Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі еліміздің жаңа саяси-әкімшілік картасын таныстырды.
Жоба ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа облыстар құру туралы Жарлығын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылды. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 3 мамырында республикада Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары құрылған болатын. Қазақстанның саяси-әкімшілік картасы да Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының жаңа шекаралары, сондай-ақ жаңадан құрылған облыстардың қалай орналасқаны көрсетілген.
Осылайша министрлік масштабы 1:1500000 болатын еліміздің саяси-әкімшілік картасын, масштабы 1:1000000 болатын Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының карталарын жаңарып, Ұлытау, Абай, Жетісу облыстарының карталарын жасады. Сонымен қатар масштабы 1:25000 болатын Қарағанды, Семей, Өскемен қалаларының жоспар-схемаларын, масштабы 1:10000 болатын Жезқазған, Қонаев, Талдықорған қалаларының жоспар-схемаларын әзірледі.
Жаңа карталар барлық мемлекеттік органдарға берілді. Сонымен қатар карталарға жеке және заңды тұлғалар да қол жеткізе алады. Ол үшін “Геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілеріне жоспарланып отырған жұмыс учаскелерінде жергілікті жерлердің геодезиялық және картографиялық жағынан зерделенгендігі туралы тиісті мәліметтер беру” мемлекеттік қызметін таңдап, Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығына өтінім беру қажет. Барлық картаны визуалды түрде “nkgf.kz”. сайтынан көруге болады.
Әсет ҚАНАФИН.