Азық-түлік бағасы қымбаттаған сайын, әлеуметтік маңызы зор тауар түрлеріне сұраныс артып отыр. Қазір тұрғындар тұрақтандыру қорының өнімдерін іздеп жүріп алады. Бағасы арзан тауар тұрғындар тарапынан сұранысқа ие болғанымен, сауда желілері оларды сөрелеріне қоюға құлықсыз. Бұл туралы өңірдегі бағаны тұрақтандыру жайы талқыланған облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында айтылды.
Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Исаев өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға көңіл бөлініп отырғандығын айтты.
– Әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың 15-і облыста өндіріледі. Олар ірі сауда желілері мен тұрақтандыру қорының пункттері арқылы жүзеге асырылады. Осылайша ұн, жарма, нан, қант және басқа да тауарлардың қымбаттауын тежеп отырмыз. Біз жергілікті өндірушілермен жұмыс істейміз, – деді Данияр Исаев.
2019 жылдан бері “DEZ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қаптамадағы ұнды өндіру үшін астық сатып алуға жеңілдетілген несие беріліп келеді. Қаптамадағы екі килограммдық ұн 253 және 260 теңгеден сатылады. Дәл осындай ұн алты әлеуметтік нан өндірушіге де таратылады. Бұл наубайханалар пісірген нанның бағасы – 90-103 теңге шамасында.
Петропавл нан-тоқаш комбинаты жыл сайын “қалалық” нанын пісіру үшін арзандатылған астықпен қамтамасыз етіледі. Өз дүкендерінде оны 74 теңгеден, сауда желілері мен супермаркеттерге 78 теңгеден сатады. Жергілікті жарма зауыты – “Рахат Опт” серіктестігіне қарақұмық жармасы мен күрішті бөлшек сауда желісіне төмендетілген бағамен жеткізуі үшін несие берілді.
– Біздің фермерлер қарақұмықты арзан бағамен тапсырады. Дүкендерде оның 1 килограммы 330 теңгеден сатылып жатыр. Бұл – республикадағы ең төменгі баға. Аталған зауыт қызылордалық күрішті тура егіс алқабынан тасымалдайды. Қазір бұл күріштердің бағасы – 335 теңге. Ал көптеген сауда желілеріндегі күріштердің коммерциялық бағасы – 500 теңге, – деді Данияр Исаев.
Сатып алынған көкөніс көлемі облыс тұрғындарын қамтамасыз етуге жеткілікті ме? Қоғамдық кеңес мүшелерінің бұл сауалына жауап берген басқарма басшысының орынбасары қор қала тұрғындарын қамтамасыз етуге жеткілікті екенін айтты. Ал ауыл тұрғындары көкөністерді өз бақшаларында өсіреді. Бұл жауапқа сенімнен гөрі күмән басым. Екінің бірі бақша өсіріп отырмағанын ескерсек, ауылдағы ағайын тұрақтандыру қорының арзан өнімінен неге қағылып отыр деген сауал туындайды.
Қоғамдық кеңес мүшелері тағы да әлеуметтік маңызы бар өнімдер тізіміне назар аударып, оған жеміс-жидектердің кейбір түрлерін қосуды ұсынды. Өткен жылы да осы мәселе кеңінен талқыланған болатын. Осыдан бірнеше жыл бұрын қабылданған әлеуметтік маңызы бар өнімдер тізімі осы күнге дейін еш өзгеріссіз келгені түсініксіз. Белсенділер тізімді кеңейту керек деген ойларын тағы бір мәрте қайталады. Сонымен қатар қоғам тарапынан нанның сапасына да шағым көп. Ұн үктіретін диірмендерге де, наубайханаларға да мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатқанын ескерсек, әлеуметтік маңызы бар нанның сапасына да талап жоғары болғаны дұрыс.
Қоғамдық кеңеске қатысқан “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Ғамали Жұмашов сауда желілері тұрақтандыру қорының тауарларын алмауға тырысатынын айтты. Бір тонна картоптың не болмаса сәбіздің ішінен шірігін тауып алып, соны сылтаурататын көрінеді. Алған күннің өзінде өздерінің коммерциялық бағамен сатып алған көкөнісін өткізу үшін тұрақтандыру қорының арзан өніміне өз бағасын қояды екен. Ал оларды тұрақтандыру қорының тауарын сатуға міндеттейтін тетік жоқ.
Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорының өнімдері Петропавлдағы 23 супермаркетте, көпқабатты тұрғын үйлердің маңындағы 12 дүкенде сатылады. Бұдан бөлек тұрақтандыру қорының жеті пункті жұмыс істеп тұр.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.