«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жүк тасымалдаушылардың жанайқайы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстың жүк тасымалдаушылары дабыл қағуда. Олар беларустық компаниялар жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отырғанын айтып шағымданды. Бұл туралы Астанада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының “Өңір” депутаттық тобының “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен кездесуі барысында белгілі болды.

Шара аясында арнайы панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Оған өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдері, салалық комитеттердің төрағалары мен бизнес субъектілері бейнебайланыс режімі арқылы қатысты. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған бизнесмендер кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға кедергі келтіретін мәселелерді алға тартты. Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы көлік және логистика салалық кеңесінің төрағасы Омари Харбедия өз сауалын жолдады.

– Бұл саладағы мәселелер былтыр туындай бастады. Еуропа елдерінің Ресейге салған санкциялары салдарынан беларустық компаниялардың 75 пайызы халықаралық автотасымалдар нарығын иемденді. Отандық тасымалдаушыларды қорғаудың орнына, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің көлік комитеті еліміздің халықаралық автомобиль тасымалдаушылары одағымен бірлесіп, жүктерді қайта тіркеуге рұқсат беріп, шетел компанияларына есік ашты, – деді Омари Харбедия.

Қазақстандық автотасымалдау нарығында әртүрлі деректер бойынша 8000-ға жуық көлік тіркелсе, Беларуста олардың саны 5 есе көп. Қазақстандық тасымалдаушылар автопарк саны бойынша ғана емес, оның сапасы жағынан да бәсекелестерінен ұтылып келеді.

– Мұның басты себебі – Беларуста бұл саланың дамуына барлық жағдай жасалған. Олар 1,5-тен 4 пайызға дейін лизинг алады, ал бізде лизинг бойынша пайыз – жоғары. Сонымен қатар Беларуссияда барлық халықаралық пункттер мен логистикалық кешендер бар. Жүк тасымалына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Бізде болса, отандық нарыққа үкімет тарапынан ешбір қолдау механизмі қарастырылмаған. Біріншіден, бізді өткен жылға дейін жұмыс істеген қайта өңдеу ставкалары тұншықтырды. Екіншіден, көлік шығындарын ескерген жөн. Заңнамамыз либералды бағытта жұмыс істеуге негізделген. Беларустық автотасымалдаушылар біздің нарыққа ешқандай заңды кедергілерсіз кіре алады, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының көлік және логистика салалық кеңесінің төрағасы.

Ол бәсекелестерге қатысты ешқандай әрекет жасалмаса, онда отандық автотасымалдау саласын тұралатып алу қаупі төніп тұрғанын атап өтті. Өңірдің жүк тасымалдаушыларын алаңдатып отырған сауал жан-жақты қарастырылатын болады.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp