«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАТТЫҚ ЖОЛЫНДА ҚҰРБАН БОЛҒАНДАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығында Солтүстік Қа­зақстан мемлекеттік архиві мен Қазақстан Республикасы Прези­дентінің архиві бірлесе отырып, сая­си қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай “Қызылжар өңірінің Алаш қайраткер­лері” атты жылжымалы фотоқұжат­тық көрме ұйымдастырды. Оған келушілердің қатары қалың болды.

Әр жылдары қазақтың азаттығы үшін жандарын шүберекке түйе жү­ріп қызмет еткен ардақтылардың бір шоғыры қасиетті Қызылжар жерінде дүниеге келген. Олардың Тәуелсіз­дікті жақындатуға қосқан үлестері ора­сан. Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасұлы, Жұмағали Тілеулин, Қошке Кемеңгерұлы, Ахмет Жанта­лин, Салмақбай Күсемісов, Байба­тыр Ержанов сынды қайраткерлер­дің ғұмырнамасына терең бойласа­ңыз, олардың қазақ үшін бастарын бәйгеге тіккенін аңғарасыз. Келушілер назарына есімі атал­ған ардақтылардың өмірі мен ар­тына қалдырған мол мұрасына байланысты бірегей архивтік құжат­тар ұсынылды. Алаш азаматтары­ның өз қолдарымен толтырған анке­талары, куәліктері, “Мир труда”, “Жас азамат”, “Бостандық туы” ба­сылымдарында жарияланған мақа­ла­лары, солтүстік өңірдегі Алаш әс­керінің тарихына қатысты Аққұсақ жиылысына қатысты құжаттар көр­менің басты жәдігерлері болды. 1918 жылы 18 тамызда “Жас аза­мат” газетінің 3 санында жариялан­ған Мағжан Жұмабаевтың “Мен жастарға сенемін” өлеңі көрме төрінен орын алды.

– Көрме сөресіне Алаш қайрат­керлеріне қатысты “Жұмағали Тілеулин”, “Қызылжардың шерлі тарихы”, “Солтүстік Қазақстан және Алаш”, саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын толық ақтау жөніндегі мем­лекеттік комиссияның материал­дары мен облыстың атаулы күндері­нің күнтізбесі де қойылды. Олар­дың әрқайсысына мұқият көңіл бөліп, ескі құжаттарды оқып шығуға тырыстым. Мағжан ақын өмір сүрген заманды көзбен көргендей әсерге бө­ленгенімді жасырмаймын, – дейді қала тұрғыны Асыл Омарова.

Айшагүл ӘШІМОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp