«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕРЛІ ЕЛДІҢ ӨРЕСІ БИІК

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Елдің еңсесін тіктеп, танымын тереңдетіп, талғамын биіктететін ең үлкен күш – өнер. Өнердің тілі – нәзік, қуатты әрі әсерлі. Ол талантты жанның таза жүрегінен төгіліп, текті тыңдарманның көкірегіне құйылады. Осылайша жұрт сананы билеп алған құлтемірдің заманында пенделік қарбаластан бас көтеріп нағыз өмір сұлулығын таниды, өнердің таза бұлағынан сусындайды. Қиялына ерік беріп, жүрегінің үнін тыңдап, еркіндікке ұмтылады. Өнерін қадір тұтқан елдің мәдениетінің мәуелі бәйтерегі де көктеп, жеміс береді. Ол жеміс кейінгі ұрпаққа жетер рухани азыққа айналары сөзсіз.

Еліміздің дамуындағы мәдени өркендеудің маңыздылығын ешкім жоққа шығара алмайды. Біз сан ғасырлық бай мәдениетіміз бен өнеріміздің алдында қаншалықты бас исек, осы салада еңбек етіп жүрген жандарға да соншалықты құрмет көрсетуіміз керек. Өйткені олар тұрмыстың тауқыметі мен нарықтың заңына қарамастан өз ісіне адалдық танытып, ауыр шығармашылық еңбектің ыстығына күйіп, суығына тоңып келеді. Өңір мәдениетінің арбасын алға сүйреуге сахна төрінде қошеметке бөленген әртістер де, оның сыртындағы көрерменнің көзіне көрінбей жүріп-ақ талай жұмысты тындыратын мамандар да, жалпы саны екі жарым мыңдай адам өз үлесін қосуда. Ел арасында мәдени шаралардан бас көтермейтін бұл жандардың әр күні мереке ғой дейтін пікір қалыптасқан. Десе де мәдениет пен өнер қызметкерлерінің жеке кәсіби мерекесінің жөні бөлек. Үлкен мәдени шараларды ұйымдастырып, жас дарындарын күллі елге танытып жүрген Қызылжар өңірінде биыл да атаулы күн ерекше тойланды.

Ақан сері атындағы облыстық филармонияда өткен салтанатты шараға облыс әкімі Айдарбек Сапаров қатысты.

– Сіздерді мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Өнер мен мәдениет – егіз ұғым. Әр халық өзінің мәдениетімен, руханиятымен, салт-дәстүрімен ерекшеленеді. Елдің рухани күші оның мәдениетімен өлшенеді. Аққайыңдар өлкесі – Қызылжардың қасиетті топырағы талай мәдениет қайраткерлері мен жұлдыздардың бесігіне айналды. Осы күні болашақ мәдениет қызметкерлері еліміздің 5 жоғары оқу орнында білім алуда. 2025 жылға дейін бұл саладағы мамандардың жалақысы екі есе өседі. Бұған дейін Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының жаңа ғимараты салынып, Н.Погодин атындағы орыс драма театры жөндеуден өтті. Ислам мәдениеті музейі ашылды. Аудандардағы мәдениет нысандарын жөндеуге де қомақты қаржы бөлінуде. Биылдан бастап аталмыш сала ардагерлері еліміздің шипажайларында демалуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар алдағы уақытта “Sensative” театры – Испанияға, қазақ театры – Грузияға, Ақан сері атындағы облыстық филармония әртістері Оңтүстік Корея мен Италияға гастрольдік сапармен барады деп жоспарлануда. Бұл қолдау одан әрі жалғаса бермек, – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Залда отырған көрерменнің көңілдері көтеріңкі. Олардың дені – сахнаның сырын ұғып, шығармашылық өмірдің ауасымен тыныстап жүрген жандар. Облыстағы өнерпаздар мен ең үздік деген қызметкерлердің бәрі осында жиылған. Ал сонда сахнада кім өнер көрсетті дейсіз ғой. Бұл жолы жергілікті әртістер кеш тізгінін астаналық әріптестеріне табыстапты. Кәсіби мерекеге орай елордадағы Роза Бағланова атындағы “Қазақконцерт” мемлекеттік концерттік ұйымының әншілері мен бишілері Қызылжар төрінде өнер көрсетті. Олар бұл шараға орай арнайы бағдарлама әзірлеген. Концерттік бағдарламаны әсем биімен “Гүлдер” ансамблі ашты. Кейін “Қазақконцерттің” солисті, дәстүрлі әнші Дінисламбек Жайлаубай “Балқадиша” мен “Дудар-айды” шырқады. Салтанат Ахметова, Азамат Жылтыргөзов, Мади Сыздықов сияқты өнер майталмандары да төгілте ән шырқап, “Бұлбұл”, “Атамекен”, “Сағындым сені”, “Отан” туындыларын тарту етті. Ән арасында “Гүлдер” тобы ел алдына шығып, хореографиялық композицияларымен қошеметке бөленіп жатты. Эстрада жұлдызы Әлішер Кәрімовтің де осы кештен табылуы көрерменге ерекше тосынсый болды. Әнші “Менің де бір аққуым бар”, “Келемін саған” туындыларын шырқады. Бұл күні мереке иелеріне марапаттар да табысталды. Жалпы қырықтан астам адам мен өнер ұжымы Айдарбек Сапаровтың қолынан Парламент Сенатының, облыс әкімінің, Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасын, Алғыс хатын алып, омырауларына “Еңбек ардагері” медалін, “Мәдениет үздігі” төсбелгісін тақты. Марапатталғандардың арасында есімдері елге мәлім өнер ұжымдары мен әртістерден бастап, шалғайдағы Мәдениет үйі, кітапхана, музейлердің қызметкерлері бар.

– Мен шығармашылықпен бес жасымнан бастап айналысып келемін. Анам қолымнан жетелеп би үйірмесіне әкелгеннен осы салада жүрмін. Кейін осындағы колледж бен университетте білім алдым. Өңірдегі бірқатар өнер ұжымдарында еңбек еттім. Осында өтетін ірі шаралардың ұйымдастырылуына атсалысып жүрмін. Биыл өнерде жүргеніме 33 жыл болыпты, – дейді “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісін иеленген Жанна Темірбаева.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp