«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУДІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік және жергілікті мемлекеттік басқару функцияларын іске асыру бойынша мемлекеттік билік органдары мен лауазымды тұлғаларға қатысты қабылданатын әкімшілік-құқықтық құжаттар – мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының нұсқамалары. Еліміздің Кәсіпкерлік кодексінің 87-бабына сәйкес, тексерілетін субъектілер қызметінің белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан байқауды және тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бақылау және қадағалау органдарына жатқызылады. Кодекстің 13-тарауында мемлекеттік бақылау мен қадағалау субъектісіне бақылауды ұйымдастыру және жүргізу тәртібі қарастырылған.

Бақылау шаралары екі түрге бөлiнедi. Ішкі түрі 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекспен реттеледі. Сыртқы бақылау Кәсіпкерлік кодекспен айқындалады. Сонымен қатар тексерулерді жүргізу, ұзарту, тоқтата тұру, қайта бастау, бақылау актілерін рәсімдеу тәртібінің өз ерекшеліктері бар. Мәселен, ол мемлекеттік кірістер органдары үшін Салық кодексімен, кеден органдарына “Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы” кодекспен, бәсекелестікті қорғау саласындағы мекемелерге Кәсіпкерлік кодекстің 20-тарауымен айқындалады.

Сыртқы бақылау нәтижелерi бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасы бұзылған жағдайда мемлекеттiк органдар өз құзыретi шегiнде әкiмшiлiк, тәртiптiк iс қозғайды не тиiстi талап қою арыздарына бастамашылық жасайды. Сондай-ақ еліміздің заңдарында көзделген өзге де шараларды қолдана отырып, іс барысында расталған кемшіліктерді жою туралы нұсқама қабылдаулары мүмкін. Ал анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың орындалуы жөніндегі ақпарат ұсынылмаса, Кәсіпкерлік кодекстің 144-бабы 5-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес жоспардан тыс тексеру тағайындауға құқылы. Бақылау мен қадағалау субъектісі анықталған олқылықтарды жою туралы ұсынылған ақпаратқа оны жою фактісін дәлелдейтін материалдар ұсынса, жоспардан тыс тексеру жүргізу талап етілмейді. Құзырлы орган ұсынылған ақпаратты өзі зерделеп, оған баға беріп, тиісті шешім қабылдайды, яғни мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына бақылауды жүзеге асыру сатыларына да бақылау мүмкіндігі берілген, олар құқықтық әсер ету механизмінде жауапты рөл атқарады.

Сот тәжірибесінде жиі кездесетін мысалдардың бірі – құрылыс қызметін жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдар мен жеке және заңды тұлғалардың арасында туындайтын қатынастар. Сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы жоғарыда зерделенген тәртіппен және Кәсіпкерлік кодексінің талаптары бойынша жүзеге асырылады.

Аталған сала бойынша мемлекеттік бақылау құрылыс сапасы жаңадан салынып жатқан ғимараттар мен үйлерге, оларды пайдаланатын адамдарға тікелей қатысы бар маңызды көрсеткіш болып табылады. Азаматтық қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізу процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейтін әрі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарының алдын алуға және оларды жоюға, өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған мекеме-ұйымдарда да осы тәртіппен белгіленеді. “Азаматтық қорғау туралы” заңның 38-бабының 4-тармағына сәйкес, өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау Кәсіпкерлік кодексі негізінде бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы жүзеге асырылады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының үшінші бөлігінің санкциясына орай жеке тұлғаларға бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл көзделген. Лауазымды адамдарға он бес, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл қарастырылған. Рұқсаттың қолданылуын, қызметті немесе жекелеген қызмет түрлерін тоқтатуға да қосымша жаза түрі қолданылады.

Мемлекеттік басқару саласында қабылданған нұсқамалар қоғамда жаңа құқықтық салдардың пайда болуына ықпал етуі ықтимал. Ондай кезде міндетті түрде орындалуға жатады, яғни мемлекет тарапынан бақылауға алынған субъектіде құжатты орындау туралы міндет пайда болады. Нұсқаманы орындамаса, мемлекеттік мәжбүрлеу шаралары қолданылады. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабымен реттеледі. Екіншіден, анықталған олқылықтарды жою туралы нұсқаманың орындалуы жөніндегі ақпарат ұсынылмаған жағдайда, жоспардан тыс тексеру тағайындалуы мүмкін. Мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары арқылы қабылданған нұсқамалар нормативтік емес құқықтық актілерге жатқызылады. Яғни олар уәкілетті органның жазбаша не өз құзыреті шегінде қабылданатын, жеке айқындалған тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім болып табылады.

Қандай да болмасын қоғамдағы қалыптасқан қатынастарды мемлекет тарапынан реттеудің маңызы зор. Осы себепті адамдардың өмірі мен денсаулығының, қоршаған ортаның қауіпсіздігін, мемлекеттік мүлік мүдделерін қорғауды қамтамасыз ете отырып, құқықтық мемлекеттің негізін құрайды. Әсіресе кәсіпкерлікке бақылау жүргізу барысында мемлекеттік реттеудің міндеттерін сақтау экономиканың дамуына ықпал етеді. Ал кәсіпкерлер заң нормаларын, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауды, қоршаған ортаны қорғауды, ұлттық экономикаға инвестициялар тартуды ынталандыратын реттеуші ортаны және инновациялық қызметке қолайлы экожүйе қалыптастыруды, адал бәсекелестікті дамытуға жағдайлар жасауды, кәсіпкерлердің іскерлік беделіне негізделген бизнестің адал, әдепті жүргізілуін ынталандыруды және өзін-өзі реттеуді дамытуға талпынады.

Дархан БЕЙІСОВ,

облыстық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соттың судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp