Көктем келіп, туған жеріне оралған дала құстарының дауысына жерге дән себу үшін егістікті даярлап жүрген дала еңбеккерлерінің алып тракторларының гүрілі қосылды. Құлаққа жағымды шу. Қызылжардың құнарлы жері өз төсіне дәнді дақылдарды сіңіріп алып, ертең бар халықты сапалы астықпен қуантуға даярланып жатқан жауапты кезеңдегі дала төсіңдегі дүбір бұл.
Ұлан-ғайыр еліміздің әр аймағының өзіндік ерекшелігі бар. Қарағанды – “қара алтынымен”, Сыр елі – күрішімен, Атырау – балығымен мақтанады. Ал біздің өңіріміз астыққа бай. Елімізде өндірілетін бар бидайдың ширек бөлігін біздің диқандар баптап өсірсе, көктем келе ел азаматтарының егістік жаққа көз тігіп, елеңдейтіні заңдылық.
Бұл сезім – қала тұрғындарына да жат емес. Астықты өлкеміздің бүгіні мен ертеңіне облыс орталығында тұрып жатқан еңбек ардагерлері де алаңдайды. “Биылғы жазда қуаншылық болады” деген қауесет бізге де маза берер емес.
Халқымыздың ғасырлар бойы ұрпағына аманаттаған қасиеттерінің бірі – жақсы іс пен игі дәстүрдің басы-қасында болу. Аға буын өкілдерінің жастарға ақылын айтып, батасын беруі бүгінге дейін үзілмей келеді. “Батаменен ел көгерер” деген тәмсілдің төркіні осында жатса керек.
Жуырда қаланың бір топ ардагері көктемгі дала жұмыстары басталған Есіл ауданындағы “Ғасыр-астық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бет алдық. Николаевка ауылдық округінде орналасқан серіктестікті қарттардың таңдауы бекер емес. Бұл еңбек ұжымының соңғы жылдары астық шығымдылығының жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізуі, басшыларының өрімдей жас болуы бізді де қуантты. Бізге серіктестік жетекшісінің өңірімізге белгілі “Арқалық” шаруашылығының басшысы Нағашыбай Барлыбаевтың ұлы Асхат екендігі белгілі болатын.
Бабаларымыз “Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі”, – деген сөзді жайдан-жай айтпаған ғой. Дала данышпандарының бұл ойтолғамы – халқымыздың дүниетанымының, ұрпақтар сабақтастығының басты қағидасы. Әке тәрбиесі мен өнегесіне ден қойған перзенттің бар болмысын айғақтайтын өлшеуіш қой. Осы ойлар серіктестікке бет алған әр ардагердің көкейіне қонақтады.
Николаевка ауылының маңында бұрын жүк тасымалдайтын көлік шаруашылығы болған, ол тарағаннан кейін сол жердің сұрқы қашып, ғимараттарының қабырғалары қалған аумақ қазір адам танмастай өзгерген. Бұл төңірекке бүгінде “Ғасыр-астық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік ғимараттары орналасыпты. Астық өнімдерін, тыңайтқыш, химиялық дәрі қоспаларын сақтайтын қоймалар, жаңа маркалы комбайндар, дәрі себетін тағы да басқа техникалар тұрған жабық гараж, асфальт төселген үлкен аула, жұмысшылар тамақтанатын асхана, қонақүй, электронды жүк өлшегіш кешені алыстан менмұндалайды. Бір көргеннен-ақ осы жерде жұмыс атқарып жатқан адамдардың көтеріңкі көңіл-күйіне, өз істеріне деген сүйіспеншілігіне куә болдық.
Көктемнің әр сағатының құны алтынға бергісіз болса да, серіктестік басшысы бізді жылы қабақпен қарсы алды. Келген қонақтардың атағы мен абыройы атан түйеге жүк боларлықтай. Мүкәрам Шәкімұлы – бүгінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында 200 ардагерді біріктіріп отырған бастауыш ұйымның төрағасы, Қайрат Файзуллин көп жылдар су тарататын кәсіпорынның тізгінін ұстады. Қарақат Шалабаев ағамыз болса – ұлағатты ұстаз, туған жер, оның әйгілі адамдары туралы тұнымды мақалалар жазып, бірнеше кітап шығарған белгілі қаламгер. Жапар Төлегенов те – еңбекте озат болған жан. Қызылжардың гүлденуіне зор үлес қосқан азаматтарды құшақ жая қарсы алудың арғы жағында үлкенге деген сыйластық, қонақжайлылық, мейірім жатса керек. Жастардың осындай қасиеттерін көріп, қуанып қалдық.
Серіктестіктің бас мамандарына уақытты ұтымды пайдалану үшін шетелдік көліктер сатып алынған екен. Біз өңір байлығы болып табылатын астық дақылдары себіліп жатқан алқапқа бірнеше көлікпен жүріп кеттік.
Далиған дала, ұшы-қиыры жоқ алқап. Ақындарымыз толғана жырлап, жазушыларымыз түрлі теңеулермен әспеттеген туған жер топырағы неткен киелі еді?! Қаланың шуы мен дуынан, асфальттаған көшесінен шаршаған біз көктемгі күнге кеудесін тосып, бусанып жатқан жерге, қайың мен терегі көктемгі желегін киіп сәнденген орманды өлкемізге сүйсіне қарадық.
Алқаптың сәніне айналған алып техникалар анадайдан көзге түсті. “Анау келе жатқан кешен бұршақ себу жұмыстарын бүгін аяқтайды. Бір күндік ауысымдағы көрсеткіші 850-1000 гектарға дейін жетіп қалады. Осындай бес агрегатымыз бар, бәрі шетелдік техника. Жалпы егістік көлемі 9 мың гектарға жақын, оның бес мыңына астық өнімдерін, қалған жеріне майлы дақылдарды егеміз”, – деп бастады сөзін бас агроном Нұртас Буртубаев.
Біз тұқым себу агрегатына таңдана да, таңғала қарадық. Құдды ертегінің жансыз кейіпкерлері дерсің. Тағы бір техника қазір зығыр себуге дайындалып жатыр. Бір мезгілде бірнеше жұмысты қатар атқара алады екен. Соның нәтижесінде еңбек өнімділігі артқан. Біз Нұртас Буртубаевпен әңгімелесіп тұрғанда сөзге серіктестіктің бас инженері Қуаныш Бердағұлов араласты.
“Жанкелді деген маманымыз техниканың компьютеріне зығырдың жерге сіңірілетін мөлшерін енгізіп жатыр. Кешен қалған жұмысты өзі реттейді, егер қандай да бір ақау шықса техника өзі белгі береді. Бұл жаңа егіс агрегатын басқару үшін арнайы білім мен біліктілік қажет. Біз жігіттерімізді бұрынғыдай механизатор емес, “егіс кешенінің операторы” деп атаймыз, – деді ол.
Нұртас Буртубаев болса біздің назарымызды майлы дақылдар егілетін егіс алқабына аударды. “Жыл жағдайына, өткен күзбен, биылғы көктемдегі ауа райына байланысты егіс алқабындағы былтырғы бидайдың орылғаннан кейінгі сабағын сақтап, дәнді дақылдарды егеміз. Мұндай әдісті қолдануға біздің техниканың қауқары жетеді. Жерді жыртпай-ақ дәнді мөлшерлі тереңдікке себеміз. Бұл жерді эрозиядан қорғап, ылғалды топырақта сақтауға мүмкіндік береді, – деді бас агроном.
Әңгіме арасында серіктестік басшысы Асхат Нағашыбайұлы жерді тек эрозиядан ғана емес, өзге де зиянкестерден қорғайтындарын айтты. Жерді күтіп-баптау – кәсіпорындағы әрбір маманның міндеті. Өйткені, ата-бабаларымыз ұлан-байтақ қазақ жерінің әр пұшпағы үшін жандарын шүберекке түйе жүріп күрескен. Осынау мол байлықты бізге ғана емес, келесі ұрпаққа жеткізуді аманаттап тапсырған. “Сондықтан топырақ құнарлығын сақтау – біздің басты міндетіміз. Нәпақасын жерден тапқан біздер үшін бұл – үлкен жауапкершілік. Сонау Еуропа елдері біздің дәнді-дақылдарымызды қымбат бағаға сатып алады. Еңбек өнімділігін арттыру үшін білікті мамандар ауадай қажет. Нұртас бауырымыз – сондай маманның бірі. Агрохимия ғылымымен айналысып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында қызмет атқарып жүрген жерінен шақырып алдық”, – деді серіктестік басшысы.
Иә, топырақ құнарлығын сақтау болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борыш. Бұл жәй сөз емес. Ғылыми тілмен айтсақ, егістік өнімділігін арттырудың иновациялық технологияларын меңгеру және өндіріске енгізу керек. Бұл істе серіктестік мамандарының негізгі ұстанымы – ауыспалы егіс, ол топырақтың органикалық құрамын өзгертеді. Ауыспалы егістікте аралық дақылдар егіледі. Топырақтың құнарлылығына мониторинг жасап, биологиялық белсенділігін анықтайды. Сонымен қатар мамандар топырақтағы дақылдарды қажетті қоректік заттардың қорымен қажетті мөлшерде қамтамасыз етуді басты мақсат етіп отыр. Ол үшін топырақтың құрамына қарай тыңайтқыштардың мөлшерін есептейді. Бұл істе мамандар агрохимиялық қызмет көрсететін, зерттеулер жүргізетін ұжымдардың көмегіне жүгінуде.
Уақыт деген жүйрік қой. Біз алқапты аралап, мамандардың жұмысымен танысқанша бірнеше сағат өте шығыпты. Серіктестік басшысы сағатына жиі көз сала бастады. Олардың қолайлы ауа райын пайдаланып, жерге мол дән сіңіріп алу үшін әр секундты ұқыпты пайдалануға тырысатындарына біз де риза болыстық.
“Азды-көпті жетістіктерге жеткен тәріздіміз. Ауыл шаруашылығы саласында қандай да бір жақсы көрсеткіш көптің еңбегінің арқасында мүмкін болуда. Мен мамандарыммен мақтанамын. Жігіттер жұдырық болып жұмылып, бір отбасының баласындай еңбек етуде. Бізге озық техникалардың да тигізіп отырған көмегі көп. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер – субсидиялар, лизингтер, несиелер арқылы қол жеткізудеміз. Көрсетіліп отырған қамқорлық үшін Мемлекет басшысына ерекше алғыс айтқым келеді. Тағы бір айтып өтерлігі, кез келген ұжымның басшысы, ең алдымен, өзінің емес қарамағындағылардың жағдайын ойлауы керек. Өз басым осы ұстанымдамын. Ұжымда достық қарым-қатынас берік орнаса, көңіл-күйіміз де көтеріңкі, жұмысымыз да өнік болады. Біз мамандарды лайықты жалақымен, тұрғын үймен қамтамасыз етуге тырысамыз”, – деп сөзін түйіндеді серіктестік басшысы.
Кәсіпорын басшылығы жұмысшылардың ғана емес ауыл өмірінің көркеюуіне де үлес қосуда. Елді мекен көшелеріне жарық шамдары орнатылған, балалар алаңы салынуда, ауылдың жүрегі саналатын мектепке де көмек көрсетіліп отыр.
Асхат Нағашыбайұлы осы және өзге де жұмыстарды жіпке тізгендей айтып болғаны сол еді, себілетін дақыл құйылып, компьютер жүйесі реттеліп, енді жұмысқа дайын екендігін білдірген алып техника осы сәтті күтіп тұрғандай зор дауысымен белгі берді.
Біз сапарымыздың ең басты шаруасына кірістік. Диқан еккен егінінің жайқалып өсуі үшін Алладан жаңбыр тілейді. Есімі өңірімізге белгілі дін өкілі Қабдолбәри Қаридың ұрпағы – Жапар ақсақал Құран аяттарын оқып, шаруалардың еңбегіне мол табыс пен береке тіледі.
Дән себуге дайын тұрған егіс агрегатының алдына барып: “Жаратушы ие! Өзің қолдаушы бол, ел байлығы – астығымызға нұр қылып жаңбырыңды төкші, көктен иіп, жерден бер”, – деп уыстап жерге дән шаштық.
Еңбек ардагері Қарақат Ысқақұлы қол жайған жастарға ақ батасын берді. Егістікке дән сіңіруді бастап кеткен олар “Баталарыңыз қабыл болсын! – деп қол бұлғап қала берді. Ал біз қалаға қарай аттанып кеттік.
Жангелді ТӘЖИН,
Петропал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.