«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР МИНУТ ҮНСІЗДІК. Оның астарында не жатыр?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адамның жасы ұлғайған сайын қоғамдағы орын алып жатқан ке­лең­сіздіктер, оларды болдырмау­дың жолдары туралы ойлана бас­тайды екенсің. Бізді, әсіресе жас ұрпақ тәрбиесіндегі олқылықтар мазалайды. Көп жасап, көпті көрген аға буын өкілдерінің арасында кез­десіп жататын кемшіліктерге де бейжай қарай алмаймыз.

Қазақтың арғы-бергі тарихына терең бойласақ, ұлтымыздың небір зобалаңдар мен қиындықтарды бастан өткергенін аңғарамыз. Та­рих сахнасынан ұлт ретінде жойы­лып кетудің аз-ақ алдында тұрған қазақты мықты рухы, дала заңынан нәр алған салты мен дәстүрі сақтап қалды. Еліміз егемендікке қол жет­кізген кезде өз басым ұмыт бола бастаған құндылықтарымыздың қайта оралатынына, ұзақ жылдар бойы өзгенің қас-қабағына қарап, басқаның айтқанымен жүрген буын­нан тараған ұрпақтың енді еш­кімге жалтақтамай өмір сүретініне қуандым. Ақ түйенің қарны жарылған заман туды. Өшкеніміз жанды, өлге­німіз тірілді. Қазақтың ұл-қыздары еркін елдің ұланына айналды. Ауқымды шараларда, үлкен мін­бер­лерде қазақ тілінде орнықты ой ай­тып тұрған, шетелдерде білім алып жүрген жастарды көргенде тө­бем көкке бір елі жетпей қалғандай шаттанамын. “Қазақша сөйлесе­йік!”, “Табиғатқа жанашыр болайық!”, “Қайырымдылықтан қалыс қал­ма­йық!” деген акциялар мен чел­лендждердің алғы шебінде жастар жүреді. Әрине, бес саусақ­тың бір­дей болмайтыны сияқты олар­дың да бойынан кемшіліктер байқалып қалады. Олардың жаман­дығын жасырып, жақсылығын асы­ратын – біз секілді алдыңғы толқын өкілдері.

Қазақтың ескірген салт-дәстүрін жаңғыртып жүргендер де – жастар. Ке­ңес заманының тәрбие­сін бойлары­на сіңірген кей қарттар­дың егемен­діктің мұратына үш қай­наса да сор­пасы қосылмайтын дү­ниелерді на­сихаттағанын көріп қын­жыласың. Біздің өңірімізде еліміздің дамуына үлес қосқан ардақты тұл­ғаларды еске алу шаралары жиі ұйымдасты­рылады. Солардың басы-қасынан табылуға тырыса­мын. Осындай жиындарды ұйым­дастырған арда­герлердің дені әңгі­мелерінің әлқиссасын “бір минут үнсіздікпен еске алайық!” деген тер­минмен бастай­ды. Тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жинағанымыз­ға отыз жылдан асты емес пе? Кел­меске кеткен кеңестік идеология­ның иісі аңқып тұратын осындай әрекеттерден арылатын кез жетті ғой.

Бір минут үнсіздік ұйымдастыру – кешегі құдайсыздық жүйесі қа­лыптасқан заманның қолдан жаса­ған жалған шарасы. Ислам дінін жоқ­қа шығарып, онымен өле-өлгенше күрескен қызыл қоғамның ойлап тапқан дәстүрсымағы. Оның қаншалықты өміршең болғандығы көпке мәлім. Қаймағы бұзылмаған қазақ халқының салт-дәстүрі мен діни әдет-ғұрпына бұдан орасан зиян келгені де жасырын емес. Оның зардабын бүгінге дейін тар­тып келеміз. Бір өкініштісі, оның қа­заққа ешқандай пайда бермейтінін біле тұра үндемейтінміз.

Халқымыздың бес жүз жылдық мұрасы қатталған “Бес ғасыр жыр­лай­ды” кітабындағы өлең-жырлар­дан “бір минут үнсіздік” дегенді кез­дестірмейсің. Соған қарағанда бұл жөнсіз рәсім біздің дәстүрімізге өт­кен ғасырда ғана ден­деп енген. Қа­зір қай шараны алып қарамайық, бір минут үнсіздік­пен басталады. Өткен жылы ел болып әлем жұртшылығын тарының қауызына сыйғызғандай үрейлендірген короновирус дерті­нен қаза тапқандарды бір минут үн­сіздікпен еске алдық. Біз о дүниелік болған жандарды, Алаш арыста­рын бір минут үнсіздікпен еске ал­ғанда бірдеңе өзгере ме? Бұл рә­сімді ата дініміз, асыл шариғаты­мыздың өзі құптамайды ғой. Біз бір минут үн­сіздікпен еске алғанша олардың рухтарына Құран бағыш­тайық, дұға тілейік! Осы дұрыс іс болмақ.

Тәуелсіздік деген қасиетті ұғым, құр ұран, бос айғай емес. Оның ас­тарында ұлт санасының азаттығы деген терең мағына жатыр. Әр адам “мен еліме не бере аламын?” деген мақсатпен өмір сүруі керек. Сонда ғана біздің көсегеміз көгереді, өр­кеніміз өседі.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,

облыстың құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp