Мағжан Жұмабаев атындағы ауданның Сарытомар ауылында дәстүрлі “Мағжан оқулары” байқауының облыстық кезеңі өтті. Екі күнге созылған сайыста облыстың әр ауданынан қатысқан 42 оқушы бақ сынады. Байқау әдеттегідей үш аталым бойынша өтіп, жас дарындар ақындық өнерін, орындаушылық шеберлігін, зерттеушілік қабілеттерін сынға салды.
Алдымен талапкерлер ақынның туған жеріндегі мұражайға барып, ондағы құнды жәдігерлермен танысты. Мағжан Жұмабаевтың қилы тағдыры жайлы оларға мұражай жетекшісі Айгүл Жүнісбаева айтып берді. Содан кейін жастар мұражай ауласындағы Алаш арысының ескерткішіне тағзым етіп, гүлшоқтарын қойды. Аталған шарада қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин, Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің директоры Ерлік Жанділдин сөз сөйледі.
Сайыстың облыстық кезеңі тартысты өтті. Мұнда келген қатысушылардың алды – бұрын да бірқатар байқауларда топ жарып үлгергендер. Олардың жұмысына өңірдегі білім ордаларының білікті мұғалімдері мен қалам ұстаған аға буын өкілдері баға берді.
– Соңғы бірнеше жыл түрлі байқауларға куә болып келемін. Мағжан шығармашылығына жастардың қызығушылығы артып отыр. Бүгінгі байқауды ақынның туған жерінде өткізу дұрыс шешім болды. Мағжан оқуларын білім алушылар мен ұстаздар жыл бойы асыға күтеді, ұзақ дайындалады. Осылайша бірнеше іріктеуден өткен балалар алдымызға келеді. Оқушы болғасын олардың да кемшіліктері білініп жатады. Десе де жастардың талаптары жақсы. Республикалық кезеңге жолдама алғандар өңір намысын лайықты қорғап шығатынына сенемін, – дейді қазылар алқасының мүшесі, ақын Аманжол Зағыпар.
Жарыс қорытындысы бойынша “Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім” аталымында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан келген Жансая Мырзаш, “Жасынан оқу оқып, өнер қуған” аталымында шалақындық Әдемау Ысқақ, “Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған” номинациясында Қызылжар ауданының қатысушысы Арай Мархаба топ жарды. Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж тағайындаған “Жеңіске деген ынтасы үшін” сыйлығына №2 Бескөл орта мектебінің оқушысы Алина Нұрым ие болды. Ал бас бәйгені Смирнов орта мектебінің оқушысы Айдана Мамбетова қанжығасына байлады. Байқаудың республикалық кезеңі облысымызда келер айда өтпек.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.