Облыс аумағында 60-қа жуық өзен, 2148 көл және 117 қазан шұңқыр бар. Есіл өзені мен Пестрое, Соленое, Лебяжье, Үлкен Тораңғұл, Шалқар және Имантау көлдерінде төтенше жайттар жиі орын алады. Өңірдегі 13 көл және Есіл өзенінде, барлығы алпыс суға шомылу орны жабдықталған.
Өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Кирилл Иванников соңғы он жыл ішінде суға түсуге рұқсат етілмеген орындарда шомылған 216 адам ажал құшқанын айтты. Оның 34-і – жеткіншектер. Былтыр бес адамның өлімі судан болған, біреуі – бала.
Күн жылына тұрғындар су айдынына қарай асығары сөзсіз. Осы кезде құтқарушылардың жұмысында да қарбалас басталады. Қазгидрометтің деректері бойынша, биылғы жазда аптап ыстықтар мен салқын ауа температурасы алмасып отырады. Бір сөзбен айтқанда, жаз жауын-шашынды болады.
– Су жағасындағы демалыс бәріне ұнайды. Бірақ өзінің де, жақындарының да өмірі мен денсаулығын ойламай, рұқсат етілмеген жерге шомылуға баратындар аз емес. Суға түсу ережелерін сақтамағандар, оның зардабын тартары анық, – дейді азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Кирилл Иванников.
Қазір департамент қызметкерлері жазғы шомылу маусымына дайындық жүргізіп жатыр. Жағажайларға барып, ондағы судан құтқару құрал-жабдықтарының дайындығын тексеріп, жұрт шоғырланған жерлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Су айдындарының жағасына демалушылар жинала бастаған кезде құтқарушылар кезекшілік жасап, сырттан бақылау ұйымдастырады. Мамандар тұрғындарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы құлақтандырып, бірқатар нұсқаулықтар береді.
– Қайғылы жайтқа ұрынбас үшін жабдықталмаған су жағасында шомылмаңыздар. Баланы жалғыз суға жібермеңіздер. Мас күйде суға түсу қауіпті. Өзіңізге таныс емес жерде жүзбеңіз. Сондай-ақ құтқарушылармен әзілдеймін деп жалған дабыл бермеңіз, – дейді Кирилл Иванников.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.