«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тарихтан тағылым — өткенге тағзым

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Егемендік алғалы тарихтың бұрын бүркемеленіп келе жатқан кезеңдері зерттеліп, шаң басқан архив деректері ғылыми айналымға түсті. Тәуелсіз республикалардың тарихшылары өткен ғасырдың 20-30 жылдары орын алған оқиғалардың әділ бағасын беру мәселесін көтере бастады. Сол жылдары жазықсыз құрбан болғандарды ақтау ісі қарқын алды. Қатаң режімнен орасан зор зардап шеккен қазақ халқы да қасіретті жылдардың зобалаңын жадынан шығарған емес. Қанды қасаптың қазақтың жүрегіне салған қара таңбасы әлі жазыла қойған жоқ.

Солақай саясаттың салқыны тиген Қызылжар даласы да талай сырды ішіне бүгуде. Осында ізі қалған Алаш қайраткерлерінің өмірі терең зерттеуді қажет етеді. Мағжан Жұмабаев бастаған ұлт жоқтаушыларын құндақтаған Қызылжар өңірінде Алаштың тағдырына қатысты талай маңызды оқиғалар орын алғаны мәлім. Осындай тың деректерді жұртшылыққа таныстыру үшін әрі ақиық ақынның туғанына 130 жыл толуына, сондай-ақ, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай облыс орталығында “Тарихи сана – қоғамды ұйыстырушы фактор” атты конференция өтті.

Конференция отырысының алдында алыс-жақыннан келген қонақтар ақынның туған жері – Сарытомарға барып, жұртшылықпен кездесті. Сарытомарлықтар қонақтарды қуана қарсы алып, қуанышты екендіктерін жеткізді. Кейін жиналғандар облыс орталығындағы ақынның әкесі Бекеннің қабіріне барды. Мағжан Жұмабаев көшесінің бойындағы ескерткіштің алдында арнайы шара өтіп, келгендер гүлшоқтарын қойып, тебірене сөз сөйледі.

Конференцияның пленарлық отырысы облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиевтің құттықтау сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мен тарихи зерттеулер жүргізудің маңыздылығына тоқталып, шара жұмысына сәттілік тіледі.

Одан әрі мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған Мағжан Жұмабаевтың ағарту және саяси қызметі жөнінде баяндама жасады.

– Сталиндік қылмыстық режімге қарсы тұрған ұлт қайраткерлерінің ішінде Мағжанның орны елеулі. Ақынның шығармашылығы ұзақ жылдар бойы дәріптелмеді, қайраткерлігі жеткілікті зерттелген жоқ. Мағжан сөзсіз ірі саяси тұлға еді. Бұған – менің Қазақстан, Ресей архивтерінен тапқан деректерім дәлел. Әсіресе 1921-1922 жылдары елді жайлаған аштық кезінде ол азаматтық танытты. 1922 жылы аштарға көмек көрсетуге басшылық етті. Кейін ақынмен бірге Мәскеуде болған замандастарының деректерінен оның үлкен қаладағы саяси оқиғалардың ортасында жүргенін аңғарамыз. 1957 жылы шетелде жүрген Зәки Уәлиди де Мағжан жайлы жазған. Архивтерде ақынның есімі аталатын құжаттар мен сипаттамалар бар. Алайда оларға абайлап қарау керек. Кей адамдардың жазбалары күштеп, қысым көрсетіп жазылуы да мүмкін, – дейді Бүркітбай Аяған.

Кейін Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың профессоры Құрманғали Дәркенов Қазақстандағы ашаршылықтың орын алу себептері жайлы баяндама жасады. Өз сөзінде ол аштыққа басты себеп астық және ет дайындау науқаны болғанын атап өтті. Профессордың айтуынша, сол жылдары Мәскеу тұтынған еттің 50 пайызы Қазақстаннан жеткізіліп тұрған. Осының салдарынан 6-8 жастағы қазақ балаларының 30 пайызы ғана аштықтан аман қалса, кейін олар Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, тіптен қатарлары сиреген. Бір жұбаныш болары – одан әрі бала туу көрсеткішінің артып, халық санының көбейгені. Ет дайындауда қазақ даласы бірінші орында, Украина екінші орында болған екен. 1933 жылы халықтың қолында малдың 10 пайызы ғана қалған. Алайда сол кезде құрбан болғандардың нақты саны әлі де белгісіз.

Пленарлық отырыстан кейін конференция жұмысы “Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін: тарихи дереккөздерге түсініктеме және талдау” тақырыбындағы секциялық жиынға ұласты. Онда жиналғандар тақырыпты тереңнен қаузап, 20-30 жылдардағы оқиғалар мен саяси қуғын-сүргін жайлы айтты. Профессор Талғатбек Құлтаев, “Bolashaq” академиясының кафедра меңгерушісі Алия Ильясова, астаналық ғалым Махаббат Қозыбаева және өзге де ғалымдар кеңес үкіметіндегі депортация, өткен ғасырда қазақстандықтарды сайлау құқығынан айыру, байларды тәркілеу, азап лагерьлері сияқты тақырыптарды қаузады.

“Мағжан Жұмабайұлының мұрасына заманауи көзқарас” сессиясы ақын тұлғасына арналып, зерттеушілер өр тұлғаның шығармашылығын, публицистикасын, педагогикасын, қайраткерлігін түгел қамтуға тырысты. Мәселен, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың профессоры Зарқын Тайшыбай ақынның мақалалары жайлы баяндаса, атыраулық профессор Жанна Қыдыралина түрлі дереккөздердегі ақын өмірі жайлы мәліметтерді ортаға салды. Филология ғылымдарының докторы Қайырбек Кемеңгер өз баяндамасын “Менің Мағжаным” деп атап, бірқатар мәселені көтерді. Ғалым ақын есімін жаңғырту жолында бірқатар істер атқарылуы керектігін баса айтты. “Мағжанның ғылыми түсініктері жиналған толық академиялық жинақ шығару қажет. Ақынның аудармасының көлемі жеті томға жуықтайды. Ақын туралы ел аузында сақталған деректер, құнды мәліметтер аз емес. Оларды да бір жинаққа топтастырудың маңызы зор. Ақын редакторлық еткен, Омбыдағы “Бірлік” жастар ұйымы шығарған “Балапан” журналын іздеп табу керек”, – деді ғалым.

Жиналған зиялы қауым бұл ұсыныстарды бірауыздан қолдап, жүзеге асуына атсалысатындарын айтып жатты.

Форумға филология ғылымдарының докторы, ақын Жанат Әскербекқызы да қатысып, ақынның қазақ поэзиясындағы орны жайлы баяндама жасады.

– Мағжан қазақтың рухани, мәдени, саяси тарихында үлкен із қалдырды. Мағжан тек саясат майданында ғана емес, поэзия майданында да танылып, өлең арқылы ұлтының асқақ болмысын танытты. Әлемдік қаламгерлермен жырымен бәсекеге түскен ақынның әр өлеңінен теңіздің түбіндегі інжу-маржандай ғажайыпты табамыз. Абай салған сара жол мен поэзия кеңістігіне бет алған тұстан-ақ, ақындық мұратын, азаматтық көзқарасын айқын танытқан Мағжанның кемел таланты, биік эстетикалық талғамы ұлттық поэзиямызды жаңа деңгейге көтерді, – дейді бірқатар өлеңге терең талдау жасап, көркемдік құндылығын айқындаған Жанат Әскербекқызы.

Ақындығымен қатар Мағжанның педагог екені де мәлім. Осы тақырыпты көптен зерттеп жүрген ғалым Сабыр Сеңкібаев мерейтой иесінің педагогикалық мұрасы жайлы айтты. Оның сөзінше, Мағжан ұсынған педагогикалық жүйе бүгінгі күні де өз маңызын жойған жоқ. Керісінше, қазіргі кезде оқу бағдарламасына енгізіліп жатқан әлем ғалымдарының әдістемесімен үндесіп жатыр. Бір өкініштісі, болашақ мұғалімдерді даярлауда шетел ғалымдарына басымдық беріліп, әл-Фараби, Абай, Мағжан мұралары шет қалады екен. Осындай мәселе көтерген ғалым мектептегі әдістеме жұмысының кемшіліктерін сынға алып, оны ретке келтіру үшін Мағжан еңбектеріне жүгінуіміз керек екенін сөз етті. Білім жүйесінің өзегіне айналуы тиіс этнопедагогиканың да маңдайынан жел есіп тұрғаны шамалы көрінеді.

Архивтерде Мағжан мен өзге де көрнекті тұлғаларға қатысты құжаттардың көп екені анық. Осындай бағалы материалдар жайлы архив директоры Сәуле Мәлікова айтып берді. Бұдан бөлек, Ресейде де құнды деректер бар. Әсіресе ақынның өлімін сан саққа жорып жүргендер көп. Осы қалада бірқатар зеттеу жүргізген өскемендік Алдияр Әубәкіров те шараға арнайы келіп, білгенімен бөлісті. Ол ақынның 1938 жылдан кейінгі өмірі жайлы нақты құжаттық дерек табылмағанын, алайда кей замандастарының естеліктері бар екенін айтты.

Форум соңында тарихшыларға арналған “История, Память. Люди” жинағының тұсауы кесіліп, таныстырылымы өтті. Одан әрі Мағжан ақынның туыстары жастармен кездесіп, оларға ақ батасын беріп, шараны тамамдады.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp