Қазақ боксы әлемге мәлім. Соңғы кездері жігіттермен бірге қыздарымыз да халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүр. Олимпиада жүлдегері атанған бұрымдыларымыз да бар. Қазақстан чемпионаты – жүзден жүйріктерді анықтайтын маңызды жарыс. Жақында Петропавлға еліміздің мықты деген былғары қолғап шеберлері жиналып, өзара мықтыны анықтады. Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған жерлесіміз Наталья Богданова өз салмағында қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырына көтерілді. Күрзі жұдырықты қызымызбен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.
– Наталья, жеңісің құтты болсын! Алғашқы сұрағым келгені – нағыз ерлердің спорты саналатын боксқа қалай келдің?
– Шынымды айтайын, боксшы боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Алғашында жеңіл атлетикамен айналыстым. Себебі әкем осы спорт түрінен жаттықтырушы болған соң ізін басуды жөн көрдім. Нәтижелерім де жақсы болды. Бос уақытта басқа секцияларда балалар қалай дайындалып жатқанын қарайтынмын. Соның ішінде боксқа қызыға бастадым. Ұлдардың спарингтерін тамашаладым, кейін теледидардан танымал былғары қолғап шеберлерінің жекпе-жектерін көре бастадым. Ойлана келе бокспен айналыспаққа бел будым. Осыдан төрт жыл бұрын бокс секциясына жазылдым. Әрине, бастапқыда қиын болды. Техниканы игеру үшін біраз тер төктім. Бірінші бапкерім менен чемпион шықпайды деп ойлады-ау деймін, аса елей қоймады. Тіпті жарты жылдай боксты тастап кеттім. Кейін достарым мені қолдап, басқа жаттықтырушыға барып көру туралы кеңес берді. Осылайша тағдыр мені қазіргі бапкерім Дастан Бауыржанұлымен жолықтырды.
– Дастан Қабденов қандай маман?
– Дастан Бауыржанұлы өте талапшыл маман, керек кезде қолдау көрсете біледі. Маған бокстың әліппесінен бастап үйретті деуге әбден болады. Техникамды шыңдап, үлкен жарыстарға алып шықты. Алғаш рет облыстық біріншілікте чемпион атанғаным әлі есімде. Бұл – мен бағындырған бірінші белесім еді.
– Білуімізше, бокстан бөлек кикбоксингпен де қатар айналысады екенсің. Бұл спорттан бағындырған белестерің жайлы айтып берсең.
– Иә, алғашында бокс пен кикбоксингті қатар алып жүрдім. Екі спорт түрі бір-біріне ұқсайды ғой. Тек кикбоксингте аяқпен тебуге болады. Кикбоксингтен әлем чемпионатына да қатыстым, халықаралық жарыстарда топ жардым. Небәрі үш жылдың ішінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындадым. Дүниежүзілік біріншілікте жеңімпаз атандым. Бірақ мен үшін нөмір бірінші спорт түрі ол – бокс. Бокс – менің өмірім десем де болады.
– Ал бокстағы ең үлкен жетістігің қайсы?
– 2021 жылы облысымыздың атынан Қазақстан чемпионатында бағымды сынадым. Бірден қола жүлдегер атандым. Өткен жылдың желтоқсан айында Қостанайда күміс медаль еншіледім. Осыдан екі ай бұрын ұлттық құрама сапында Венгрияға барып, халықаралық жарыста 66 килограмм салмақ дәрежесінде бірінші орынды иелендім. Ең үлкен жетістіктерім – осылар.
– Спортшылардың көбі жарыс қарсаңында салмақ қуатыны белгілі. Сен артық салмақпен қалай күресесің?
– Менде бұл тұрғыдан ешқандай мәселе жоқ. Өзімнің таза салмағым 66 килограмм. Сондықтан мен ешқашан салмақ қуған жоқпын. Жалпы бокспен айналысып бастағаннан бері осы салмақ дәрежесінде жұдырықтасып жүрмін.
– Елімізде әйелдер боксында бәскелестік жоғары екені белгілі. Әсіресе ұлттық құрама сапына өту қиын. Сенің салмағыңда, яғни 66 килограмда, Олимпиада жүлдегері Дариға Шәкімова, әлем чемпионатының жүлдегері Надежда Рябец бар. Басқа салмаққа ауысу ойыңда жоқ па?
– Шынында да, ұлттық құрамаға ілігу оңай емес. Бір кездері елімізде Дариға Шәкімоваға тең келер ешкім болмады. Кейін қостанайлық Надежда Рябец командада бірінші нөмірлі боксшы атанды. 2022 жылы Қостанайда өткен ел чемпионатында финалда Надеждамен жұдырықтастым. Өкінішке қарай, төрешілер қарсыластың қолын көтерді. Бірақ мен бұл жекпе-жекте жеңілген жоқпын деп есептеймін. Бапкерім де, жекпе-жекті теледидардан көрген барлық мамандар да соны айтты. Осы жолы сол кеткен есені қайтардым деп ойлаймын.
Жалпы мен ұлттық құрама сапына 2021 жылы іліктім. Сол уақыттан бері халықаралық жарыстарға қатысып жүрмін. Әзірге әлем чемпионаттары мен кубогтарында, құрлықтық додаларда бағымды сынап көрген жоқпын. Алдағы уақытта сәті түсетін шығар.
– Жақында Петропавл төрінде бокстан VI жазғы республикалық спартакиада өтіп, жеңімпаз атандың. Осы жарыс жайлы айтып берші.
– Ел чемпионатының орнына өткен спартакиадаға Қазақстанның үздік боксшылары келді. Бұл жарыста Азия ойындарына қатысатын спортшылардың есімдері анықталды. Біздің өңірден командаласым Мәдина Бауыржан екеуіміз ғана жұдырықтастық. Өкінішке қарай, Мәдинаның жолы болмады. Ал мен жеребе бойынша жарысты жартылай финалдан бастадым. Бірінші жекпе-жекте қарағандылық София Сафронованы жеңдім, ал екінші жартылай финалда Надежда Рябец пен Дариға Шәкімова кездесті. Қостанайда кеткен есемді қайтару үшін Надежданың жеңіп, финалға шыққанын қаладым.
– Финал қалай өтті?
– Бапкерім жекпе-жектегі айла-тәсілдеріме сәл өзгеріс енгізіп, қорғанысқа басымдық беру қажеттігін айтты. Дәл соққыларды бағыттап, кейін шегініп отырдым. Қалайда Азия ойындарына жолдама ұтып алу қажет болды. Мақсатым орындалды. Надежда – Олимпиада ойындарының қатысушысы, жартылай финалда ұлттық құрамадағы негізгі қарсыласы Дариға Шәкімованы жеңді. Бірақ мен өзімнің мықты екенімді дәлелдедім.
– Азия ойындарына дайындықты қашан бастайсыңдар?
– Ұлттық құрама маусымның 1-і күні Түркияда оқу-жаттығу жиынын бастайды. Сол елде екі апта дайындаламыз. Кейін Қазақстанға оралып, әр спортшы өзінің жеке бапкерімен жаттығады.
Азия ойындарында Парижде өтетін Олимпиада жолдамасы сарапқа салынады. Кем дегенде, қола медаль алған спортшы төрт жылда бір рет өтетін жаһандық додаға қатыса алады. Сондықтан Қытайда қыркүйектің 28-і мен қазанның 8-і күндері аралығында өтетін жарыстың бәсі жоғары.
– Кәсіпқой боксқа ауысу туралы ойланған жоқсың ба?
– Проуметрлерден кәсіпқой боксқа ауысу туралы ұсыныстар келіп түсуде. Менің ойымша, әлі ертелеу. Алдымен әуесқойлар арасында бағындырғым келген белестер бар. Азия ойындарында жеңіске жетіп, кейін Олимпиада жүлдегері атансам деген арманым бар. Бірақ кәсіпқой боксшылардың жекпе-жектерін қызыға тамашалаймын.
Сұхбаттасқан
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.