Шал ақын ауданында 70 жастағы әжейді ара шақты. Ауыл тұрғыны дәрігерлердің уақытылы көрсеткен көмегінің арқасында аман қалған.
“Жедел жәрдем” қызметкерлерін зейнеткердің қызы шақыртыпты. Оқиға орнына фельдшер Сәбит Мелдебеков жеткенде қарт есінен танып жатқан.
– Зейнеткер анафилактикалық шок алған. Терісі бозғылттанып, жүрек қағысы төмендеді. Қан қысымы – 30/20-ны көрсетті. “Aslc” стандарты бойынша реанимациялық іс-шараларды дереу қабылдау керек болды. Жағдай тұрақтанған кезде науқас аудандық аурухананың қабылдау бөлмесіне жеткізілді. Қазір оның жағдайы бірқалыпты, алаңдауға негіз жоқ, – деді “Жедел жәрдем” орталығының директоры Юрий Белоног.
Жәндіктердің шағуы кейде анафилактикалық шокқа әкеледі және өмірге қауіп төндіреді. Сондықтан мамандар бұл жағдайда “Жедел жәрдем” бригадасын мүмкіндігінше тезірек шақыру қажеттігін айтады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.