Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясында өзге этнос өкілдері арасында “Мемлекеттік тіл – менің тілім” атты сайыстың екінші кезеңі өтті.
Ондағы мақсат – мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру, тіл тазалығын сақтау, сөйлеуге үйрету. Болашақ офицерлердің бойында мемлекеттік тілге деген құрметті ұялата отырып, олардың Отанға деген сүйіспеншілігін, ұлттық салт-дәстүрлерге деген қызығушылықты ояту.
Сайыс үш айналымнан тұрды. Бірінші айналымда қатысушылар өздерін таныстырса, келесіде сөз мәйегі – мақал-мәтелді қаншалықты білетіндерін сынға салды. Соңғы – “Көркем сөз” айналымында еліміздің ақын-жазушыларының туындыларынан үзінді оқып, тіл шеберлігін танытып, өз білімдері мен біліктіліктерін ортаға салды.
“Тұлпар шаппай бәйге алмас”, – дегендей, сайыстың оза шапқан жеңімпаздары айқындалды. Бірінші орынды өзгелерден білімі мен өнері арқылы озған бөлімше командирі, сержант Даниил Хакаю иеленді. Екінші орынға взводтың кіші сержанты Кирилл Родионов лайық деп танылды. Үшінші орын курсант Аюбжан Лолаевқа бұйырды.
“Тіліміз басқа болса да, тілегіміз бір, түріміз басқа болса да, жүрегіміз бір” деп жырлаған дарқан еліміздің бірлігі – тілі ортақ адамдардың көбейе түсуімен де нығаяды. Ендеше, мемлекеттік тілді білуге талпынған өзге этнос өкілдерінің ынтасы құптарлық.
Олжас Әділбек,
Ұлттық ұлан академиясының баспасөз хатшысы.