«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН – СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗЫЗОР ӨҢІР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында көктемгі егіс науқанымен танысу үшін Аққайың ауданы “Дайындық Агро” ЖШС-ға қарасты егістік алқабын аралап көрді.

Аталған шаруашылық дәнді, майлы дақылдар өсірумен және мал шаруашылығымен айналысады. Иелігінде 15,8 мың гектар егістік алқабы, 4,2 мың гектар жайылымдық жері бар. “Дайындық Агро” серіктестігінің директоры Біржан Шәймерденов биыл бидайдың аустриялық “Тризо” сортын егіп, гектарынан 25 центнер өнім алуды жоспарлап отырғанын айтты.

Президент диқандардың экспорттық сұранысы жоғары дақылдарды өсіруге бейімделгенін атап өтіп, шаруалардың еңбегіне оң баға берді.

Президентке көктемгі егіс науқанының барысы жөнінде мәлімет берілді. Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың айтуынша, егістік алқаптарына минералды тыңайтқыш жеткізу, көктемгі егіс жұмыстарына техника сайлау, диқандарды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету ісі жоспарға сай орындалып жатыр. Биыл облыс бойынша 4,5 миллион гектар жерге егін егіледі, оның 3,2 миллион гектары – дәнді, дәнді-бұршақты дақылдар, 960 мың гектары – майлы дақылдар. 353 мың гектарға – мал азығын, 34,1 мың гектарға – картоп, 6,2 мың гектарға басқа көкөніс түрлерін егу белгіленген.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін егістік алқаптарын әртараптандырып, әлеуметтік маңызы бар дақылдарды көбірек егу мәселесіне ұдайы назар аударылады. Соңғы жылдары облыста қарақұмық егу 3 есе, картоп, сәбіз, орамжапырақ секілді көкөністер алқабы шамамен 1,5-2 есе артқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев егістік басында облыстың ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерімен әңгімелесті. Олар мемлекеттің тиімді қолдауы нәтижесінде шаруашылықтарын кеңейтуге мүмкіндік алғанын айтты. Ірі шаруашылықтар ауыл халқын жұмыспен қамтып қана қоймай, әлеуметтік бастамаларға да үлес қосып келеді.

Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар мен өндіріс тәсілдерін енгізу маңызды екеніне назар аударды. Президенттің пікірінше, бұл шаралар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, нақты табысының артуына ықпал етеді. Қазіргі кезде Солтүстік Қазақстан облысындағы еңбек өнімділігі, ауыл шаруашылығы саласындағы бір жұмысшыға шаққанда, 5 миллион теңгені құрайды. Бұл – республикалық орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.

Сондай-ақ Президент облыс басшылығына осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруды және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін дамытуды тапсырды. Сондай-ақ диқандардың көктемгі егіс науқанын сәтті атқаруына тілектестік білдірді.

Президент облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен кездесу барысында ЕАЭО қызметінің басым бағыттары жөнінде пікірін білдірді.

“Ресей Федерациясымен шекара бойында орналасқан Солтүстік Қазақстан облысының стратегиялық маңызы зор. Ресей – біздің серіктесіміз. Біз ЕАЭО аясында да, екіжақты деңгейде де кедергісіз сауда мен тауар алмасу ісін қамтамасыз ету үшін тұрақты келіссөздер жүргіземіз. Жуырда Мәскеуде ЕАЭО Жоғары Кеңесінің отырысы өтті. Жиында, ең алдымен, өзара экономикалық іс-әрекет, интеграция, ынтымақтастық мәселелерімен айналысу қажеттігі туралы айттық. Сауда-саттық кедергісіз жүргізілуі керек. Біз бірыңғай тауар нарығын құруға бар күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз. Қазақстандық жүк тасымалдаушылар тауарды Ресей нарығына да, үшінші мемлекеттердің нарықтарына да кедергісіз және тиімді жеткізу үшін Ресей аумағындағы ішкі темір жол тарифтері қолжетімді болуға тиіс. Тағы да қайталап айтамын: ЕАЭО, ең алдымен, экономикалық интеграциямен, содан кейін басқа мәселелермен айналысуы керек.

Идеология, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет салаларындағы мәселелер, әрине, назар аударуды қажет етеді. Бірақ басқа да платформалар бар. Онда біз барлық тиісті елдермен табысты ынтымақтастық орнатқанбыз. Сондықтан ЕАЭО, ең алдымен, 2015 жылғы шартта бекітілген міндетін орындайды деп сенеміз. Жақында Беларусь Республикасының Президенті Александр Григорьевич Лукашенко Қазақстанға одақтас мемлекетке кіруді ұсынды. Мен оның әзіліне лайықты баға бердім. Менің ойымша, бұған ешбір қажеттілік жоқ. Өйткені басқа интеграциялық бірлестіктер, соның ішінде, ең алдымен, Еуразиялық экономикалық одақ бар. Ядролық қаруға келетін болсақ, бізге бұл қару қажет емес. Себебі біз Ядролық қаруды таратпау туралы шарт пен Ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы шартқа қосылдық. Біз осы халықаралық құжаттар аясындағы міндеттемелерге адал болып қала береміз. Менің ойымша, осы кең Еуразиялық аймақтағы немесе үлкен Еуразиядағы ынтымақтастық экономикалық бағыт бойынша дамуға тиіс, оған біз бәріміз мүдделіміз. Нақты ортақ нарық құру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жұмыс сапары аясында Қызылжар ауданы аумағында орналасқан “Қызылжар-Сүт” фермасының жұмысымен танысты.

Мұнда Мемлекет басшысына сауын цехы және бордақылау алаңы көрсетіліп, кешенде қолданылатын сүт өндіру технологиясы таныстырылды.

Сүт фермасының бірінші кезеңі 2020 жылы іске қосылған. Былтыр кәсіпорынға 366 миллион теңге инвестициялық субсидия бөлінген. Германиядан симментал және голштин асылтұқымды ірі қара малы сатып әкелінген. Ферма 60 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Президент Солтүстік Қазақстан өңірінде мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін арттыруға мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.

“Біз мұндай өндірістік жобаларға міндетті түрде қолдау көрсетеміз. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жеңілдікпен кредит беру өз тиімділігін көрсетті. Яғни, қаржыландыру жағынан мәселе болмауға тиіс. Сүт өндірісін тиісті деңгейде ұйымдастыру керек. Бүкіл ел бойынша өз-өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін деңгейге жетуіміз керек”, – деді Мемлекет басшысы.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтің айтуынша, қазіргі таңда аймақта жыл сайын 650 мың тоннадан астам сүт өндіріледі. Бұл – республика бойынша өндірілетін сүт көлемінің 10 пайызы. Соңғы бес жылда облыста 16,5 мың бас ірі қараға есептелген 30 сүт фермасы ашылды. Биылдан бастап тағы да 17 тауарлы-сүт фермасын ашу үшін 54,9 млрд. теңге бөлінеді.

Жалпы облыста агроөнеркәсіп саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін жеңілдікпен кредит беру механизмі іске қосылған. Өңірді кешенді дамыту бағдарламасы аясында “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жалпы құны 35 млрд. теңгеге 35 жоба жүзеге асырылды.

Атап айтқанда, мемлекеттің қолдауымен 21 сүт фермасы және 2 құс фабрикасы пайдалануға берілді. Тағы бір құс фабрикасы алдағы уақытта іске қосылады. Ет өнімдерін шығаруға маманданған “EMC-Агро” ЖШС кешеніндегі мал саны 200 мың басқа дейін көбейіп, қосымша 180 жұмыс орны құрылмақ. Сонымен қатар май сығатын зауыт, жылыжай, суармалы егістік, асылтұқымды қой шаруашылығы секілді бірнеше бағытта түрлі жоба жүзеге асырыла бастады.

Президент агроөнеркәсіп кешені басшыларымен және қарапайым жұмысшылармен әңгімелесті. Олар мемлекет тарапынан жан-жақты қолдаудың нәтижесінде облыста мал шаруашылығының дамуы тың қарқын алғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы адал еңбегімен елді көркейтуге, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін ауыл еңбеккерлеріне алғыс айтты.

Сонымен қатар Президент облыс басшылығына жаңа фермаларды іске қосу және қолданыстағы шаруашылықтардың өндірістік қуатын арттыру арқылы сүт өндірісі бағытындағы мал шаруашылығын одан әрі дамыту жөнінде тапсырма жүктеді.

Президент “РимҚазАгро” қағаз өнімдерін шығаратын фабриканың жұмысымен танысты.

Өндіріс орнын аралап көрген Қасым-Жомарт Тоқаевқа фабрика жұмысының алғашқы нәтижесі баяндалды. “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы шеңберінде жобаны субсидиялауға қаржы бөлінген. Қағаз өнімдері фабрикасы – көпсалалы “Радуга” компаниясына қарасты кәсіпорындардың бірі ғана. Қазіргі кезде өңір халқын жыл он екі ай көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жылыжай құрылысы жүріп жатыр.

Президент елімізде “қарапайым заттар экономикасын” дамытуға және халық тұтынатын тауарлар түрлерін кеңейтуге ерекше мән берілетінін атап өтіп, кәсіпорын басшылығына сәттілік тіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде болып, білім беру, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен және жоғары оқу орнын одан әрі дамыту стратегиясымен танысты.

Университетте 6 мыңнан астам студент оқиды. Оқу орын базасында жаңа оқу-зертхана корпусы іске қосылған. Онда студенттер мен оқытушылардың түрлі тәжірибелер және ғылыми зерттеулер жүргізуіне барынша жағдай жасалған.

Президент ұшқышсыз басқарылатын аппараттарға арналған лабораторияны аралап көрді. Мұнда студенттер ГИС-технология арқылы жерді қашықтан зондтау деректеріне талдау жасауды үйренеді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа конфигурациясы күрделі детальдар алу жөніндегі инновациялық әдістер, симуляциялық оқыту және практикалық дағдылар орталықтары көрсетілді.

“Мен бұл салаға ерекше мән беремін. Аталған мәселелердің бәріне басымдық береміз. Себебі білім, білім мәдениеті болмаса, Қазақстан әрі қарай дами алмайды. Жақында біз Ғылым академиясына реформа жүргіздік, өте танымал әрі практик ғалымды президент етіп тағайындадық. Ғылым жөніндегі жоғары кеңестің бірінші отырысын өткіздім. Таяу арада сіздер де ғалымдар мен тәжірибелі мамандардың қатарын толықтырып, мемлекетіміздің дамуына елеулі үлес қосасыздар деп санаймын. Мен жастарға сенемін”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев оқытушылармен және студенттермен әңгімелесу барысында.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы халықаралық озық тәжірибені енгізу және елімізде шетелдік оқу орындарының филиалдарын ашу қажет екеніне назар аударды.

“Біз жетекші университеттерді елімізде филиалдарын ашу үшін шақырып отырмыз. Ресейдің техникалық университеттерін ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырдым. Алматыдағы ҚазҰУ-да физика-техника және Атырауда мұнай-газ салалары бойынша Ресей университеттерінің бөлімшелері ашылды. Жақында Сиань қаласында болдым. Ол жерде де Қытайдың техникалық бағыттағы жоғары оқу орындарының өз филиалдарын елімізде ашуына мүдделі екенімізді айттым. Мұның бәрі бізге пайдалы. Өйткені білім халықаралық ынтымақтастыққа жол ашады. Білімде шекара болмайды. Қарыштап дамып кеткен елдер бар. Артта қалып қойған, бірақ озық мемлекеттерді қуып жетуге талпынатын елдер де бар. Сондықтан бұл саланың перспективасы зор. Қазақстан білім саласын дамыту үшін алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылады деп ойлаймын. Мен сіздерге үлкен үміт артамын”, – деді Президент.

Университет ректоры Ерлан Шұланов Мемлекет басшысына шетелдік жетекші университеттердің филиалдарын ашу жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы жөнінде баяндады. Бүгінде М.Қозыбаев университеті АҚШ-тағы Аризона университетімен бірлесіп, қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыруды бастады.

Ректордың айтуынша, жоғары оқу орнының беделі оның профессорларына байланысты. Университет жас ғалымдарды тарту және кадрлық әлеуетті дамыту үшін белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Университетке АҚШ-тың мықты техникалық жоғары оқу орны – Вандербильт университетінен доктор PhD Рустам Гатамов, Гонконг университетінен облыстың тумасы Алексей Маликов оралған.

Жыл сайын университетке бөлінетін грант саны артып келеді және соңғы 5 жылда мектеп түлектерінің басқа жоғары оқу орындарына кетуі екі есе азайды. Бұдан бөлек, оқу орны жанынан 1500 орындық 4 жатақхана салынып жатыр. Аталған жобаның жүзеге асырылуы жатақхана мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді.

Президент университет оқытушыларымен және студенттермен әңгімелесу барысында еліміздегі білім саласының сапасын арттыру маңызды екенін атап өтті.

Президент Солтүстік Қазақстан облысының орталығында жаңадан бой көтерген қазақ сазды-драма театрының ғимаратын аралап көрді.

Осы шығармашылық ұжымда көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан театр директоры Біржан Жалғасбаев өнер ордасының ұжымы бертінге дейін “Энергетиктер сарайын” паналағанын, осы жылдар ішінде түрлі жанрда қойылымдар сахналап, халықаралық, республикалық байқауларда жүлде алғанын жеткізді. Оның айтуынша, жаңа ғимаратқа көшкен ұжым репертуарын жаңартуға, шетелдік және отандық өнер ұжымдарымен шығармашылық байланыс орнатуға мүмкіндік алды. Президент “Мағжан” пьесасынан үзінді тамашалап, театрды аралады. Содан кейін Қызылжар өлкесінің зиялы қауым өкілдерімен және қоғам белсенділерімен әңгімелесті.

– Бірлігіміз – әралуандықта. Бұл – біздің ең басты ұранымыз әрі ұстанымымыз. Қазақ болсын, басқа ұлт болсын – бәріміз бір халықпыз. Сондықтан бәріміз халқымыздың, еліміздің өркендеуіне қызмет етуіміз керек. Баршаңызға бақ-береке тілеймін. Біз әрдайым бірге боламыз. Алға қадам басу үшін ауызбіршілігімізді, достығымыз бен тұрақтылығымызды көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Әрине, елімізде әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық сипаттағы мәселелер бар. Проблемасыз ел болмайды. Тіпті ең дамыған, бақуатты елдерде де проблема бар. Егер елде тәртіп болса, заң қатаң сақталса, көздеген нәтижеге қол жеткіземіз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қоғам белсенділерімен елдің дамуы және өскелең ұрпақ тәрбиесі жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазақ әдебиетінің жарқын өкілі, ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығын жоғары деңгейде атап өту қажет екенін айтты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp