«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Темірден түйін түйген Тимур

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы “Qyzyljar” арт-орталығынан темір қал­дықтарынан жасалған ерекше бұйымдарды тамашалауға болады. Бұл көрменің авторы – облыс орталығының тұр­ғыны Тимур Кенжебаев. Темірден түйін түйген шебер әңгіме барысында бұл кәсіпке қалай келгенін айтты.

– Менің жасым қырық төртте. Қы­зылжар ауданындағы Налобино елді мекенінде дүниеге келгенмін. Әкемнің жұмысына бйланысты жиі қоныс ау­дар­дық, мектептке оқып жүргенде 5 рет көшкен екенбіз. Кішкентай болсам да, қызу жұмыстың ортасында жүріп, әкеме көмектесетінмін. Сондықтан құ­рылысқа бала кезімнен машықтан­дым. Мектепті бітіргесін жергілікті уни­верситетте экономист-менеджер ма­ман­дығы бойынша оқыдым, – дейді ол.

Тимур Кенжебаев еңбек жолын Пет­ропавлдағы банктердің бірінде бастаған. Осы салаға 15 жылын ар­нап, қатардағы менеджерден дирек­тордың орынбасары лауазымына де­йін өскен. Уақыт өте келе кейіпкеріміз­дің бұл са­лаға деген қызығушылығы бәсеңдеген көрінеді. Бұрынғыдай ат­қар­ған жұмы­сынан ләззат алмайтын болған. “Сон­дықтан өмірімді, кәсібімді түбегейлі өзгертуді ойладым. Мен үшін жұмыс­тың қаражат көзі ғана емес, жанға рақат сыйлағаны да ма­ңызды. Бұған есейе келе көз жеткіз­дім”, – дейді ол.

Кейіпкеріміз жанға жайлы, рухани қажеттіліктерін қанағаттандыратын жұ­мыс тапқанға дейін түрлі салаларда еңбек етіп көріпті, бизнес ашып, сауда­мен айналысқан. Пәтерлерді жөндеу ісіне де ден қойған кездері болыпты. Өрнектас пен ламинат төсеу, тұсқағаз жабыстыру, есік орнату – ол үшін аса қиын шаруа емес. Кейін жиһаз жасау­ды меңгерген. “Ас үй, жатын бөлме, кіре беріс шкафтарын жаса­дым, бірақ 3-4 жылдан кейін оның да мен үшін қызығы басылды”, – дейді Тимур.

Тимур Кенжебаев темірмен жұмыс істеуді өз үйінің құрылысын бастаған­да қолға алған. Банкте жұмыс істеп жүр­­ген кезі. Учаске сатып алып, зайы­бы екеуі жаңа баспаналарының іргета­сын қалайды. Үйлерінің айналасын темір­мен әдемілеп қоршау қажеттігі туында­ған. Бұл жұмысты кейіпкеріміз өзі ат­қарып көрмек болыпты. “Көз – қорқақ, қол батыр” дегендей, Тимур қор­шауды бірнеше күннің ішінде құ­рас­тырған. “Бастапқыда тәжірибенің жоқтығы білініп тұратын, уақыт өте келе шебер­лі­гім артты. Өзім жасаған қоршау көңі­лімнен шықты, кейін дәнекерлеу аппа­ратымен орындық, мангал жасап шық­тым. Достарымнан сұраныс түсті, жұ­мыстан кейін шебер­ханамда тапсы­рысты орындайтын­мын. Бірақ ол кезде бұл іс хобби еді. Ал нақты осы кәсіпке 2021 жылы толық бет бұрдым”, – дейді ол.

Бұл кезде Тимурдың шеберхана­сын­да қажетті құрал-жабдықтың 70 пайызы бар еді. Өз ісін ашуды ниет еткендерге грант берілетінін естіп, мемлекеттік бағдарламаға қатысқан. 180 мың теңгеге жетпеген құрал-сай­мандарын түгендепті.

Шебер бірінші жылы барлық тап­сырыстың тек 30 пайызын ғана орын­дапты. Тәжірибенің аз, әр істің өз қыр-сыры бар, оған уақыт керек. Қазір ол барлық тапсы­рыс­ты бірдей ала бер­мей­ді, қызықты дегендерін ғана қа­был­дайды. Тапсы­рыс маусымға бай­ла­нысты түседі. Жазда кәуап пісіретін мангалдарға сұраныс жоғары. Жаз­дың ортасында баспалдақ таяны­шына, кіреберістегі бастырмаға, бас­қыштарға тапсырыс көбейеді. “Шы­ғармашылыққа келер болсақ, былтыр дәнекерлеу аппаратын шығаратын ірі компания дәнекерлеушілер арасында ерекше байқау жариялады. Еркін тақырып берілді. Мен хабарландыру­ды ойда-жоқта әлеуметтік желіден байқап қалдым. Уақыт тығыз, құжат­тар­ды қабылдауға бір апта ғана қалған екен. Мен қолда бар материалдардан рыцарь мен бұланды жасадым. Ал­ғаш­қы турда менің бұйымым бірінші орын алды. Екінші кезеңде дәнекер­леушінің мүсінін жасау керек болды. Ерекше болуы үшін тың идея іздей бастадым. Қажетті бөлшектерді алу үшін Петро­павлдағы металл базала­рын аралап шықтым. Нәтижесінде “ку­бик-рубикті” жинап отырған роботты және оның қасында сынған аяғын жөн­деп жатқан дәнекерлеушіні жасадым. Бұл жұмы­сым да бірінші орынға және көрермен көзайымы сыйлығына ие болды”, – дейді шебер.

Осыдан кейін Тимурдың түрлі туындылар жасауға қызығушылығы оянған. Қыс айларында бұйымдарға тапсырыс аз. Осы уақытта ол негізінен шығармашылықпен айналысады. Түр­лі композициялар жасайды.

Шебердің қолынан шыққан “Қой­шы” композициясы әдемілігімен көз тартады. Әңгіме барысында одан бұл бұйымның жасалу тарихын сұрадым. Шебер былай деп жауап берді: “Алдымен серіппелерді пайдаланып, қой жасау ойымда болды. Бұл бөлшек­терді металл базаларынан 2 жылға жуық жинадым. Биыл оны іске асыр­дым, бірақ көңілімнен шыққан жоқ, жұ­пыны көрінді. Сондықтан қасына қойшыны жасап шықтым, кейін бір күннің ішінде артына ағаш орнаттым. Тағы да толық аяқталмаған­дай болып көрінді, осылайша гүлі бар алаңқай пайда болды. Яғни мен алдын ала эскиз жасамаймын, композиция жұ­мыс барысында туады”.

Тимур мангалдарды, қазанға ар­налған пештерді ескі газ баллонда­ры­нан жасайды.

Қазақстанда дәнекерлеуді шығар­машылықта қолданатындар саусақ­пен санарлық. Ал Ресейде, Еуропада көп. “Әлеуметтік желіде мен олардың жеке парақша­ла­рына жазылғанмын. Олардың қолынан шыққан бұйымдар таңдай қақтырады, сол деңгейге жет­кім келеді. Арманым – шеберлігімді шыңдап, әлемдік дең­гейге шығу”, – дейді ол.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp