

басқарма келсе дігірлеп.

Әкелері де жоқ әз тұтқан,

әйгілер еді-ау: “Ұлым” деп.

Өгіздерге аты берілген

өңкей әйелге “Гүлім” деп

тамсанар жұбайларының

тілеуін тілейд күбірлеп.

Сол аналардың ерлігі

сан жылдар өте білінбек.

Өгіздер болса Джиптей ед,

өтеусіз жарлық шұғыл кеп;

қаншасын етке өткізді,

қызығын көрді шыбын жеп.

Трактор, тіркеп соқаңды,

тарта бер күйді гүрілдеп.

…Қос доңғалағынан соқаның

құрастырған кіл жүгірмек.

Зілтемірді сол күллі ауыл

көтере алмап ед дірілдеп …

Трактор

1.

Жер менен көкті тел еміп,

жүзімізді, беу, жел өбіп,

жазирамызға мал толы,

жай ғана жатқан ел едік.

Оңаша, тыныш көшелер,

ойнадық асық әредік.

Негізгі көлік – шана, арба,

не кетіп жаттық, не келіп …

Тыныштық осы бұзылды-ау,

тоң-торыс жатқан тоңы еріп,

тракторды алғаш көргенде

тіксінді талай боркемік.

“Бісмілла”, – деді үлкендер,

баладай қалмай зәре-құт.

Табаны қашау неме екен,

тұлпарға оны теңедік.

Өмірде тозбас не бар ед, –

темір де жатты көнеріп:

дарылдақ НАТИ ұмыт боп,

“ДТ”-ға тиді төрелік.

Жүйрігі болып “Беларусь”,

жылқыға салдық өре жіп.

Ол кезде одан жоқ асқан,

ойға да, қырға жөнедік.

“Бұл күнге бірақ жете алмай,

бір тарлан қайтты” демедік.

Даланың қарын тоқтатып,

“ДТ”-да жүрді көгеріп.

Жазғанға суық өтіп еді,

жаны жай тапты ол … өліп.

Боздағы тыңнан соң ғана

бұл еңбек жатты еленіп.

Трактор қазір – Джиптей,

тамсантар, көрсең бөгеліп.

Компьютерлендірілген көк темір

көтерер тау-төбе жүк.

Кірпіші нан ғой дүниенің,

келеміз дәнді мол егіп.

Мұзжарғышындай малдың да,

мызғымас далам желегі ық.

Қоңырауысың ғой сен қырдың,

қарық болсыншы ел кенеліп.

Тек тізгін бермей жүр “Холланд” –

тақымға толар тәбәрік.

2.

Өткен ғасыр. Алпысыншы жылдар-ды.

…Жылқы қалып, “Беларусің” жүлде алды.

Жарты ауылың арбасына сияды,

жол талғамас және сондай жылдам-ды.

Теңіздегі кемедей боп көрінді,

тізгіндеген жерлестерім кіл нар-ды.

Мамықтай ед, беу, жамбасқа басқан шөп,

махаббат та, бәлкім, сонда бүр жарды?

Төңірекке түгел табан тигізді,

тиеп алып топ-топ қыз бен ұлдарды.

Кешке –концерт, күндіз болса – доп-дода,

күн-түн демей өнеріміз шыңдалды.

“Беларусьте” басталды еңбек жолымыз, –

біздің қырға жүз мәрте емес, мың барды.

Темір арба тәрізді еді Күлтөбе, –

тоғыстырды момынды да ділмарды.

Егде қауым батаға не тойға аттанды,

елең қылмай ыстық, суық, ылғалды.

Қыста отырдық шанасына ДТ-ның,

қарлы дала көк долыдай тұлданды.

Айдалада қарға асылып қалғанда

аяп кеттім тракторшы мұндарды.

Жіпсіп жүріп соқпаған бір бағанды

жерге түссе, құлап, үсті былғанды.

Пайда болып кейінірек “Кировец”,

піл сияқты пәрменімен ырғалды.

Түнде тасып отын-шөбін шаруаның

тракторшы арақ таңдап бұлданды.

Заманға сай тракторлар таудай боп,

зорайса егер доңғалағы, бұл заңды.

Осындай да елде көлік болғанын

ойлағанда көңілімде мұң қалды.

Пойыз

Икемсіздеу ирелеңдеп келеді.

Рас, жылдам-ақ: шапқан аттай желеді.

Домбыраның қос ішегіндей рельсі,

доңғалақтар темір әуен төгеді.

Туы – түтін және ұшқын шашырап,

терезеңе отшашудай төнеді.

Темір емес, резеңке ме дерсің-ау, –

тоқтап қалса – іші тола береді.

Ентелеген жолаушылар аз емес, –

еркек те бар, әйел де көп әдемі.

Бар екен ғой түрлі-түрлі адамдар,

Болғанменен келісті бет-бәдені.

Сиыр құсап жалмаңдаған көбісі,

сөмкелерге сықай толған қорегі.

Жайғасты ма өз орнына, жоқ па әлде,

жеу де ішу – енді олардың бар “емі”.

Күллі состав сөмкеге қол салғанда

көзге елестер “Азық-түлік әлемі”.

Пойызыңды жүнді құртқа теңесем,

пенде, шіркін, жымиса да сенеді.

Тарс-тұрс етіп, доңғалақтар, дүрсілде,

Темір әуен – жолаушыға керегі.

Жолдан шығып кете көрме, “жүнді құрт”,

жығылсаң сен, қанша ғұмыр сөнеді?!..

Болат ҚОЖАХМЕТОВ,

ақын.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp