«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САПАЛЫ КИІМГЕ СҰРАНЫС БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елімізде кенжелеп қалған кәсіптердің бірі – киім тігу. Облыс аумағында тігіншілікті дамытып отырған өндіріс орындарының саны саусақпен санарлықтай ғана. Солардың қатарынан “SensFashion”, “Прогресс тігін фабрикасы”, “Matex”, “Мектеп және балалар киімінің тігін фабрикасы” сияқты кәсіпорындарды ерекше атауға болады. Солардың ісін жарнамалау, өнімдерінің айналымын арттыру және жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында алғаш рет өңірімізде оқушыларға арналған мектеп және спорт киімдерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Облыс орталығындағы Оқушылар сарайында өткен көрмеге ірі кәсіпорындармен қатар, жеке кәсіпкерлер де қатысты. “Прогресс тігін фабрикасы” серіктестігі көрме сөресіне отыздан астам киім үлгісін қойыпты.

– Мұндай іс-шаралар кәсіпорындардың имиджіне оң әсер етеді және адамдардың жергілікті өндірушілердің өнімдерімен танысуына мүмкіндік жасайды. Сондықтан біз бұл көрмеге қуана қатыстық. Біздің фабрика мамандары тіккен киімдердің сапасы көпшіліктің көңілінен шығуда. Тігіншілеріміз стандарттарға сәйкес жұмыс істейді, әр өнімнің сапа сертификаты бар. Баға тұтынушылар үшін – қолжетімді. Мысалы, балалардың комбинизоны бар болғаны – 4500 теңгеге саудалануда. Басқа дүкендер оларды 9000 теңгеден сатады, қыздарға арналған мектеп формасының (юбка, шалбар, пиджак) құны 24000 теңге тұрады, – дейді фабриканың өндіріс бөлімінің басшысы Жанна Алпыспаева.

Көрмеге қойылған өнімдердің басым бөлігі – мектепке арналған және спорттық киімдер. Ұстаздарға арналған киім үлгілерін де табуға болады. Сөреден аяқ киімдерді де кездестіресіз.

Шараға қатысқандардың бірі – “Sens Fashion” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2015 жылдан бері мектеп формаларын тігумен айналысуда. Кәсіпорын облыс аумағындағы білім ордалары оқушыларының біразын сапалы формамен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар Қостанай, Ақмола облыстары мен Астана қаласынан да тапсырыстар қабылдайды.

Көрмеге келушілердің қарасы қалың болды. Өйткені сапалы, қолжетімді киімдермен балаларын қамтамасыз ету үшін қазірден тапсырыс беріп қоюлары керек. Көрмеге келген мектеп директорлары тігін фабрикаларымен ынтымақтастық орнатуға дайын екендіктерін жеткізді.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp