«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙЫРТАУ — АСЫЛ АЙМАҚ АРҚАДАҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар өңірінің жауһары атан­ған, туризм саласын дамыту мем­лекеттік бағдарламасының әлеуеті жоғары ондығына кір­ген Имантау-Шалқар курорттық ау­ма­ғы демалушыларды қарсы алуға әзір. Бауыры жасыл қарағаймен қым­талып, айналасы аққайыңдармен көмкерілген айдын көлдер маңында 42 туризм нысаны бар. Танымдық де­малысты таңдайтындар тарихи-мәдени және табиғи нысандарды аралай алады.

Имантау-Шалқар аймағы Айыр­тау ауданында орналасқан. Бұл жер­дің 60 пайызын орманды алқап алып жатыр. Қарағайлы-қайыңды ну ор­ма­ны бар, таудың жанындағы Иман­тау көлінің балыққа толы суы тұщы болса, Шалқар көлі өзінің тұзды, ми­нералды суымен әйгілі. Ғалымдар­дың айтуынша, Шалқар суының құрамы Қара теңіздікімен пара-пар. Оңтүстік жағалауы шипалы балшық­тан тұра­ды. Сондықтан бұл көлге демалумен қатар ем алу үшін ке­летіндер аз емес. Мұнда аңшылық, ба­лық аулау, емдік-сауықтыру ту­ризмі салалары бойынша маман­дан­ған демалыс орталықтары шо­ғыр­лан­ған.

Облыстық кәсіпкерлік және ин­дустриялық-инновациялық даму бас­қармасының мәліметінше, былтыр мұнда 62,5 мың адам дема­лыпты. Соң­ғы жылдары саяхатшы­лар қата­ры артып келеді. Өйткені Имантау-Шалқардың таңғажайып табиғаты Бурабай курорттық айма­ғына ұқсас әрі таза. Туристер маусым-тамыз ай­ларын­да көбейеді.

“Иман­тау-Шалқар” курорттық айма­ғы­на Петропавлдан күнделікті “Пет­ро­павл-Имантау” авто­бусымен жетуге болады, билет құны – 2200 теңге. Көлік таңғы сағат жетіде жолға шығып, Имантау ауы­лы­на сағат то­ғыздан кете жетеді. Ку­рорттық ай­маққа пойызбен бару мүм­кіндігі де қа­растырылған. “Қарағанды-Қостанай” электр пойызы Саумал­көл станция­сына күн сайын қатынай­ды. Ертесіне осы пойыз Саумалкөл станциясына сағат 8:20-да тоқтай­ды”, – дейді бас­қарма жанындағы туризмді дамыту және лицензиялау бөлімінің маманы Қанат Шамсут­динов.

Қайталанбас сұлу табиғатымен тамсандыратын жер жәнна­тына әуе жолы арқылы да баруға бо­лады. “Ақтау-Көкшетау” әуе рейсінің билет бағасы ұшуды брондау күніне және ұшақта отыру класына байла­нысты. Көкшетау қаласына ұшып келу уақыты – сағат 13:00-де. “Шым­кент-Көкшетау” әуе рейсі Көкшетау қа­ласына сағат 19:00-де қонады. “Ал­маты-Көкшетау” әуе рейсі сағат 11:55-те Көкшетауға ұшып келеді.

Сондай-ақ Айыртау ауданына әдетте вокзал маңындағы автотұ­рақта тұратын рейстік автобустар­мен немесе таксимен жетуге бола­ды. Мұндай сапардың құны Көкше­тау қаласынан 3000 теңге, Петро­павл­дан 4000 теңгені құрайды. Де­ма­лыс аймақтарына жету үшін Сау­малкөл ауылының такси қызметтерін пайдалануға болады. Жол жүрудің орташа құны баратын жеріне бай­ланысты шамамен 2500 теңге.

Жезкиік ақын Кәкімбек Салықов:

“Айыртау – асыл аймақ Арқадағы,

Бал кәусар жан баурайды тау самалы.

Қиядан қос өркешті көз шалғанда,

Аңсаған ата-анаңдай қарсы ала­ды”, – деп жырлағандай, Айыртау ауда­ны – экономикасы қарқынды дамып, халқының әлеуметтік деңгейі жақ­сарған, табиғи сұлулығымен көз тартатын аудандардың бірі. Төрелер тұқымы мекен етіп, өзіне орда еткен киелі жерде талай ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері дүниеге келген. Қазақтың әншілік пен ақындық өне­рін құстың қанатындай тең ұстап, атақ пен абыройға ие болған Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Орынбай сынды дара тұлғалар, ғылым мен білімнің, сәу­лет өнерінің шырағын жағып, өз­дерін алты алаш­қа мойындатқан Шо­қан Уәлиханов, Шахмет Құсайынов, Шот-Аман Уәлиханов сияқты дүл­дүл­дер дүниеге келген, Кәкімбек Са­лықов білім-тәрбие алған, Бәйкен Әшімов еңбек жолын бастаған қа­сиетті жер. Осындай атақты ұлдар­дың отаны болған киелі жерде та­рихи-мәдени ескерткіштер де аз емес. Бүгінгі күні Сырымбетті Шоқан Уәлиханов мұражайы, Айғаным қо­нысы, халқымыздың бірлігінің өшпес өнегесіндей болған Қарасай мен Ағын­тай батырларға арналған ес­керт­кіштер өткен тарихымыздан сыр шер­теді.

Ежелгі тарихты ұнататындар неолит дәуіріндегі тайпалардың мә­дениетімен таныса алады. “Ботай” археологиялық ескерткіші арқылы ғалымдар адамзаттың жылқыны алғаш рет осы өңірде қолға үйрет­кенін дәлелдеді. Оны еуропалық ғалымдар да растады. Жалпы ар­хеологтардың көп жылдық қажыр­лы еңбегі ғалымдардың ежелгі әлемнің дамуы туралы түсінігін өзгертті. “Ботай” қонысында барлы­ғы 60 тұрғын үй зерттелді, 200 мың­нан астам археологиялық зат, 10 тон­на­дан астам жылқы және басқа жа­нуарлардың сүйегі табылды.

Саяхатшылар Қарасай мен Ағын­тай батырлардың тарихи ме­мориалдық кешеніне ат басын бұра алады. Мәдениет ауылының маңында орналасқан ескерткіш биік төбеде тұр. Қос батыр 200-ден астам шайқасқа қатысып, 48 жыл бойы Қазақ хандығын еліміз бен жерімізге көз алартқан басқыншылардан қор­ғаған екен. Батырларға арналған кесене ерлік, бірлік пен достықтың символы­на айналды. Шоқының үсті­не екі ду­лыға түрінде қызыл кірпіштен салын­ған кешен анадайдан мен­мұнда­лайды. Қасында мешіт орналасқан. Күмбездердің айналасында ежелгі жауынгерлердің бірнеше бейіті бар.

Ал аудан орталығынан 40 кило­метр қашықтықта орналасқан Сы­рымбет ауылында көрнекті ғалым, саяхатшы, этнограф Шоқан Уәлиха­новтың музейі орналасқан. Сондай-ақ бұл жерден Шоқанның балалық шағы өткен Айғаным қонысын тама­шалауға болады. Айғаным қонысы ХІХ ғасырдың басында орыс патша­сының арнайы қаражат бөлуімен тұрғызылған. Қыстақ табиғаты әсем жерде – таудың жиегінде, үлкен көл­дің маңында бой көтерген.

“Айғаным Сарғалдаққызы (1783-1853 жж.) – XIX ғасырдағы қазақ әйел­дерінен шыққан қоғам қайратке­рі. Абылай ханның келіні, Уәли хан­ның кіші әйелі, Шоқан Уәлихановтың әже­сі. Өзі араб, парсы, шағатай, орыс тілдерін меңгерген. Бала Шо­қан­ның қалыптасуы мен ой-сана­сының жетілуіне әжесінің тәрбиесі көп әсер еткен. Қазақтан шыққан тұң­ғыш ға­лымның қолжазбалары мен заттары осы Айғаным қонысында сақтаулы, қазір мұнда 8 мыңға жуық жәдігер бар. Олардың қатарынан ханым қолданған ыдыс-аяқтарды, иленген аю терісін, сандықтарды кез­дестіруге болады”, – дейді Сырым­бет тарихи-этно­графиялық мұража­йы­­ның директо­ры Уәлихан Құлбаев.

Табиғи ескерткіш – 124 жылдық тарихы бар дендробақ та осы Айыртау ауданында орналасқан. Оның негізін Ресейден қоныс ау­дарған полковник Храновский деген кісі қалаған. Дендробақтың аумағы 3 гектарды алып жатыр. Қазір мұнда сирек кездесетін ағаштар мен бұ­талардың 30-дан астам түрі бар. Балқарағай, шегіршін, май қарағай, барбарис, көгілдір шырша ағаштары сәнділігімен көз тартады.

Имантау және Шалқар көлдері­нің жағалауында маусымдық үлгідегі көптеген демалыс базасы орна­лас­қан. Қанат Шамсутдиновтің айтуын­ша, демалыс аймағындағы 42 ту­ризм нысанының жыл сайын мате­риалдық-техникалық базасы жаңар­ты­лып, ұсынылатын қызметтер саны кеңейіп келеді.

Демалыс аймақтарынан бір күн­ге бір адамға 2500-10000 теңгеге де­йін жатын орын табуға болады. Мә­селен, бюджеттік нұсқа – “Тұрпан-1,2” демалыс базалары, ол 2500 тең­геге (бір адамға) көл жағасындағы үйде қону, монша, демалуға арнал­ған орын және спорт алаңын ұсына алады. “Горняк” демалыс ай­мағында баға 3000 теңгеден бас­талады. “Қара лагуна” демалыс ба­за­сында да 3000 теңгеге демалуға болады. Мұнда сауда орны, жазғы дәмхана, спорт алаңдары жұмыс істейді.

“Арман” демалыс аймағында баға 5000 теңгеден басталады. Мұн­да демалушылар моншаға түсіп, ба­туттарды, катамарандарды, волей­бол алаңын, киіз үйді пайдалана алады. “Изумрудное” де­малыс орта­лығы жанынан ашылған дәмхана мен қонақүй қызметін қол­да­нушы­лардың қатары қалың. Демалыс аймақтарындағы үй­лер газ плитасы­мен, тоңазытқыш­тар­мен, теледи­дар­мен, ыдыс-аяқпен жабдықтал­ған. Демалушылар өздері де тамақ әзірлей алады. Бал­қарағай бөшке-ваннасы, 2 монша, гид­роскутерлер бар. Қыста аэрошана, шаңғы, коньки тебуге болады.

“Қазығұрт” демалыс аймағы отан­­дық және шетелдік туристерге тоңазытқыштармен, шәйнектермен, электр плиталарымен, микротол­қынды пештермен, ас үй жиһазымен жабдықталған заманауи қонақүй­лерді ұсынады.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp