Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин облысқа келген жұмыс сапары барысында өңір басшысы Айдарбек Сапаровпен кездесіп, азаматтық қорғаныс жүйесін дамыту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ ведомство жетекшісі Пестрое көлі жанында салынып жатқан өрт сөндіру қызметінің жедел-құтқару жасағының бөлімшелерін, техникаларын, соның ішінде жүзу құралдары кешенін аралады. Материалдық-техникалық жарақтандырылумен, құтқарушылардың тиімді жұмысы және тұрмыстық жағдайларымен танысып, шешімін табуы тиіс мәселелерге назар аударды. Құрылыс жоспарына сәйкес кешен құрамына құтқару техникалары тұратын бокстар, жүзу құралдарына арналған элинг (ангар), оқу сыныптары, қойма, қазандық, асхана, екі әкімшілік ғимарат кіреді. Кешеннің жалпы аумағы 1200 шаршы метрді құрайды.
Юрий Ильин “Береке” шағынауданындағы өрт сөндіру депосы кешенінің құрылыс аумағында болды.
Маңызды нысанда 4 өрт сөндіру автокөлігіне арналған бокс, өртсөндірушілердің жұмысы мен демалысы үшін қажетті үй-жайлар бар. Жоба жүзеге асырылса, қаланың 27000-нан астам тұрғыны бар оңтүстік-шығыс бөлігін айтып келмейтін түрлі апаттардан қорғауға мүмкіндік береді.
Тұрғындармен жүздескен еліміздің бас құтқарушысы Қызылжар өңірінде ахуалдың тұрақты екенін, өткен жылға қарағанда төтенше жағдайлар – 20, дала өрті 40 пайызға азайғанын жеткізді. Кездесу барысында азаматтық қорғаныс қызметі маманының біліктілігін арттыру мәселесі көтерілді. Мамандардың жергілікті жерде, ал басқарушы құрамның Алматыдағы оқыту орталығында білімін жетілдіру мүмкіндігі қарастырылғаны айтылды. Жұртшылық көпқабатты үйлер маңында қойылған шлагбаум қондырғылары кедергі жасайтынын айтты. Министр бұл мәселе еліміз бойынша өзекті екеніне тоқталды. Шлагбаум тиісті ережеге сай ПИК пен мүлік иелері бірлестігі төрағаларының келісімімен орнатылуы тиіс. Тұрғындарды қалада бей-берекет өскен қамыс та алаңдатып отыр. Себебі жуырда болған өрттен жүректері шайлығып қалған.
– Облысқа жақын арада ұзындығы 50 метр болатын 3 көтергіш саты әкелінеді. Оларға қуаттылығы жоғары насостар орнатылады, бұл 18-25 қабатты тұрғын үйлердің қауіпсіздігі үшін аса маңызды, – деді Юрий Ильин.
Ведомство басшысы өрт сөндіру депосының қарамағына орта мектептер, балабақшалар, салынып жатқан емхана, ондаған кәсіпорындары бар өнеркәсіптік аймақ, жақын және алыс шетел көліктерінің үлкен транзитін өткізетін республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдар сияқты маңызды нысандар кіретінін атап өтті.
– Жобаларды іске асыру халықтың өмір сүру сапасына, экономиканың барлық салаларының дамуына айтарлықтай оң әсер етеді. Төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайтады, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға да ықпалы зор, – деді Юрий Ильин.
Министр облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамымен кездесті. Жиында саланың өзекті проблемалары талқыланды.
Евгеннй ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобының жетекшісі.