«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ысырапта жақсылық жоқ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ысырап” сөзінің мағынасы керек-жарағыңды, дүние-мүлкіңді, орынсыз шашу, артық шығынға жол беру, мөлшерден артық ішіп-жеу, уақытыңды дұрыс қолданбау, Алла Тағаланың сыйлаған әрбір нығметін өз орнымен пайдаланбау дегенді білдіреді. Ысырапшыл адам берілген нығметке қанағатсыздық танытып, тек іше берсем, жей берсем, үсті-үстіне бола берсе деп ойлайды.

Адам баласы өзіне берілген нығ­метті қалауынша тұтынуына болады, бірақ ысырап жасамауы қажет. Алла Тағала қасиетті Құранда: “Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап қылмаңдар. Шындығында Алла ысырап етушілер­ді жақсы көрмейді”, – деген (“Ағраф” сүресі 31 аят).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде: “Жеңдер, ішіңдер, са­дақа беріңдер және киініңдер. Бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер”, – дейді. “Судың да сұрауы бар” дейтін ата-бабаларымыз әр­дайым ұрпағын үнемшілдікке үйретіп, ысыраптан сақтандырып отыр­ған. Мысалы, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы “Шаруа мен Ысырап ” атты өлеңінде:

Қайтер еді жігіттер,

Тым қымбатты кимесек.

Мақтан үшін борышты

Үсті-үстіне үймесек, – деп ысы­рапшылыққа салынбай, үнемді болу­ға шақырған.

Ысыраптың тағы бір түрі қасиетті Құранда “әт-тәбзир” деп ата­лады. Ысырап тиісті болған дү­ниеден артығын жұмсау болса, ал “әт-тәбзир” рұқсат етілмеген дүниеге мал сарп етуді айтады. Алла Тағала қа­сиетті Құранда ысыраптың бұл түрін: “Сөзсіз орынсыз мал сарп қыл­ғандар шайтанға бауыр. Ал шайтан болса, Раббысына тым күпірлік ету­ші”, – деп айтқан (“Исра” сүресі 27-аят). Арақ, құмар ойын, зинақорлық сынды күнәлі іске жұмсалған қаражат ысы­раптың осы түріне жатады.

Ислам ғалымдарының көзқарасы бойынша, Алла үшін жұмсалған дәу­лет ысырапқа жатпайды. Ибн Ғашур (Алла рахымына алсын): “Ысырап­қорлықта жақсылық жоқ, жақсылыққа жұмсалған затта ысырапқорлық жоқ”, – дейді. Туған-туысымызға, міскінге, кедейлерге, сапарға шығып, жолда қал­ғандарға қанша қайырымдылық көрсетсек те, ысырапқа жатқызыл­майды. Ондай адам жақсылық іс жа­саған болып, сауапқа кенеледі. Ал жеке мүдде үшін қаражатты орынсыз шашу – ысырап.

Көбіне ысырапшыл адам өзінің күнә жасап жүргенін білмей, жасаған ісіне сүйсініп, осылайша шайтанның алдауы мен арбауына түсіп қалады. Алла Тағала Құран кәрімде олардың бұл амалдарын сипаттап: “Солайша шектен шығушыларға (ысырап етуші­лер­ге) істеген істері көркем көрсеті­леді”, – деп айтқан. (“Жүніс” сүресі, 12 аят).

Хазреті Омар ибн Хаттаб (Алла оны рақымына алсын): “Адам өзінің нәпсісі қалаған затты алып жей беруі, оның ысырапқор болу үшін жеткі­лікті”, – деген.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: “Адам баласы әр уақытта асқазанынан өткен жаман ыдысты толтырған емес. Негізінде, адам баласына белін түзеп, әлденуі үшін аз ғана дәм-тұз (азық) жеткілікті. Егер міндетті түрде ішіп-жеуі керек болса, (асқазанының) үште бірін тамаққа, үште бірін суға, үште бірін ауаға арнасын”, – деуі арқылы бізді жеп-ішуде ысырапқорлыққа түсуден тыйған (имам Тирмизи).

Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда ішіп-жеудің нормасы сақталмай, ысырапқа жол берілуде. Мысалы, ар­тық тамақтардың төгілуі, нан қалдық­тарының қоқысқа тасталуы, суды орынсыз ағызып қою т.б. Мұнымен қоса той-томалақта шамасына қара­мастан өзгеден құр қалмайын деп, ысырапқа жол беріп шашылатыны­мыз тағы бар. Айналамызда күнде­лікті күнкөріске зар болып жүргендер қаншама? Мүминдер үшін табақтағы соңғы асты ысырап етпей сүннет жолы деп, бітіріп тауысып жеу – әдеп­тіліктің көрінісі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі бол­сын) дәрет алу кезінде артық суды қол­данудың өзін ысырапқа жатқызған. Сондықтан әрбір ісімізді ойлап, ысырапқа жол бермеуге тырысайық.

Негізінде адам баласы киім киюге мұқтаж. Киімсіз жүру мүмкін емес. Ол – Алланың пендесіне берген сансыз нығметтерінің бірі. Өйткені Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) “Шынында Алла Таға­ла өзінің нығметтерінің белгісін құлы­ның бойынан көргенді ұнатады”, – де­ген (имам Тирмизи). Демек таза әрі жарасымды киінген құлын Алла Таға­ла жақсы көреді. Бірақ адамдарға көр­сету мақсатында немесе мақтану ние­тімен менмендікке салыну құп кө­рілмейді. Киімі бола тұрып бірінің үстіне бірін алып жатса, ол – ысырап. Одан сақтанғанымыз дұрыс.

Ислам діні уақыт мәселесіне қат­ты көңіл бөлген. Өйткені уақыттың ала­тын орны ерекше. Сол себептен Құран Кәрімнің көптеген аяттарында уақытпен санасуымыз керектігі ай­тыл­ған. Уақыттың маңыздылығы сон­ша – Жаратушы иеміз Құранның “Фәжр”, “Духа”, “Аср”, “Ләйл” секілді сүрелерінде уақытқа серт ет­кен. Алла Тағала: “Заманға серт. Не­гі­зінен, адам баласы зиян шегуде”, – дейді (“Аср” сүресі,1-2 аяттар). Яғни уақытпен серт етіп, сол уақыттың ішінде адамзаттың қасіретте болаты­нын айтқан. Ал сол қасіреттен арылуы­мыз үшін ең бастысы әрбір сағат, күн, ай, жылымызда игі істердің көп жасалуына көңіл бөліп, уақытты бе­кер өткізіп алудан сақтануымыз керек. Уақыттың жауы теледидардан керек­сіз телесериал көру, интернетте ермек­пен отыру, бос сөзге ұрыну, көп ұй­қыға берілу.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Адам­дардың көпшілігі қадір-қасиетін біле бермейтін екі нығмет бар: біріншісі денсаулық, екіншісі – бос уақыт”, – деп айтқан (имам Бұқари).

Адам баласы Алланың құлына өл­шеп берген өмірін, алтындай уақытын өзіне және қоршаған ортасына пай­дасы тиетін амалмен өткізуі тиіс. Өйт­кені уақыттың қас қағым сәтте өте шы­ғатыны бәрімізге белгілі. Уақыттың қадір-қасиетін біліп, оны тиімді қол­данған даналарымыз, ғалымдары­мыз аз емес.

Хакім Абай:

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпты тұра алмасқа.

Адамды сүй, Алланын хикметін сез,

Не қызық бар өмірде одан басқа?! – деп, бұл өмірдің мәңгі еместігін, бір қалыпта тұрмайтындығын, уақыттың зымырап өтетінін ескертіп, адамды сүйіп Жаратқан Алланың хикметін се­зініп, дұрыс өмір сүру керектігін айт­қан. Сонда ғана өлшеулі өмірдің мәні ашылмақ.

Мұсылман адам әрбір ісінде орта жолды ұстанғаны дұрыс. Жаратушы­мыздың көрсеткен шариғатынан асып кетпей, сонымен қатар парыз етіп бұйырған әмірін кем-кетіксіз орындау қажет. Дүниені де орынсыз сарп ет­пей, сараңдыққа да салынып кетпей, орнымен жұмсай білуі тиіс. “Фурқан” сүресінің 67 аятында Алла Тағала біз­ді осыған шақырып, былай деген: “Олар мал сарп еткенде ысырап жа­са­майды, сараңдық та етпейді, орта­сында болады”.

Тағы бір аятта: “Қолыңды мүлде мойныңа байлаулы қылма да бүтін­дей ашпа (өте сараң да, тым дарақы да болма)”, – дейді (“Исра” сүресі, 29 аят). Ендеше Алла Тағаланың берген әрбір нығметіне шүкірлік етіп, оны ба­ғалап, орынсыз жұмсаудан сақта­найық. Алла Тағала Құран Кәрімде: “Сол күні (дүниеде берілген) әр нығ­меттен, әлбетте, сұраққа тартыла­сың­дар”, – деп ескерткен. (“Тәкәсур” сүресі, 8 аят). Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

“Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, алған білімін не істегендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсаған­дығы және тәнін қандай жолда жүріп тоздырғандығы жайлы есепке тар­тыл­майынша бір адым да аттай алмайды”, – деп, қияметте әрбір ісіміз үшін сұралатынымызды баяндаған. (имам Тирмизи).

Алла Тағаланың бізге берген әр нығ­метінің қадір-қасиетін біліп, ысы­рапқорлықтан сақтанып, қияметте Жа­ратушымыздың мейіріміне кенелуі­мізді нәсіп еткей!

Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,

“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp