Адамның жасы ұлғайған сайын қоғамдағы орын алып жатқан келеңсіздіктер, оларды болдырмаудың жолдары туралы ойлана бастайды екенсің. Бізді, әсіресе жас ұрпақ тәрбиесіндегі олқылықтар мазалайды. Көп жасап, көпті көрген аға буын өкілдерінің арасында кездесіп жататын кемшіліктерге де бейжай қарай алмаймыз.
Қазақтың арғы-бергі тарихына терең бойласақ, ұлтымыздың небір зобалаңдар мен қиындықтарды бастан өткергенін аңғарамыз. Тарих сахнасынан ұлт ретінде жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған қазақты мықты рухы, дала заңынан нәр алған салты мен дәстүрі сақтап қалды. Еліміз егемендікке қол жеткізген кезде өз басым ұмыт бола бастаған құндылықтарымыздың қайта оралатынына, ұзақ жылдар бойы өзгенің қас-қабағына қарап, басқаның айтқанымен жүрген буыннан тараған ұрпақтың енді ешкімге жалтақтамай өмір сүретініне қуандым. Ақ түйенің қарны жарылған заман туды. Өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Қазақтың ұл-қыздары еркін елдің ұланына айналды. Ауқымды шараларда, үлкен мінберлерде қазақ тілінде орнықты ой айтып тұрған, шетелдерде білім алып жүрген жастарды көргенде төбем көкке бір елі жетпей қалғандай шаттанамын. “Қазақша сөйлесейік!”, “Табиғатқа жанашыр болайық!”, “Қайырымдылықтан қалыс қалмайық!” деген акциялар мен челлендждердің алғы шебінде жастар жүреді. Әрине, бес саусақтың бірдей болмайтыны сияқты олардың да бойынан кемшіліктер байқалып қалады. Олардың жамандығын жасырып, жақсылығын асыратын – біз секілді алдыңғы толқын өкілдері.
Қазақтың ескірген салт-дәстүрін жаңғыртып жүргендер де – жастар. Кеңес заманының тәрбиесін бойларына сіңірген кей қарттардың егемендіктің мұратына үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын дүниелерді насихаттағанын көріп қынжыласың. Біздің өңірімізде еліміздің дамуына үлес қосқан ардақты тұлғаларды еске алу шаралары жиі ұйымдастырылады. Солардың басы-қасынан табылуға тырысамын. Осындай жиындарды ұйымдастырған ардагерлердің дені әңгімелерінің әлқиссасын “бір минут үнсіздікпен еске алайық!” деген терминмен бастайды. Тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жинағанымызға отыз жылдан асты емес пе? Келмеске кеткен кеңестік идеологияның иісі аңқып тұратын осындай әрекеттерден арылатын кез жетті ғой.
Бір минут үнсіздік ұйымдастыру – кешегі құдайсыздық жүйесі қалыптасқан заманның қолдан жасаған жалған шарасы. Ислам дінін жоққа шығарып, онымен өле-өлгенше күрескен қызыл қоғамның ойлап тапқан дәстүрсымағы. Оның қаншалықты өміршең болғандығы көпке мәлім. Қаймағы бұзылмаған қазақ халқының салт-дәстүрі мен діни әдет-ғұрпына бұдан орасан зиян келгені де жасырын емес. Оның зардабын бүгінге дейін тартып келеміз. Бір өкініштісі, оның қазаққа ешқандай пайда бермейтінін біле тұра үндемейтінміз.
Халқымыздың бес жүз жылдық мұрасы қатталған “Бес ғасыр жырлайды” кітабындағы өлең-жырлардан “бір минут үнсіздік” дегенді кездестірмейсің. Соған қарағанда бұл жөнсіз рәсім біздің дәстүрімізге өткен ғасырда ғана дендеп енген. Қазір қай шараны алып қарамайық, бір минут үнсіздікпен басталады. Өткен жылы ел болып әлем жұртшылығын тарының қауызына сыйғызғандай үрейлендірген короновирус дертінен қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алдық. Біз о дүниелік болған жандарды, Алаш арыстарын бір минут үнсіздікпен еске алғанда бірдеңе өзгере ме? Бұл рәсімді ата дініміз, асыл шариғатымыздың өзі құптамайды ғой. Біз бір минут үнсіздікпен еске алғанша олардың рухтарына Құран бағыштайық, дұға тілейік! Осы дұрыс іс болмақ.
Тәуелсіздік деген қасиетті ұғым, құр ұран, бос айғай емес. Оның астарында ұлт санасының азаттығы деген терең мағына жатыр. Әр адам “мен еліме не бере аламын?” деген мақсатпен өмір сүруі керек. Сонда ғана біздің көсегеміз көгереді, өркеніміз өседі.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
облыстың құрметті азаматы.