Сөзді қазақтай қадірлеген, әр ұғымның парқын түсінген ұлтты табу қиын. Біздің халқымыз айтылған әр сөздің астарына ерекше мән берген, ойын көркем өрнектермен астарлап та, тыңдап отырған кісі лезде түсінетіндей тура жеткізе білген. “Сөзі киелі”, “аузы дуалы”, “мірдің оғындай” деген сөздер қазақтың шешен халық екендігін нұсқайтындай. Содан болар басқа ұлттарда жоқ сөзшеңдік, әңгімешілдік өнер, суырып салма ақындық қазақтың бойынан табылады. Керемет емес пе?
Мен бұл мақаламда қазақтың атадан балаға беріліп келе жатқан киелі де қастерлі сөзі туралы ой қозғамақпын. Адамның он екі мүшесінің атқарар өз қызметі болатынындай, кез келген сөздің қолданылар орны бар. Оны бәріміз білеміз. Неге екенін қайдам, соңғы уақытта қазақтың сөзін өз орнымен пайдаланбайтын жандар көбейіп келеді. Оларды білімсіз деуге ауыз бармайды. Сөзді бұзып айтып жүргендердің біразы оқыған-тоқыған, дәстүр-салтымыздан хабары бар жандар. Халқымызда немере мен жиен деген тамаша сөздер бар. Соңғы уақытта осы ұғымдардың мәнін кетіріп жүргендер табылуда. Қыздан туған баланы немерем деп шалқая сөйлейтін аға буын өкілдерін көргенде қарның ашады.
Жуырда бір тойда болдым. Қуаныш иесі немересінің бір жасқа толғанын ағайын-туыстың ортасында атап өтті. Жан дегендегі жалғыз ұлынан тараған ұрпақтың алды кең, жолы ашық болсын деген ниетпен тұсауын әулеттің абызы саналатын ақсақалға кестірді. Осы рәсімнен кейін ортаға сәбидің нағашы атасы мен әжесі шықты. “Немеремнің бір жасқа толғаны құтты болсын. Ғұмыры ұзақ, өмірі қызықпен қуанышқа толы перзент болуды нәсіп етсін”, – деді сөз арасында олар. Қызынан туған ұлды немере деп бір емес бірнеше рет айтқанына қапаланып, орайы келгенде бұл сөздің мағынасын ұқтыруға тырыстым. “Қыз менікі. Оның баласын немерем деймін бе, жиен деп атаймын да бұл менің ғана шаруам”, – деп “өзім білемге” салды. Қоғамда мұндай мысалдар аз емес. Қызының сәбиін немерем деп жұрттың алдында “көкіп” жүретіндер қазақтың сөзіне қиянат жасап отырғанын түсіне ме екен? Оған, тіпті, етіміз үйреніп барады. Біздің жас кезімізде үлкендер сөзді орнымен қолданбасақ, тыйып, қателігімізді түзетіп отыратын. Қазір қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан сөзі қадірсіз дүниеге айналды.
Иә, атамыз қазақ “қыздан туғанның қиығы жоқ” деп жиенді бөтенсітпеген, жат көрмеген. Бірақ бұл жиенді немере деп атай беруге болады дегенді білдірмесе керек. Немере – ұлдан туған бала. Оның алпыс екі тамырында өз әулетіңнің, үрім-бұтағыңның қаны тулап тұрады. Кейін қарашаңыраққа ие болуға бірден-бір құқылы да – немере. Ал жиен кім? Жиен – қыздан туған бала. Нағашы ауылдың ерке әрі аса құрметті адамы да – жиен. Дәстүрімізге сүйенсек, “жиен” атауына байланысты түрлі ырымдар бар. Қазақта “Жиенді ұрсаң, қолың қалтырайды” дейді. Яғни жиен нағашыларынан нені қаласа алуға қақысы бар. Жиенге ат мінгізу дәстүрі содан қалса керек. Бұл дәстүр “жиенқұрық” деп аталады. “Жиен мыңнан үлкен” деп те жиенді сыйлаған. Нағашылы-жиенді кездескен жерде бір-бірімен әзілдесіп, ойнап-күліп жатады. “Балалығың ұстаса, нағашыңа бар” деген осындайдан шықса керек. Байқап отырғаныңыздай, жиенге қазақ үлкен құрметпен қараған. Жиеннен туған бала “жиеншар”, одан “көгеншар”, одан “дегеншар” деп аталады. Сонымен жиен жат жұрттық болып кеткен қыздан туған. Басқа елге немере, ал нағашы жұртына – жиен. Ендеше, жиенді неге “немере” деп атауымыз керек? Бұл барып тұрған сауатсыздық емес пе?
Әрине, кез келген ата-ана ұл ма, қыз ба перзентін бөле-жармайды. Олардан туған сәбилерді де жандарынан артық жақсы көрген. Алайда ұлдан туған балаға үлкен жауапкершіліктің жүгін артып, қыздікіне жаттікіндей сый-құрметпен қараған. “Енесі тепкен құлынның еті ауырмас” дегендей шаңырақтың иесі болып қалатын немерені сөзбен де, іспен де ширатып, шынықтырып отырған.
Гүлсара Шалқар есімді ақын қыз бір өлеңінде:
“Бастарында болғаннан соң “бостандық”,
Қаншама қыз “өзге” жастық жастанды.
Ел болмайтын “жиендерді” көбейтіп,
Қазағыма жасамаймын қастандық …
Зор білекті батыр тусам, қайтемін?
Жар астында жасырынған жау болар.
Дүр жүректі хакім тусам, қайтемін?
Ел арасын алшақтатар дау болар”, – деп жырлапты. Автордың бұл өлеңі өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шыққан қазақ қыздары хақында. Осы өлеңдегі “Ел болмайтын “жиендерді” көбейтіп” деген жолдан-ақ біраз дүниені ұғуға болатындай.
Жиенін “немере” деп атауға құштар ата-әжелердің денінің ұлдары жоқ болып жатады. Олар осыны сылтауратып, жиендерін “немереге” айналдырып алуға құштар. Тағы бір мәселе, қазіргі қоғамның бір дерті – жастардың ажырасуы. Ажырасқан қыз сәбилерін арқалап ата-анасының қолына барып тұрады. Нағашысының бауырында өскен жиен өзінің оларға кім болатынын қайдан ұқсын?
Қазақта көрімдік пен байғазы деген әдемі сөздер бар. Осы қос ұғымның мағынасын түсінбейтіндер де жетіп артылады. Бір қаламгердің: “Ауылдағы мектепте оқып жүргенімде ит тартқандай жырым-жырым болып жүретін күнделігіме дене шынықтыру пәнінен “бес” деген бағаны өзім қонжитып аламын да, апама көрсетемін. Егде адам қай пән екенін ескере қоймайды, тарбиып бес тұрса болғаны. Қамзолының терең қалтасына әжім-әжім қолын сүңгітіп жібереді. Іле сарықұлақ теңгелер ере шығады. Тақа ақша болмай қалғанда дәмі тіл үйіретін құрт пен ірімшік дайын. Дәндеп алғаным сондай, күнде “бес” алатын болдым. Кейін ойласам, ежелгі жұрттың ел ертеңін ойлайтын дәстүрі екен ғой. Алып үйренген бала ертең өзі де береген, қолы ашық болмақ”, – деп өрілетін шығармасын оқығанмын. Негізінде байғазы мен көрімдіктің сәл-пәл айырмашылығы бар. Байғазы арыдағы аталарымыздың түсінігінше, жаңа киімге, әлдебір мүлік алғанда, әйтпесе жаңа қонысқа енгенде беріледі. Ал көрімдік он сегіз мың ғаламдағы жандының сыбағасы. Жаңа түскен келінге, жаңа туған балаға, малдың төліне де берілуі мүмкін. Мұның барлығы жаны жомарт халықтың ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан асыл мұрасы. Көрімдік сұрайтын жерде байғазы дәметіп жүргендер осы ұғымдардың мағынасына терең бойласа дейсің.
Марал ОСПАНОВА,
еңбек ардагері.