«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Азық-түлік қоры жеткілікті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Азық-түлік бағасы қымбаттаған сайын, әлеуметтік маңызы зор тауар түрлеріне сұраныс артып отыр. Қазір тұрғындар тұрақтандыру қорының өнімдерін іздеп жүріп алады. Бағасы арзан тауар тұрғындар тарапынан сұранысқа ие болғанымен, сауда желілері оларды сөрелеріне қоюға құлықсыз. Бұл туралы өңірдегі бағаны тұрақтандыру жайы талқыланған облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында айтылды.

Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Исаев өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға көңіл бөлініп отырғандығын айтты.

– Әлеуметтік маңызы бар 19 та­уар­дың 15-і облыста өндіріледі. Олар ірі сауда желі­лері мен тұрақ­тан­дыру қорының пункт­тері арқылы жүзеге асырыла­ды. Осылайша ұн, жарма, нан, қант және басқа да та­уарлардың қымбат­тауын тежеп отыр­мыз. Біз жергілікті өндірушілер­мен жұмыс істейміз, – деді Данияр Исаев.

2019 жылдан бері “DEZ” жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігіне қап­тамадағы ұнды өндіру үшін астық са­тып алуға жеңілдетілген несие бері­ліп келеді. Қаптамадағы екі кило­граммдық ұн 253 және 260 теңгеден сатылады. Дәл осындай ұн алты әлеу­меттік нан өндірушіге де таратылады. Бұл наубайханалар пі­сірген нанның бағасы – 90-103 теңге шамасында.

Петропавл нан-тоқаш комбина­ты жыл сайын “қалалық” нан­ын пісіру үшін арзандатылған ас­тық­пен қам­тамасыз етіледі. Өз дүкендерінде оны 74 теңге­ден, сауда же­лілері мен супермар­кеттерге 78 тең­геден сата­ды. Жер­гілікті жарма за­уы­ты – “Ра­хат Опт” серіктестігіне қа­рақұмық жармасы мен күрішті бөл­шек сауда желісіне төмендетіл­ген бағамен жет­кізуі үшін несие берілді.

– Біздің фермерлер қарақұ­мық­ты арзан бағамен тапсырады. Дү­кен­­­дер­де оның 1 килограммы 330 тең­­­ге­ден сатылып жатыр. Бұл – рес­публи­кадағы ең төменгі баға. Атал­ған за­уыт қызылордалық күрішті ту­ра егіс ал­қабынан тасымалдайды. Қа­­зір бұл күріштердің бағасы – 335 тең­ге. Ал көп­теген сауда желілерін­дегі кү­ріш­тердің коммерциялық ба­ға­сы – 500 теңге, – деді Данияр Исаев.

Сатып алынған көкөніс көлемі об­лыс тұр­ғындарын қамтамасыз етуге жеткі­лік­ті ме? Қоғамдық кеңес мүше­лерінің бұл сауалына жауап берген басқарма басшысының орынбасары қор қала тұрғындарын қамтамасыз етуге жеткілікті екенін айтты. Ал ауыл тұрғындары көкөністерді өз бақшаларында өсіреді. Бұл жауапқа сенімнен гөрі күмән басым. Екінің бірі бақша өсіріп отырмағанын ес­керсек, ауылдағы ағайын тұрақтан­дыру қорының арзан өнімінен неге қа­ғылып отыр деген сауал туын­дайды.

Қоғамдық кеңес мүшелері тағы да әлеуметтік маңызы бар өнімдер тізіміне назар аударып, оған жеміс-жидектердің кейбір түрлерін қосуды ұсынды. Өткен жылы да осы мәселе кеңінен талқыланған болатын. Осы­дан бірнеше жыл бұрын қабылдан­ған әлеуметтік маңызы бар өнімдер ті­зімі осы күнге дейін еш өзгеріссіз кел­гені түсініксіз. Белсенділер тізім­ді ке­ңейту керек деген ойларын тағы бір мәрте қайталады. Сонымен қа­тар қоғам тарапынан нанның сапа­сына да шағым көп. Ұн үктіретін диір­мендерге де, наубайханаларға да мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатқанын ескерсек, әлеу­меттік маңызы бар нанның са­пасына да талап жоғары болғаны дұрыс.

Қоғамдық кеңеске қатысқан “Сол­­­түстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясы басқарма төрағасы­ның орынбасары Ғамали Жұмашов сауда желілері тұрақтандыру қоры­ның тауарларын алмауға тырысаты­нын айтты. Бір тонна картоптың не болмаса сәбіздің ішінен шірігін тауып алып, соны сылтаурататын кө­рінеді. Алған күннің өзінде өздерінің ком­мерциялық бағамен сатып алған кө­көнісін өткізу үшін тұрақтандыру қо­рының арзан өніміне өз бағасын қоя­ды екен. Ал оларды тұрақтан­дыру қорының тауарын сатуға мін­дет­тейтін тетік жоқ.

Бүгінгі таңда тұрақтандыру қо­рының өнімдері Петропавлдағы 23 супермаркетте, көпқабатты тұрғын үйлердің маңындағы 12 дүкенде са­тылады. Бұдан бөлек тұрақтандыру қорының жеті пункті жұмыс істеп тұр.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp