Қызылжар өңірінің жауһары атанған, туризм саласын дамыту мемлекеттік бағдарламасының әлеуеті жоғары ондығына кірген Имантау-Шалқар курорттық аумағы демалушыларды қарсы алуға әзір. Бауыры жасыл қарағаймен қымталып, айналасы аққайыңдармен көмкерілген айдын көлдер маңында 42 туризм нысаны бар. Танымдық демалысты таңдайтындар тарихи-мәдени және табиғи нысандарды аралай алады.
Имантау-Шалқар аймағы Айыртау ауданында орналасқан. Бұл жердің 60 пайызын орманды алқап алып жатыр. Қарағайлы-қайыңды ну орманы бар, таудың жанындағы Имантау көлінің балыққа толы суы тұщы болса, Шалқар көлі өзінің тұзды, минералды суымен әйгілі. Ғалымдардың айтуынша, Шалқар суының құрамы Қара теңіздікімен пара-пар. Оңтүстік жағалауы шипалы балшықтан тұрады. Сондықтан бұл көлге демалумен қатар ем алу үшін келетіндер аз емес. Мұнда аңшылық, балық аулау, емдік-сауықтыру туризмі салалары бойынша маманданған демалыс орталықтары шоғырланған.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, былтыр мұнда 62,5 мың адам демалыпты. Соңғы жылдары саяхатшылар қатары артып келеді. Өйткені Имантау-Шалқардың таңғажайып табиғаты Бурабай курорттық аймағына ұқсас әрі таза. Туристер маусым-тамыз айларында көбейеді.
“Имантау-Шалқар” курорттық аймағына Петропавлдан күнделікті “Петропавл-Имантау” автобусымен жетуге болады, билет құны – 2200 теңге. Көлік таңғы сағат жетіде жолға шығып, Имантау ауылына сағат тоғыздан кете жетеді. Курорттық аймаққа пойызбен бару мүмкіндігі де қарастырылған. “Қарағанды-Қостанай” электр пойызы Саумалкөл станциясына күн сайын қатынайды. Ертесіне осы пойыз Саумалкөл станциясына сағат 8:20-да тоқтайды”, – дейді басқарма жанындағы туризмді дамыту және лицензиялау бөлімінің маманы Қанат Шамсутдинов.
Қайталанбас сұлу табиғатымен тамсандыратын жер жәннатына әуе жолы арқылы да баруға болады. “Ақтау-Көкшетау” әуе рейсінің билет бағасы ұшуды брондау күніне және ұшақта отыру класына байланысты. Көкшетау қаласына ұшып келу уақыты – сағат 13:00-де. “Шымкент-Көкшетау” әуе рейсі Көкшетау қаласына сағат 19:00-де қонады. “Алматы-Көкшетау” әуе рейсі сағат 11:55-те Көкшетауға ұшып келеді.
Сондай-ақ Айыртау ауданына әдетте вокзал маңындағы автотұрақта тұратын рейстік автобустармен немесе таксимен жетуге болады. Мұндай сапардың құны Көкшетау қаласынан 3000 теңге, Петропавлдан 4000 теңгені құрайды. Демалыс аймақтарына жету үшін Саумалкөл ауылының такси қызметтерін пайдалануға болады. Жол жүрудің орташа құны баратын жеріне байланысты шамамен 2500 теңге.
Жезкиік ақын Кәкімбек Салықов:
“Айыртау – асыл аймақ Арқадағы,
Бал кәусар жан баурайды тау самалы.
Қиядан қос өркешті көз шалғанда,
Аңсаған ата-анаңдай қарсы алады”, – деп жырлағандай, Айыртау ауданы – экономикасы қарқынды дамып, халқының әлеуметтік деңгейі жақсарған, табиғи сұлулығымен көз тартатын аудандардың бірі. Төрелер тұқымы мекен етіп, өзіне орда еткен киелі жерде талай ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері дүниеге келген. Қазақтың әншілік пен ақындық өнерін құстың қанатындай тең ұстап, атақ пен абыройға ие болған Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Орынбай сынды дара тұлғалар, ғылым мен білімнің, сәулет өнерінің шырағын жағып, өздерін алты алашқа мойындатқан Шоқан Уәлиханов, Шахмет Құсайынов, Шот-Аман Уәлиханов сияқты дүлдүлдер дүниеге келген, Кәкімбек Салықов білім-тәрбие алған, Бәйкен Әшімов еңбек жолын бастаған қасиетті жер. Осындай атақты ұлдардың отаны болған киелі жерде тарихи-мәдени ескерткіштер де аз емес. Бүгінгі күні Сырымбетті Шоқан Уәлиханов мұражайы, Айғаным қонысы, халқымыздың бірлігінің өшпес өнегесіндей болған Қарасай мен Ағынтай батырларға арналған ескерткіштер өткен тарихымыздан сыр шертеді.
Ежелгі тарихты ұнататындар неолит дәуіріндегі тайпалардың мәдениетімен таныса алады. “Ботай” археологиялық ескерткіші арқылы ғалымдар адамзаттың жылқыны алғаш рет осы өңірде қолға үйреткенін дәлелдеді. Оны еуропалық ғалымдар да растады. Жалпы археологтардың көп жылдық қажырлы еңбегі ғалымдардың ежелгі әлемнің дамуы туралы түсінігін өзгертті. “Ботай” қонысында барлығы 60 тұрғын үй зерттелді, 200 мыңнан астам археологиялық зат, 10 тоннадан астам жылқы және басқа жануарлардың сүйегі табылды.
Саяхатшылар Қарасай мен Ағынтай батырлардың тарихи мемориалдық кешеніне ат басын бұра алады. Мәдениет ауылының маңында орналасқан ескерткіш биік төбеде тұр. Қос батыр 200-ден астам шайқасқа қатысып, 48 жыл бойы Қазақ хандығын еліміз бен жерімізге көз алартқан басқыншылардан қорғаған екен. Батырларға арналған кесене ерлік, бірлік пен достықтың символына айналды. Шоқының үстіне екі дулыға түрінде қызыл кірпіштен салынған кешен анадайдан менмұндалайды. Қасында мешіт орналасқан. Күмбездердің айналасында ежелгі жауынгерлердің бірнеше бейіті бар.
Ал аудан орталығынан 40 километр қашықтықта орналасқан Сырымбет ауылында көрнекті ғалым, саяхатшы, этнограф Шоқан Уәлихановтың музейі орналасқан. Сондай-ақ бұл жерден Шоқанның балалық шағы өткен Айғаным қонысын тамашалауға болады. Айғаным қонысы ХІХ ғасырдың басында орыс патшасының арнайы қаражат бөлуімен тұрғызылған. Қыстақ табиғаты әсем жерде – таудың жиегінде, үлкен көлдің маңында бой көтерген.
“Айғаным Сарғалдаққызы (1783-1853 жж.) – XIX ғасырдағы қазақ әйелдерінен шыққан қоғам қайраткері. Абылай ханның келіні, Уәли ханның кіші әйелі, Шоқан Уәлихановтың әжесі. Өзі араб, парсы, шағатай, орыс тілдерін меңгерген. Бала Шоқанның қалыптасуы мен ой-санасының жетілуіне әжесінің тәрбиесі көп әсер еткен. Қазақтан шыққан тұңғыш ғалымның қолжазбалары мен заттары осы Айғаным қонысында сақтаулы, қазір мұнда 8 мыңға жуық жәдігер бар. Олардың қатарынан ханым қолданған ыдыс-аяқтарды, иленген аю терісін, сандықтарды кездестіруге болады”, – дейді Сырымбет тарихи-этнографиялық мұражайының директоры Уәлихан Құлбаев.
Табиғи ескерткіш – 124 жылдық тарихы бар дендробақ та осы Айыртау ауданында орналасқан. Оның негізін Ресейден қоныс аударған полковник Храновский деген кісі қалаған. Дендробақтың аумағы 3 гектарды алып жатыр. Қазір мұнда сирек кездесетін ағаштар мен бұталардың 30-дан астам түрі бар. Балқарағай, шегіршін, май қарағай, барбарис, көгілдір шырша ағаштары сәнділігімен көз тартады.
Имантау және Шалқар көлдерінің жағалауында маусымдық үлгідегі көптеген демалыс базасы орналасқан. Қанат Шамсутдиновтің айтуынша, демалыс аймағындағы 42 туризм нысанының жыл сайын материалдық-техникалық базасы жаңартылып, ұсынылатын қызметтер саны кеңейіп келеді.
Демалыс аймақтарынан бір күнге бір адамға 2500-10000 теңгеге дейін жатын орын табуға болады. Мәселен, бюджеттік нұсқа – “Тұрпан-1,2” демалыс базалары, ол 2500 теңгеге (бір адамға) көл жағасындағы үйде қону, монша, демалуға арналған орын және спорт алаңын ұсына алады. “Горняк” демалыс аймағында баға 3000 теңгеден басталады. “Қара лагуна” демалыс базасында да 3000 теңгеге демалуға болады. Мұнда сауда орны, жазғы дәмхана, спорт алаңдары жұмыс істейді.
“Арман” демалыс аймағында баға 5000 теңгеден басталады. Мұнда демалушылар моншаға түсіп, батуттарды, катамарандарды, волейбол алаңын, киіз үйді пайдалана алады. “Изумрудное” демалыс орталығы жанынан ашылған дәмхана мен қонақүй қызметін қолданушылардың қатары қалың. Демалыс аймақтарындағы үйлер газ плитасымен, тоңазытқыштармен, теледидармен, ыдыс-аяқпен жабдықталған. Демалушылар өздері де тамақ әзірлей алады. Балқарағай бөшке-ваннасы, 2 монша, гидроскутерлер бар. Қыста аэрошана, шаңғы, коньки тебуге болады.
“Қазығұрт” демалыс аймағы отандық және шетелдік туристерге тоңазытқыштармен, шәйнектермен, электр плиталарымен, микротолқынды пештермен, ас үй жиһазымен жабдықталған заманауи қонақүйлерді ұсынады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.