Облыс әкімі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Ресеймен шекарада орналасқан шалғай елді мекендердің бірі – Уәлиханов ауданына қарасты Бидайық ауылдық округінде болып, тыныс-тіршілігімен танысты.
Биыл Бидайықта көптеген жұмыстар атқарылмақ. Ауыл көшелеріне асфальт төселіп жатыр. Бұл мақсатқа 389 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ су тарату желілері тартылып, мектеп қалпына келтіріледі, тротуарлар салынады.
Өңір басшысы орта мектеп ғимаратына барып, робототехника кабинетінің жайымен танысты. Мұнда 120 бала оқиды. Білім ошағын жөндеуге 98,5 млн. теңге жұмсалған. Информатика пәнінің мұғалімі Дулат Әубәкіров оқушылар құрастырған модельдерді көрсетті.
Мемлекет басшысы елімізде білім беру саласына ерекше басымдық беріп отырғанын айтқан Айдарбек Сейпілұлы мектептерде робототехника кабинеттерін ашудың, сұранысқа ие жоғары білімді, білікті инженер кадрларды даярлаудың маңызын атап өтті. Оқушыларға оқуда табыс тіледі.
Мектеп директоры Раиса Қарымжанованың айтуынша, қыс мезгілінде ғимараттың оң қанаты суық, сыртқы қабырғаларды қаптау қажет. Ғимараттың бұл бөлігі 1956 жылы тұрғызылыпты. Ұзақ уақыт бойы бос тұрып, кейін күрделі жөндеу жүргізілген. Бірақ сыртқы қабырғалары қапталмаған. Бұл жерде бастауыш сыныптар оқиды, кітапхана, мұражай, мектеп асханасы орналасқан. Облыс әкімі білім басқармасының басшысы Назір Жәшібековке мәселені зерделеуді тапсырды.
Демалыс орталығының тозығы жеткен ғимаратына 2016 жылы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтірілген. Мұнда вокал, би, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс істейді. Осы жерде ауыл тұрғындарымен кездесу өтті. Мемлекет басшысының ауылдық аумақтарды, бірінші кезекте шекара маңындағы елді мекендер тұрғындарының өмір сүруіне барынша қолайлы жағдай туғызуға арналған бағдарламалық құжаттар әңгіме өзегіне айналды.
Округ әкімі Торғын Күйішбаева атқарылған іс-шаралар туралы баяндап, алдағы жоспарларды ортаға салды. Биыл кентішілік жолдарды жөндеуден бөлек, республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен су қоймалары орнатылады, тіршілік көзін таратар құбыр желілері тартылады.
Аудан бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде аудан әкімі Қайрат Пішенбаев баяндап берді. 6 миллиард теңгеге сәулетті емхана тұрғызылып, келесі жылы пайдалануға берілмек. Сонымен қатар орталық алаң, саябақ қайта жаңартылады, бассейн салынады.
Өңір басшысы мердігер ұйымдар атқарып жатқан жұмыстың сапасын бақылауға тұрғындарды тартуды тапсырды. Көп нәрсе адамдардың белсенді ұстанымына байланысты екенін еске салды.
Кездесуде облыстық құрылым басшыларының есептері тыңдалды. Сындарлы диалог барысында округ тұрғындары өздерін толғантқан проблемаларды қозғады. Жол сапасы сын көтермейді. Әсіресе Кішкенекөл ауылынан кеден бекетіне дейінгі республикалық жолдың бір бөлігін жөндеу керек. Бұл бағытқа облыстық қазынадан 2,1 млрд. теңге қарастырылған. Ауыл тұрғыны Еркебай Жапаровтың айтуынша, Ресей Федерациясының аумағына қиыршықтас таситын қырық тонналық тіркемелі көліктер жолдың әбден сиқын кетірген. Оларға нақты шара қолданбай болмайды. “Қазавтожол” АҚ жергілікті филиалының басшысы Қуаныш Ескендіров Кішкенекөл – Талшық аралығындағы жолды жөндеу басталғанын айтты. Өндіріс – Мырзағұл бағытының 35 шақырымына қиыршықтас төселеді. 290 млн. теңгеге құрылыс материалдары алынған.
– Барлық бағыттар бойынша республикалық жолдар жөнделеді. Ауқымды бағдарламаны келер жылдың бюджет қарауына енгізу үшін жобалық-сметалық құжаттарды рәсімдеуді қазан айына дейін аяқтауды тапсырамын, – деді Айдарбек Сейпілұлы.
Кездесуге қатысып отырған ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларын ортақ істен тыс қалмауға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға белсене қатысуға шақырды.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі кез келген іс уақытты, инвестицияны, қатаң қадағалауды қажет ететінін айта келіп, ішкі көші-қонның теріс сальдосы, мектептердегі оқушылар санын стандарттарға сәйкестендіру, шағын және орта бизнесті дамыту, инвесторлар тарту мәселелерін шешуді міндеттеді. Мемлекет өз тарапынан ауылдық жерлердің тұрғындарына қолдау көрсетуді одан әрі жалғастырады. Өңір бойынша барлық аудандар қамтылған даму жоспары құрылған. Талшық пен Кішкенекөлді жалғайтын 31 шақырым жолды қалпына келтіруге 19 млрд. теңге қарастырылған. Учаскеде 30-ға жуық маман мен 18-дей техника жүр. Сонымен қатар су құбыры мен шағын көпір салынады.
* * *
Өңір басшысы Ақжар ауданына жасаған жұмыс сапары барысында әлеуметтік сала, бизнес, мал шаруашылығы нысандарын аралап, жергілікті тұрғындармен жүздесті.
“Эрсалды” фермерлік қожалығына соғып, осында диқандармен әңгімелесті. Өз сөзінде тұрғындарға қамқорлық көрсету, мал азығын қолжетімді бағамен сату басты назарда болу керектігін ескертті.
“Эрсалды” ФҚ директоры Әскер Қабдырахманов қожалықтың 2020 жылы құрылғанын, 4379 гектар ауыл шаруашылығы жері барын, 1340 бас қазақтың ақ бас сиыры, 529 бас жылқы, 628 бас қой өсірілетінін, 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын, орташа айлық жалақы 210 мың теңгеден айналатынын айтты.
Восход ауылдық округі тұрғындарымен кездесу Мәдениет үйінде өтті. Бұл нысан 1985 жылы салынған. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 79,559 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген. Шатыры, терезелері, сыртқы есіктері, электр желілері, жылыту жүйесі ауыстырылған, модульдік қазандық қойылған. Мұнда ауылдық округтің әкімдігі, кітапхана, пошта пункті орналасқан.
Округ әкімі Расул Қабдырахманов өз баяндамасында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді сөз етті. Оңтүстік өңірлерден көшіп келген отбасыларға барлық жағдай жасалған.
Өз кезегінде Айдарбек Сейпілұлы тұрғындар мен оқушылар санының азаюын болдырмаудың нақты шараларын қабылдауды міндеттеді. Бұл мәселе жергілікті шаруаларды да бейжай қалдырмауы керек. Жаңа жұмыс орындарын ашып, жоғары жалақы төлеудің мүмкіндіктері аз емес. Тиісті ведомство жетекшілеріне Мәдениет үйінің салтанат залын мектеп пен екі көшені жөндеуге қаржы қарастыруды жүктеді. Келесі жылы Восход ауылында жаңа медициналық ғимарат бой көтермек. Кездесуде Казгородок – Горьковское жолын қалпына келтіру, Ресеймен арада жеңілдетілген өткізу бекетін ашу мәселелері бойынша көтерілген сауалдарға жауап берілді. Жиыннан кейін өңір басшысы азаматтарды қабылдады.
Облыс әкімі Айдарбек Сапаров “Анель” ЖК шағын маркетінде тауарлардың ассортиментіне, қолжетімділігіне, нысанның эстетикалық безендірілуіне назар аударды. Шағын маркеттің иесі Гүлдана Қабдырахманова 2020 жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқанын, 4 адам еңбек ететінін айтты.
Облыс әкімі жұмыс сапарының соңында “Данияров” ЖШС-ның наубайханасын, кондитер цехын аралап көрді. Наубайхана өз өнімдерімен көрші ауылдарды да қамтамасыз етеді. Мұнда нан және нан-тоқаш өнімдерінің ондаған түрі әзірленеді, олар сұранысқа ие. Күніне 250 бөлке нан сатылады, бағасы жүз теңге. Дәмі тіл үйіретін өнімдерді Дарихан Құрбанова пісіреді. Алматы облысынан қоныс аударған ол 1,385 млн. теңгенің қайтарымсыз грантын алып, наубайхананың бір бөлігінде өз ісін дөңгелетіп отыр.
Бибінұр ТОПАНБАЕВА,
Болат ӘМІРИН.