«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ынталының ырысы мол

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бір жастыққа бас қойып, алда­ғы жоспарларын бір арман, мақсат төңірегіне бағыттаған ерлі-зайыптылардың “Отан отбасынан басталады” деген ұғымды басты ұстанымдарына айналдырған­да­ры маңызды. Өйткені шаңырақтың шаттыққа толы болуы екеуіне бай­ланысты.

Мақаламыздың өзегіне айна­лып отырған жандардың екеуі – жас, алға қойған мақсаттары көп, ар­­маншыл, жігерлі, ең бастысы, қиындықтан жасқанбайтын өршіл қасиетке ие. Келешекке деген се­німдері нық. Отбасының негізгі асы­раушысы Батирбек Магометов осы­дан екі жыл бұрын мал ша­руашы­лығымен айналысуға бел буады. Отағасы Түркістан облы­сынан Та­йынша ауданының До­нецк округі­не қарасты Новогреча­новка елді ме­­ке­ніне көшіп келгенге дейін жер­гі­лікті шаруа қожалық­та­рының бі­рінде еңбек етіп, бұзау бор­да­­қылаумен айналыс­қан. Азды-көп­­ті тәжірибе жинақта­ған соң “Нә­тижелі жұмыспен қамту және жап­пай кәсіпкерлікті дамыту” бағдар­ламасы аясында жаңа биз­нес идеяларын жүзеге асыруды ой­лап­ты. Бірақ оның сәті түсе қойма­ған соң 2 млн. теңге мөлшеріндегі өз қа­ражатына ірі қара сатып алған. Бүгінде 22 бас бұзаулы сиыр, 53 тайыншасы бар. Оңтүс­тіктен теріскейге қоныс аударғаны­на еш өкінбейді. “Қы­зыл­­жар бізді құшақ жая қарсы ал­ды. Олардың ақ пейіліне разымыз. Отбасымыз­дың ғана емес, Отаны­мыздың гүл­денуі үшін қолымыздан келер ша­руаны атқарудамыз”, – дейді ота­ғасы.

Магометовтар отбасында төрт бала бар. Үлкені – Сандалимхан ата­сының бауырында, қызы Мухлиса, ұлы Элербек осында. Қы­зыл­жар өңірінде дүниеге келген Элдарбек қыстың қытымыр суығына әбден үйреніп алған.

Отанасы Сарвиноз Темирши­кова – шаңырақтың берекесі, ұйыт­қысы. Уақытпен санаспайды, бәріне үлгереді, жүзі жылы, жаны жайсаң. Үйдің тірлігі, бала тәрбиесі – мойнында. Арнайы білімі бар, Сай­рам колледжін “емдеу ісі” ма­мандығы бойынша тамамдаған. Қазір Новогречановка орта мекте­бінде медбике болып қызмет ат­қа­руда. “Мен бала тәрбиесінде “ең­бекке баулу арқылы үйрету керек” деген қағиданы басшылыққа ала­мын. Перзенттерімнің жанашыр, қайырымды болғандары маңызды. Қазақ халқының салт-дәстүрін бе­рік сақтаймыз”, – дейді ол.

Шағын және орта биз­нестің дамуына оңтүстіктен көшіп келген бауырларымыздың қосып отырған үлесі қомақты. Батирбек Сұлтан­құлұлының ендігі ойы – несие алып, мал ба­сын көбейту. “Елге ел қосылса – құт” демекші, олардың орнығып, тамыр жаюына қолдау көр­сету керек.

Гүл НҰРАЛИНА.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp