“Ысырап” сөзінің мағынасы керек-жарағыңды, дүние-мүлкіңді, орынсыз шашу, артық шығынға жол беру, мөлшерден артық ішіп-жеу, уақытыңды дұрыс қолданбау, Алла Тағаланың сыйлаған әрбір нығметін өз орнымен пайдаланбау дегенді білдіреді. Ысырапшыл адам берілген нығметке қанағатсыздық танытып, тек іше берсем, жей берсем, үсті-үстіне бола берсе деп ойлайды.
Адам баласы өзіне берілген нығметті қалауынша тұтынуына болады, бірақ ысырап жасамауы қажет. Алла Тағала қасиетті Құранда: “Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап қылмаңдар. Шындығында Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді”, – деген (“Ағраф” сүресі 31 аят).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде: “Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киініңдер. Бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер”, – дейді. “Судың да сұрауы бар” дейтін ата-бабаларымыз әрдайым ұрпағын үнемшілдікке үйретіп, ысыраптан сақтандырып отырған. Мысалы, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы “Шаруа мен Ысырап ” атты өлеңінде:
Қайтер еді жігіттер,
Тым қымбатты кимесек.
Мақтан үшін борышты
Үсті-үстіне үймесек, – деп ысырапшылыққа салынбай, үнемді болуға шақырған.
Ысыраптың тағы бір түрі қасиетті Құранда “әт-тәбзир” деп аталады. Ысырап тиісті болған дүниеден артығын жұмсау болса, ал “әт-тәбзир” рұқсат етілмеген дүниеге мал сарп етуді айтады. Алла Тағала қасиетті Құранда ысыраптың бұл түрін: “Сөзсіз орынсыз мал сарп қылғандар шайтанға бауыр. Ал шайтан болса, Раббысына тым күпірлік етуші”, – деп айтқан (“Исра” сүресі 27-аят). Арақ, құмар ойын, зинақорлық сынды күнәлі іске жұмсалған қаражат ысыраптың осы түріне жатады.
Ислам ғалымдарының көзқарасы бойынша, Алла үшін жұмсалған дәулет ысырапқа жатпайды. Ибн Ғашур (Алла рахымына алсын): “Ысырапқорлықта жақсылық жоқ, жақсылыққа жұмсалған затта ысырапқорлық жоқ”, – дейді. Туған-туысымызға, міскінге, кедейлерге, сапарға шығып, жолда қалғандарға қанша қайырымдылық көрсетсек те, ысырапқа жатқызылмайды. Ондай адам жақсылық іс жасаған болып, сауапқа кенеледі. Ал жеке мүдде үшін қаражатты орынсыз шашу – ысырап.
Көбіне ысырапшыл адам өзінің күнә жасап жүргенін білмей, жасаған ісіне сүйсініп, осылайша шайтанның алдауы мен арбауына түсіп қалады. Алла Тағала Құран кәрімде олардың бұл амалдарын сипаттап: “Солайша шектен шығушыларға (ысырап етушілерге) істеген істері көркем көрсетіледі”, – деп айтқан. (“Жүніс” сүресі, 12 аят).
Хазреті Омар ибн Хаттаб (Алла оны рақымына алсын): “Адам өзінің нәпсісі қалаған затты алып жей беруі, оның ысырапқор болу үшін жеткілікті”, – деген.
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: “Адам баласы әр уақытта асқазанынан өткен жаман ыдысты толтырған емес. Негізінде, адам баласына белін түзеп, әлденуі үшін аз ғана дәм-тұз (азық) жеткілікті. Егер міндетті түрде ішіп-жеуі керек болса, (асқазанының) үште бірін тамаққа, үште бірін суға, үште бірін ауаға арнасын”, – деуі арқылы бізді жеп-ішуде ысырапқорлыққа түсуден тыйған (имам Тирмизи).
Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда ішіп-жеудің нормасы сақталмай, ысырапқа жол берілуде. Мысалы, артық тамақтардың төгілуі, нан қалдықтарының қоқысқа тасталуы, суды орынсыз ағызып қою т.б. Мұнымен қоса той-томалақта шамасына қарамастан өзгеден құр қалмайын деп, ысырапқа жол беріп шашылатынымыз тағы бар. Айналамызда күнделікті күнкөріске зар болып жүргендер қаншама? Мүминдер үшін табақтағы соңғы асты ысырап етпей сүннет жолы деп, бітіріп тауысып жеу – әдептіліктің көрінісі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәрет алу кезінде артық суды қолданудың өзін ысырапқа жатқызған. Сондықтан әрбір ісімізді ойлап, ысырапқа жол бермеуге тырысайық.
Негізінде адам баласы киім киюге мұқтаж. Киімсіз жүру мүмкін емес. Ол – Алланың пендесіне берген сансыз нығметтерінің бірі. Өйткені Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) “Шынында Алла Тағала өзінің нығметтерінің белгісін құлының бойынан көргенді ұнатады”, – деген (имам Тирмизи). Демек таза әрі жарасымды киінген құлын Алла Тағала жақсы көреді. Бірақ адамдарға көрсету мақсатында немесе мақтану ниетімен менмендікке салыну құп көрілмейді. Киімі бола тұрып бірінің үстіне бірін алып жатса, ол – ысырап. Одан сақтанғанымыз дұрыс.
Ислам діні уақыт мәселесіне қатты көңіл бөлген. Өйткені уақыттың алатын орны ерекше. Сол себептен Құран Кәрімнің көптеген аяттарында уақытпен санасуымыз керектігі айтылған. Уақыттың маңыздылығы сонша – Жаратушы иеміз Құранның “Фәжр”, “Духа”, “Аср”, “Ләйл” секілді сүрелерінде уақытқа серт еткен. Алла Тағала: “Заманға серт. Негізінен, адам баласы зиян шегуде”, – дейді (“Аср” сүресі,1-2 аяттар). Яғни уақытпен серт етіп, сол уақыттың ішінде адамзаттың қасіретте болатынын айтқан. Ал сол қасіреттен арылуымыз үшін ең бастысы әрбір сағат, күн, ай, жылымызда игі істердің көп жасалуына көңіл бөліп, уақытты бекер өткізіп алудан сақтануымыз керек. Уақыттың жауы теледидардан керексіз телесериал көру, интернетте ермекпен отыру, бос сөзге ұрыну, көп ұйқыға берілу.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Адамдардың көпшілігі қадір-қасиетін біле бермейтін екі нығмет бар: біріншісі денсаулық, екіншісі – бос уақыт”, – деп айтқан (имам Бұқари).
Адам баласы Алланың құлына өлшеп берген өмірін, алтындай уақытын өзіне және қоршаған ортасына пайдасы тиетін амалмен өткізуі тиіс. Өйткені уақыттың қас қағым сәтте өте шығатыны бәрімізге белгілі. Уақыттың қадір-қасиетін біліп, оны тиімді қолданған даналарымыз, ғалымдарымыз аз емес.
Хакім Абай:
Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпты тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланын хикметін сез,
Не қызық бар өмірде одан басқа?! – деп, бұл өмірдің мәңгі еместігін, бір қалыпта тұрмайтындығын, уақыттың зымырап өтетінін ескертіп, адамды сүйіп Жаратқан Алланың хикметін сезініп, дұрыс өмір сүру керектігін айтқан. Сонда ғана өлшеулі өмірдің мәні ашылмақ.
Мұсылман адам әрбір ісінде орта жолды ұстанғаны дұрыс. Жаратушымыздың көрсеткен шариғатынан асып кетпей, сонымен қатар парыз етіп бұйырған әмірін кем-кетіксіз орындау қажет. Дүниені де орынсыз сарп етпей, сараңдыққа да салынып кетпей, орнымен жұмсай білуі тиіс. “Фурқан” сүресінің 67 аятында Алла Тағала бізді осыған шақырып, былай деген: “Олар мал сарп еткенде ысырап жасамайды, сараңдық та етпейді, ортасында болады”.
Тағы бір аятта: “Қолыңды мүлде мойныңа байлаулы қылма да бүтіндей ашпа (өте сараң да, тым дарақы да болма)”, – дейді (“Исра” сүресі, 29 аят). Ендеше Алла Тағаланың берген әрбір нығметіне шүкірлік етіп, оны бағалап, орынсыз жұмсаудан сақтанайық. Алла Тағала Құран Кәрімде: “Сол күні (дүниеде берілген) әр нығметтен, әлбетте, сұраққа тартыласыңдар”, – деп ескерткен. (“Тәкәсур” сүресі, 8 аят). Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
“Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, алған білімін не істегендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және тәнін қандай жолда жүріп тоздырғандығы жайлы есепке тартылмайынша бір адым да аттай алмайды”, – деп, қияметте әрбір ісіміз үшін сұралатынымызды баяндаған. (имам Тирмизи).
Алла Тағаланың бізге берген әр нығметінің қадір-қасиетін біліп, ысырапқорлықтан сақтанып, қияметте Жаратушымыздың мейіріміне кенелуімізді нәсіп еткей!
Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,
“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.