Қылмыстық атқару жүйесі облыстық департаментінің №50 түзету мекемесінде 1 маусым – Халықаралық балалардың құқықтарын қорғау күніне орай “Ашық есік” күні ұйымдастырылды.
Қазіргі уақытта мекемеде 200-ден астам әйел жазасын өтеп жатыр. Іс-шараға 40 сотталғанның 120-ға жуық туысы келді. Оларға түзету орнына экскурсия ұйымдастырылып, сотталғандарды ұстау шарттары таныстырылды.
Түзету мекемесінде балаларға арналып алтыбақан қойылып, аквагримі бар аймақ және ішінде ойын алаңы орналасқан киіз үйлер орнатылды. Сотталғандар пицца дайындау бойынша шеберлік сыныбына қатысқан жас аспаздарға өз қолдарымен арнайы алжапқыштар мен қалпақтар тігіп берді. Келушілер туыстарымен кездесіп қана қоймай, сонымен қатар тағамдардан дәм татып, мерекелік концерт және ойын-сауық бағдарламасын тамашалады.
Жазасын өтеп жатқан әйелдер үшін бұл күн ерекше болды. Ал К. есімді сотталғанның туыстары кездесу үшін ғана емес, сондай-ақ оны туған күнімен құттықтауға келіпті.
– Олар әрдайым менімен хабарласып, кездесіп тұруға тырысады. Туған күнімде отбасымның жанымда болатынына өте қуаныштымын. Біз балалар үшін қызықты бағдарлама дайындадық. Бәріміз осы күнге өте мұқият әзірленіп, ақыры жақындарымызбен кездестік. Мекеме әкімшілігіне және бүгін бізге келгендердің барлығына алғыс айтамын, – деді ол.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.