Бір жастыққа бас қойып, алдағы жоспарларын бір арман, мақсат төңірегіне бағыттаған ерлі-зайыптылардың “Отан отбасынан басталады” деген ұғымды басты ұстанымдарына айналдырғандары маңызды. Өйткені шаңырақтың шаттыққа толы болуы екеуіне байланысты.
Мақаламыздың өзегіне айналып отырған жандардың екеуі – жас, алға қойған мақсаттары көп, арманшыл, жігерлі, ең бастысы, қиындықтан жасқанбайтын өршіл қасиетке ие. Келешекке деген сенімдері нық. Отбасының негізгі асыраушысы Батирбек Магометов осыдан екі жыл бұрын мал шаруашылығымен айналысуға бел буады. Отағасы Түркістан облысынан Тайынша ауданының Донецк округіне қарасты Новогречановка елді мекеніне көшіп келгенге дейін жергілікті шаруа қожалықтарының бірінде еңбек етіп, бұзау бордақылаумен айналысқан. Азды-көпті тәжірибе жинақтаған соң “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыруды ойлапты. Бірақ оның сәті түсе қоймаған соң 2 млн. теңге мөлшеріндегі өз қаражатына ірі қара сатып алған. Бүгінде 22 бас бұзаулы сиыр, 53 тайыншасы бар. Оңтүстіктен теріскейге қоныс аударғанына еш өкінбейді. “Қызылжар бізді құшақ жая қарсы алды. Олардың ақ пейіліне разымыз. Отбасымыздың ғана емес, Отанымыздың гүлденуі үшін қолымыздан келер шаруаны атқарудамыз”, – дейді отағасы.
Магометовтар отбасында төрт бала бар. Үлкені – Сандалимхан атасының бауырында, қызы Мухлиса, ұлы Элербек осында. Қызылжар өңірінде дүниеге келген Элдарбек қыстың қытымыр суығына әбден үйреніп алған.
Отанасы Сарвиноз Темиршикова – шаңырақтың берекесі, ұйытқысы. Уақытпен санаспайды, бәріне үлгереді, жүзі жылы, жаны жайсаң. Үйдің тірлігі, бала тәрбиесі – мойнында. Арнайы білімі бар, Сайрам колледжін “емдеу ісі” мамандығы бойынша тамамдаған. Қазір Новогречановка орта мектебінде медбике болып қызмет атқаруда. “Мен бала тәрбиесінде “еңбекке баулу арқылы үйрету керек” деген қағиданы басшылыққа аламын. Перзенттерімнің жанашыр, қайырымды болғандары маңызды. Қазақ халқының салт-дәстүрін берік сақтаймыз”, – дейді ол.
Шағын және орта бизнестің дамуына оңтүстіктен көшіп келген бауырларымыздың қосып отырған үлесі қомақты. Батирбек Сұлтанқұлұлының ендігі ойы – несие алып, мал басын көбейту. “Елге ел қосылса – құт” демекші, олардың орнығып, тамыр жаюына қолдау көрсету керек.
Гүл НҰРАЛИНА.
Тайынша ауданы.