«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚТЫҢ ТЕКТІ ҰЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жерлесіміз Смағұл Сәдуақасовтай асыл тұлға қалай ұлықталса да жарасады. Бар-жоғы 33 жасында жасындай жарқ етіп, қамшының сабындай қып-қысқа ғұмырын қазақ халқының тәуелсіз, дербес мемлекетте емін-еркін өмір сүруіне арнады. Қоғам, мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтеріліп, 1920 жылы Орынборда Қазақстандағы алғашқы қазақ жастар ұйымының хатшысы болып сайланды. Алаш өкіметінің, өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі, Халық ағарту комиссары ретінде қып-қызыл оттай жанған саясаттың бел ортасында жүріп, ұлтжанды рухы мықты қайсар мінезінен бір танған жоқ.

Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде оның есімі берілген №2 мектеп жанында орнатылған мүсініне гүлшоқтары қойылды. Рәсімге қатысқан М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, алаштанушы Зарқын Тайшыбай, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнара Мұқанова, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова, Германиядан арнайы келген жерлесіміз Татьяна Майненгер Алаш ардақтысы жайлы тебірене сөйлеп, жұртшылыққа белгісіз тың деректермен бөлісті.

– Смағұл көзі тірісінде ұлтының азаттығы мен теңдігін аңсап өтті, қазақ халқына жасалған қиянатқа тайсалмастан қарсы шықты. Сол үшін қуғындалып, туған жерінен шеттетілді. Мәскеуде жұмбақ жағдайда қайтыс болып, мәйітінің күлі 78 жыл бойы Дон зиратында топыраққа көмілмей, құмыра ішінде сақталып келген. Қыстың қақаған суығында мәйітінің күлін елордаға құрметтеп жеткізгеніміз есімде. Көп-қырлы таланттың жазушылық, журналистік қызметінің өзі – бір төбе, – деді Ақжар ауданының әкімі болып тұрғанда Талшық ауылында Смағұл Сәдуақасовтың ескерткішінің ашылуына мұрындық болған, бүгінгі игілікті шараға белсене атсалысқан Ерік Есімұлы.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp