«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Астана халықаралық форумы: СЫН-ҚАТЕРЛЕРДІ ЕҢСЕРУ КЕЗЕҢІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, даму және прогресс жолында”. Елордада өз жұмысын бастаған Астана халықаралық форумының тақырыбы осылай аталады. Алпауыт компаниялардың басшылары мен әлемнің сақа саясаткерлері бас қосқан халықаралық форумның пленарлық сессиясына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Дөңгелек үстел форматында өткен пленарлық сессияда жоғары мəртебелі делегаттар əлемдік экономикадағы, сауда жəне саясаттағы жаһандық үдерістерді талқылады. Сондай-ақ климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы жəне энергетикалық қауіпсіздік секілді түйткілдердің шешу жолдарын жан-жақты қарастырды.

Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Босния жəне Герцеговина Президиумының Төрағасы Желька Цвиянович, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, ЮНЕСКО Бас директоры Одрэ Азуле, ХВҚ Басқарушы директоры Кристалина Георгиева, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмид жəне БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – ЭСКАТО ұйымының атқарушы директор Армида Салсиа Алисджабана сөз сөйледі. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш форум қатысушыларына видеоүндеу жолдады. Пленарлық отырысты белгілі CNN журналисі Ричард Квест жүргізіп отырды.

Көпжақты қатынастың ортақ мәдениеті

Форум қатысушылары алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы жиынға қатысуға елімізге арнайы келген Қатар Əміріне, Қырғызстан Президентіне, Босния жəне Герцеговина Президиумының Төрағасына, Өзбекстан Премьер-министріне ризашылығын білдірді. Президент жаһандық экономиканың қазіргі жай-күйі мен өңірлік ынтымақтастық мəселелері жөнінде пікір алмасуда аталған форумның маңызы зор екенін атап өтті.

“Астана халықаралық форумына қош келдіңіздер! Мұнда барлық құрлықтан достарымыз бен əріптестеріміз, сондай-ақ үкіметтердің, дипломатия, бизнес жəне ғылыми топтардың өкілдері жиналып отыр. Аса қадірлі қонақтарымыз – Қатар Əміріне, Қырғызстан Президентіне, Босния жəне Герцеговина Президиумының Төрағасына, Өзбекстан Премьер-министріне жəне форумның басқа да құрметті қатысушыларына шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздердің жиынға арнайы келуге шешім қабылдап, форум жұмысына қатысқандарыңыз – біз үшін үлкен мəртебе. Жиын барысында жаһандық экономикалық жəне аймақтық ынтымақтастық мəселелерінің қазіргі жай-күйі жөнінде табысты пікір алмасамыз деп сенеміз. Бұл – халықаралық серіктестіктің шынайы мəн-маңызын айқындайтын тəсілдердің бірі. Сондай-ақ форум жұмысын аша отырып, стратегиялық серіктесіміз – Біріккен Ұлттар Ұйымы мен оның ХВҚ, ЮНЕСКО, БҰҰ ДБ, ДСҰ, ЭСКАТО секілді ұйымдарына жəне басқа да халықаралық институттарға, CNN ақпараттық əріптесімізге шынайы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіздер”, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Астана халықаралық форумы диалог алаңы екенін жеткізді. Сондай-ақ іргелі іс-шараның негізгі миссиясына тоқталды. Біріншіден, форум əлемдегі жағдайды ашық талқылауға арналған. Екіншіден, əлем алдында тұрған негізгі сын-қатерлермен дағдарысты айқындауды мақсат етеді. Үшіншіден, осы сын-қатерлерге өзара ынтымақтастық рухында диалог арқылы қарсы тұруды көздейді. Төртіншіден, көпжақты қатынастардың ортақ мəдениетін жаңарту жəне қалпына келтіруге бағытталған. Бесіншіден, бейбітшілікті, прогресспен ынтымақты жақтайтын дауыстарды күшейтуге екпін береді.

“Бұл форум өзара белсенді ынтымақтастыққа тікелей ықпал етеді. Əсіресе бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс кезеңінде бізге мұндай қарым-қатынастар өте қажет. Сын-қатерлерге төтеп беру маңызды. Осы ретте жаһандық жүйе бейбітшілік пен өркендеуді таңдаулылар үшін емес, көпшілік үшін қамтамасыз ете отырып жұмыс істеуге тиіс.

Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған сəттен негізі қаланған əлемдік тəртіптің іргетасының бұзылу үдерісіне куə болдық. БҰҰ бүкіладамзатты біріктіретін бірден-бір жаһандық əмбебап ұйым болып қала береді. Осы ретте Қауіпсіздік Кеңесінің жан-жақты реформаларынсыз бұл сын-қатерлерді шешу ісінде табысқа қол жеткізе алмаймыз. Кеңестегі “Орта держава” өкілдерінің пікірі мейлінше салмақты болуға тиіс.

Жуырдағы “COVID-19”-дан бастап қарулы қақтығыстарға дейінгі “жаңа дағдарыстар” біздің нəзік халықаралық экожүйеге қауіп төндіреді. Бірақ бұл тұрақсыздықтың себебі тереңде жатыр. Сонымен қатар біз 30 жылдан кейін бұрынғы “блоктарға” бөлінушілік ой-санасына қайта оралу жағдайына куə болып отырмыз. Жікке бөлінушілік күші тек геосаяси мəселемен шектеліп қалмайды, оның экономикалық астары да бар. Экономикалық саясат қару ретінде ашық қолданылуда. Бұл қарама-қайшылықтар санкциялар мен сауда соғыстарын, мақсатты борышкерлік саясатты, қаржыландыру көздерінен шектеуді немесе жоюды, сондай-ақ инвестицияны бақылауды қамтиды”, – деді Қ.Тоқаев.

Ортақ болашаққа жасалған қадам

Бұдан кейін Президент еркін сауда, жаһандық инвестиция, инновация жəне адал бəсекелестік секілді факторлардың жиынтығы кейінгі кезеңде негізі қаланған əлемдік бейбітшілік пен дамудың іргетасын біртіндеп қирата бастағанына назар аударды. Бұл, өз кезегінде, əлеуметтік толқуға, мемлекеттердің іштей бөлінуіне жəне олардың араларының шиеленісуіне алып келеді. Теңсіздіктің өршуі, əлеуметтік бөлінушілік, мəдениет пен құндылықтардағы алшақтықтың артуы секілді үрдістердің бəрі экзистенциялық қауіпке айналды.

“Теріс ақпараттардың кең таралуына байланысты бұл қатердің алдын алу қиындап бара жатқанын атап өтті. Ол бүгінде күшейіп, өте қауіпті бола түсті. Сонымен бірге жасанды интеллектен бастап биотехнологияға дейін жаңа технологиялардың жаһандық салдары бар. Бірақ олар шектеулі ұлттық шеңберде ғана енгізіліп жатыр. Осы факторлардың барлығы жаһандық əлемдік тəртіпті үлкен шиеленіске итермелейді. Бұл өзара сенімсіздікті арттырып, белгілі халықаралық форумдардың, қолданыстағы жүйенің, қауіпсіздік режімінің жəне ядролық қаруды таратпау саласындағы механизмдердің қызметіне кері əсер етеді.

Осылайша біз белгісіздік пен тұрақсыздықтың белең алуымен жəне дау-жанжалдармен бетпе-бет келеміз. Бұл, өз кезегінде, қорғанысқа, заманауи қару-жараққа жұмсалатын шығындарды арттыруға ықпал етеді жəне түптеп келгенде ешқандай кепілдік бермейді. Бұған өткен жарты ғасырда біз алғаш рет ядролық қаруды қолдану перспективасымен бетпе-бет келуіміз мысал болады. Мұның бəрі климаттың экзистенциальді өзгеру қаупіне қарсы жұмылу қажет болған сəтте туындап отыр.

Геосаяси қысымдар бір-бірімізді алшақтатып жатқанда біз бірігуге, ықпалдасуға, ынтымақтасуға, өзара қол ұшын созуға деген анық императивпен бетпе-бет келеміз. Бұл жердегі негізгі идея – осы. Осындай сəтте Астана халықаралық форумы аталған үрдісті кері бұру үшін тағы бір мүмкіндік береді. Тек кездесу, кеңесу, сондай-ақ өзара адалдық таныту арқылы ғана халықаралық қоғамдастық біздің проблемаларымызға, шаруаларымыз бен үмітімізге қатысты мəселелерді шеше алады. Сонда ғана біз ортақ болашағымызды қалыптастыра аламыз, бəріміз үшін мейлінше тұрақты, əділ əрі өркендеген əлем құру жолына біртіндеп ораламыз”, – деді Қ.Тоқаев.

Әділет жолындағы мемлекет

Мемлекет басшысы Қазақстан бұрыннан Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы алтын көпір саналатынын атап өтті. Президенттің пайымдауынша, көп жағдайда бұл форум ұлы Еуразия даласының мəдениетіне, тарихына сай келеді. Қазақ халқы осынау мұраны мақтан тұтатынын жеткізді. Дəл осы үздіксіз тауар, мəдени жетістіктеріміз бен идея алмасу арқылы Қазақстанның өзіндік ұлттық бірегейлігі жəне оның ерекше көпжақты ынтымақтастыққа негізделген бренді қалыптасқан. Геосаяси қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Орталық Азияда да экономикалық локомотив қызметін атқарғанына тоқталды.

“Біз шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырамыз жəне Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасаймыз. Сонымен қатар шетелдік серіктестерімізде де осындай жауапкершілік сезім болады деп үміттенеміз. Бұл – біздің саясатымыздың негізгі қағидаттары. Өз кезегінде бұл еліміздің экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын шағын жəне орта кəсіпорындар үшін тең құқық пен мүмкіндікті қамтамасыз етеді.

Былтыр Қазақстан экспорты 40 пайызға артты. Дегенмен біздің ішкі жалпы өнімнің едəуір бөлігі бұрынғыша энергетикалық секторға тиесілі. Сондай-ақ экономиканы əртараптандыруға деген ұмтылысымыз артып келеді. Автомобиль құрастыру, фармацевтика, металл өңдеу жəне машина жасау сияқты бірқатар салада өсім бар екенін байқап отырмыз. Біз іскерлік жəне экономикалық серіктестік үшін жаңа мүмкіндіктер іздегендердің бəрін шақырамыз. Мысалы, Қытайды Еуропалық Одақпен байланыстыратын орта дəліз немесе Транскаспий халықаралық көлік бағыты сауда мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл бағыт тауарды Үнді мұхиты арқылы тасымалдау мерзімін екі есе қысқартады.

Сонымен қатар экономикалық дамуға жəне өңірішілік бірігуге ықпал ететін “Бір белдеу – бір жол” бастамасында Қазақстан басты рөл атқаратынын атап өткім келеді. Біз мемлекеттер мен адамдар арасындағы физикалық байланысты нығайтуға, сондай-ақ серіктес əрі дос ретінде қоғамдастықтар арасындағы байланысты күшейтуге тырысамыз. Осы факторлардың барлығын ескере отырып, бүгінде Қазақстан жаһандық, ең бастысы, шын мəнінде, сенімді сауда-экономикалық серіктес екенін айта аламыз”, – деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайту үшін əрқашан бар күш-жігерін жұмсайтынына екпін берді. Еліміз ядролық қарусыздандыруды жəне Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімді қолдайтынына тоқталды. Қазақстан Сирия дағдарысын шешуде Астана бейбітшілік процесіне бастамашы болды. Елорда Əлемдік діндер көшбасшыларының саммиттерін тұрақты өткізетін орынға айналды. Штаб-пəтері Астана қаласында орналасқан Азиядағы өзара іс-қимыл жəне сенім шаралары жөніндегі жиын аймақтық жəне жаһандық мəселелерді шешетін бірден-бір тетік саналады.

“Біз Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысты еңсеруге белсене атсалысамыз. БҰҰ аясында ауған халқына жан-жақты көмек көрсетудің қажеттілігін атап өткім келеді. Бұл орайда Орталық Азия жəне Ауғанстан үшін Алматыда БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының аймақтық орталығын құру маңызды. Қазақстан жаһандық жəне аймақтық серіктестерімен достық қарым-қатынасты нығайту үшін бар күш-жігерін жұмсайды. Біз қазіргі жағдайда Орталық Азиядағы бауырлас елдермен аймақтық əріптестік орнатуға баса назар аударамыз.

Ел ішінде əділдік, заң үстемдігі, теңдік жəне əділ сот төрелігі қағидаттарын енгізу үшін реформа жүргізуге бағытталған тиісті шараларды қолға аламыз. Заңмен тəртіпке негізделген менің ұстанымым – айқын. Бұл – Жаңа, Əділетті Қазақстан құрудың берік негізі. Қысқа уақыт ішінде біз саяси институттарды реформалап, Президенттің өкілеттігін шектедік. Конституцияға өзгерістер енгізіп, саяси жəне экономикалық жүйені қайта жаңғырттық. Сыбайлас жемқорлықпен күресіп жатырмыз. Сондықтан қазіргі Қазақстанның осыдан екі жыл бұрынғы Қазақстанмен салыстырғанда едəуір айырмашылығы бар.

Қолданыстағы жүйені өзгертуді көздейтін біздің жолымыз əлі біткен жоқ. Біз саяси реформалар мен адами капиталға инвестиция құю ортақ табыстың “қақпанынан” құтқарып, экономикамызды мейлінше тұрақты ететінін жақсы түсінеміз. Айтулы өзгерістерден өткенімізбен, əлі де көп нəрсе істеуіміз керек. Алайда біз өзіміз таңдаған жолды абыроймен жүріп өту үшін барлық сын-қатерге дайын болу керектігін де білеміз. Əрі біз бұған дайынбыз”, – деді Қ.Тоқаев.

Климаттың өзгеруі – жаһандық қауіп

Мемлекет басшысы қазіргі таңда əлем бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлердің ішіндегі ең қиыны – климаттың өзгеруі екенін атап өтті. Орталық Азия бұл қатерлерге қарсы тұру үшін алғы шепте болатынын жеткізді. Ғаламдық ауа температурасының 2050 жылға қарай 1,5 С0-қа көтерілуін сəтті шектеу мүмкін болғанның өзінде, Орталық Азия елдері күн райының 2-ден 2,5 градусқа дейін көтерілгені байқалғанына тоқталды.

“Бұл біз өмір сүретін ортаның трансформациясына, нақтырақ айтқанда, шөлге айналуына, одан кейін тіршіліктің жойылуына алып келеді. Сондықтан барлық сын-қатерге дайын болуымыз керек. Су ресурстарының жетіспеушілігі, шын мəнінде, алаңдатады. Орталық Азиядағы қуаңшылық пен су тасқынынан келетін шығын жалпы ішкі өнімнің 1,3 пайызы деңгейінде деп бағаланады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 30 пайызға дейін кеміп, 2050 жылға дейін 5 миллионға жуық ішкі климаттық мигранттың пайда болуына əкеп соқтырады.

Біздегі мұздықтардың көлемі қазір 30 пайызға қысқарды. Аймақтағы екі үлкен өзен Сырдария мен Əмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай 15 пайызға түседі. Біз аймақтағы экологиялық апаттың алдын алу үшін “Халықаралық Аралды қорғау” қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз. Су мен климаттың өзгеру мəселесі өзара тығыз байланысты. Орталық Азия – су қауіпсіздігін сақтау тығыз əріптестік жəне бірлескен тиімді шараларды жүзеге асыру арқылы ғана шешілетін аймақ.

Аймақтағы климат жəне өзге де мəселелерді талқылау үшін мен Алматыда Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды жəне БҰҰ секілді халықаралық ұйымдарды тарта отырып, 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климаттық саммит өткізуді ұсынамын. Еліміз “жасыл” экономиканың мол мүмкіндіктерін ұсынып, қайта қалпына келтірілетін энергетиканың орталығы атана алар еді. Алайда уақыт біздің жағымызда емес. Көмірді аз тұтыну жəне “жасыл” экономикаға қажетті жылдамдықпен көшу үшін бізге ресурстар мен серіктестік байланыс қажет”, – деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар Президент планетамыздағы төтенше климаттық жағдай – əлем елдерінің тығыз қарым-қатынасы мен ортақ тағдырының жарқын үлгісі. Мемлекет басшысы қаласақ та, қалмасақ та шартарапты көп нəрсе байланыстыратынына назар аударды.

“Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, бірге жұмыс істеудің амалын тапқан табысқа жетеді. Ал қабілетсіздері сəтсіздікке ұшырайды. БҰҰ-ның көпқырлы шешімінің астарында жатқан принциптері мен құндылықтары – бұл мəселені шешудің бірден-бір тиімді тəсілі ғана емес, жалғыз жолы.

Ортақ мəселелерді шешу жəне серіктестікті нығайтуға, даму мен прогреске арналған диалогқа кеңістік ұсыну Астана халықаралық форумының түпкі мақсаты деуге болады. Мен оптимистік көзқараспен алдағы екі күнде өтетін конструктивті талқылау бізді оңтайлы шешім қабылдауға жəне алдағы уақытта əріптестікке бағыттайтынына сенім білдіремін.

Сөз соңында маған мына жайтты еске салуға рұқсат етіңіздер. Мазмұнды əңгіме мен серіктестікке жол ашу үшін ашықтық, шыдамдылық жəне бірлік ауадай қажет. Мен осы форумға жəне əрқайсыңызға сəттілік тілеймін. Баршаңызға бүгін біздің қатарымызға қосылғандарыңыз үшін тағы да алғыс айтамын. Талқылаулар сіздер үшін табысты болуына тілектестік білдіремін”, – деп сөзін түйіндеді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөз сөйлегеннен кейін CNN журналисі, форум модераторы Ричард Квест сұрақ қойды. “Президент мырза, Сіз делегаттар мен қатысушыларды диалогке шақыратын ашықтық пен төзімділік туралы айттыңыз. Жалпы форумның сəтті өтуіне қатысты көзқарасыңыз қандай?” – деді Р.Квест.

“Меніңше, біз қазіргі проблемалардың, адамның өміріне қауіп төндіретін мəселелердің мəніне тереңірек үңілуіміз керек. Шын мəнінде, əлемдегі қарапайым адамдардың өмірі қиындай түсті. Біз, ең алдымен, мұны мойындауымыз керек. Екіншіден, біз атышулы мəселелерге ғана назар аудармауымыз керек. Біз осы шеңберден шығып, бəрімізді біріктіретін мəселелер туралы айтуға тиіспіз. Қысқаша айтсақ, осы мəселелерді шешуіміз керек. Менің көзқарасым бойынша, диалог пен пікір алмасу жəне сіз айтқан əділдік текетірестен, соғыспен қақтығыс идеологиясынан жоғары тұруға тиіс”, – деді Қ.Тоқаев.

Су ресурстарын тиімді пайдалану өзекті

Форумда Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қырғызстан жасыл, экологиялық таза, бейтарап экономика қағидаттарын нығайтуға үлесін қосуға дайын екенін жеткізді. “Келісілген саясат жəне осы бағыттағы іс-қимылдарымызды үйлестіру өңірдің жалпы тұрақтылығына əкеледі”, – деп атап өтті Қырғызстан басшысы.

Садыр Жапаров жұмыс істеп тұрған халықаралық жүйенің негізі ретінде ынтымақтастыққа басымдық бере отырып, қазіргі заманғы сын-қатерлерді үнемі назарда ұстап отыру керегін айтты. “Əртүрлі аймақтық форматтар сұранысқа ие бола бастады, олар арқылы біздің елдер əлеммен сөйлесе алады. Сондықтан Астана халықаралық форумы сияқты зияткерлік, сараптамалық, стратегиялық алаңдар бүгінде ерекше мəнге ие болып отыр. Біздің көз алдымызда жаңа əлемдік тəртіпті қалыптастыру үдерісі егеменді мемлекеттерге жəне бүкіл əлемдік қоғамдастыққа қауіп-қатер мен қауіпсіздік сын-қатерлерінің өсуімен қатар жүреді. Сіздердің назарларыңызды Қырғызстанға ғана емес, бүкіл əлем алдында тұрған кейбір мəселелерге аударғым келеді”, – деді С.Жапаров.

Біріншіден, Қырғызстан Президенті климаттың өзгеруін жəне биоəртүрліліктің сақталуын сөз етті. Əлем жаһандану дəуірінде өмір сүреді. Мемлекеттер мен халықтар арасындағы байланыстар бұрынғыдан да тығыз. Цифрландыру дəуірі біздің алдымыздағы көрнекті ғалымдар мен ойшылдар да армандай алмайтын керемет мүмкіндіктер ашады. Өкінішке қарай, климаттың өзгеруінің теріс салдары – біздің өңірде мұздықтардың еруі, əртүрлі табиғи апаттың көбеюі түрінде айқын көрінетіні, бұл əлеуметтік-экономикалық даму мен азық-түлік қауіпсіздігіне үлкен қауіп.

Осы орайда Садыр Жапаров “жасыл” экономикаға көшу, климаттың өзгеруіне бейімделу, су жəне табиғи ресурстарды орнықты пайдалану өмірлік қажеттіліктен туындағанын атап өтті.

Екіншіден, су жəне су ресурстары туралы айта отырып, Садыр Жапаров Қырғызстанда су ресурстарын тиімді пайдалану мəселесіне, сондай-ақ əлеуметтік, экономикалық жəне экологиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін су ресурстарына интеграцияланған басқару қағидаттарын енгізуге мəн берілетінін айтты.

“Біз заңнаманы, оның ішінде Қырғыз Республикасының Су кодексін жаңарту үдерісін бастадық. 2023 жылдың ақпанында республиканың 2040 жылға дейінгі ұлттық су стратегиясы қабылданды, ол Қырғызстан өзіне сулардың мемлекеттік есебін жəне экологиялық жағдайды жақсарту, қауіпсіз жəне сапалы сумен жабдықтау, су бұруды жəне санитарияны қамтамасыз ету, су жөніндегі бірыңғай ақпараттық жүйені цифрлық трансформациялау, су ресурстарын басқарудың ұтымды экономикалық тетіктерін құруды көздейді. Көршілес елдерде пайдаланатын су ресурстарын қалыптастыру аймағында орналасуы біздің бүкіл аймақ алдындағы жоғары жауапкершілігімізді негіздейтінін ерекше атап өткім келеді. Қырғызстан осы саладағы ынтымақтастықты өңірдің барлық елінің мүдделеріне сай келетін əділ жəне тең құқықты негізде жүзеге асырады”, – деп атап өтті С.Жапаров.

Үшіншіден, Қырғыз басшысы энергетикаға қатысты мəселені көтеріп, бүгінде əлем өзінің дамуындағы қиын кезеңді бастан кешіп жатқанын атап өтті. Энергия тапшылығы мен жоғары бағаны ескере отырып, жаңартылатын энергия көздерінің барған сайын маңызы арта түсті. Қазіргі уақытта Қырғызстан шағын жəне орта гидроэлектростанцияларды салу жəне пайдалану жобаларын іс жүзінде іске асыру мүмкін болатын су объектілерін іріктеу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Төртіншіден, Садыр Жапаров экономиканың дамуына тоқталды. “Бүгінгі таңда əлемдік сауда нарығында фрагментация белгілері əлі байқалмайды, бірақ геосаяси шиеленіс өскен сайын протекционизм күшейе түседі деп санайтын сарапшылар көбейіп келеді. Орталық Азия елдері үшін бұл өте ауыр зардаптарға əкелуі мүмкін. Əлбетте, егер аймақ елдері əлемдік нарықтан шеттетілсе, бұл экспорт көлемінің төмендеуіне жəне сауда балансының нашарлауына əкелері хақ. Бұдан инвестициялар қысқарып, жұмыссыздық өседі. Егер геоэкономикалық фрагментация тенденциясы өссе, онда аймақтағы саяси тұрақсыздық, экстремизм күшейіп, экологиялық жағдай да нашарлауы мүмкін. Сондықтан барлығымызға өңірлік кооперацияны күшейту, ынтымақтастықтың жаңа тиімді форматтарын іздеу жəне бір мезгілде екіжақты форматтарда ғана емес, жалпы өңір ретінде де əртүрлі əлемдік платформа мен белсенді өзара іс-қимыл жасау қажет. Қырғызстан жаһандық сын-қатерлердің маңыздылығын түсінеді жəне оларды шешуге өз үлесін қосуға дайын. Біз бұл сын-қатерлер барлық мемлекет пен халықаралық қоғамдастықтың ынтымақтастығы мен күш-жігерін үйлестіруді талап ететінін мойындаймыз. Жоғарыда аталған сын-қатерлерді еңсеру қажеттігін назарға ала отырып, климаттық жəне энергетикалық жобаларды іске асыру үлкен инвестициялар мен қаржыландыруды қажет етеді”, – деді Қырғызстан басшысы.

Жаһандық түйткіл күш біріктіргенде еңсеріледі

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Астана халықаралық форумына жылы лебізін видеобайланыс арқылы жолдап, диалог арқылы жаһандық проблемаларды шешуге көңіл бөлген делегаттарға алғысын білдірді.

“Біз қиын кезеңдерді бастан өткеріп жатырмыз. Ескі жəне жаңа қақтығыстар жалғасып жатыр. Гео-саяси шиеленіс артып келеді. Климаттық дағдарыс бəсеңдемей отыр. Аштық пен теңсіздік күшейе түсті. Тұрақты даму мақсаттары, біздің сау планетадағы бейбітшілік пен өркендеу жоспарымыз іске асудан алыс кетіп барады. Күн сайын жаңа реттелмейтін технологиялармен байланысты қауіптер туралы ескертулер пайда болып жатыр. Мұның бəрі жаһандық мəселелер”, – деп бастады сөзін БҰҰ Бас хатшысы.

Антониу Гутерриштің айтуынша, жаһандық мəселелер тек күш біріктіріп, қолмен жұмыс істеу арқылы ғана шешіледі.

“Бүгінгі таңда біздің ұжымдық механизмдеріміз бен іс-əрекеттеріміз осы сын-қатерлердің қарқыны мен ауқымына сəйкес келмейді. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымында жаһандық басқарудағы осы олқылықтарды жою жəне шешімдерді табу үшін елдерді біріктіру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Біздің “жалпы күн тəртібі” бастамамыз əділетті жəне инклюзивті жаңартылған көпжақты тəсілді ұсынады, ол жаңа тəуекелдер мен қауіптерді жоюға бағытталып, планетамызды болашақ ұрпақтың игілігі үшін қорғайды. Сондықтан əлемдік көшбасшылар тұрақты даму мақсаттарын сақтау үшін қазір əрекет етуі керек”, – деді А.Гутерриш.

Сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы қыркүйек айында ТДМ саммиті өтетінін мəлімдеді. “Бұл саммитте біздің жалпы күн тəртібіміздегі көптеген ұсынысты қалай ілгерілету керектігі қарастырылады. Астана Халықаралық форумы осы мəселелерді талқылауға жəне барлығына бірлескен, тұрақты жəне инновациялық шешімдерді табуға жаңа мүмкіндік берері сөзсіз”, – деп түйіндеді сөзін А.Гутерриш.

Көпжақты ынтымақтастық күн тәртібінде тұр

Келесі кезекте мінберге көтерілген Босния жəне Герцеговина Президиумының Төрағасы Желька Цвиянович сөзін Қазақстанға алғыс айтудан бастады. Осындай маңызды іс-шараны ұйымдастырып, қонақжайлық танытқан қазақ халқына ризашылығын жеткізді.

Спикер күш-қуат саясаты мен демократиялық көпжақтылық саясаты қарама-қарсы, өзара бітімге келмейтін күштерге айналғанына назар аударды. Оның пайымдауынша, қолайлы жағдай жасалмаса, көпжақтылық функционалды міндетін атқара алмайды. Яғни күштердің көпполярлы тепе-теңдігі жүйесі қалыптасуы қажет. Кез келген мемлекет немесе институт өз ережелері мен көзқарастарын басқаларға таңбағаны жөн. Сонда ғана өзара сыйластық пен қарым-қатынас қазіргі кезеңнен əлдеқайда жоғары деңгейге көтеріледі.

“Сондықтан жаһанданған əлемде өңірлік ынтымақтастыққа басымдық бере отырып, ауқымды əмбебап пікірталас алаңына оралу қажет. Бірақ БҰҰ жаһандық платформа ретінде өз миссиясын жəне негізгі функциясын орындауда көптеген мəселелерге тап болғаны анық.

Қазіргі таңда нағыз ұжымдық категория ретінде халықаралық қоғамдастық жоқ екені бұрынғыдан да айқындала түсті. Жаһандық немесе халықаралық көлемдегі орта бөлшектене түскен. Алда-жалда ұжымдық көпжақты құрылымдарды біріктіргіңіз келсе, онда нақты ойыншылар күш саясатынан бас тартуы керек.

Əлбетте, халықаралық қатынастар əскери күшке иек артады. Ал мұндай жағдайдан шығу үшін диалог пен дипломатиялық күштер тұжырымдамасын жандандыруға тиіспіз. Демек, жекелеген мемлекеттер аймақтық немесе жаһандық құрылымдарды басқаларға мүддесін таңу үшін пайдаланбауы керек. Менің елім, Босния жəне Герцеговина, бейбітшілік пен конституциялық тəртіп орнату жөніндегі халықаралық шартты іске асыру кезінде кей елдің көпжақты құрылымдарды теріс мүддесіне қалай пайдаланғанының жарқын мысалы”, – деді баяндамашы.

Халықаралық ұйымдарды қайта қарайтын кез

Спикер сондай-ақ Босния жəне Герцеговинада үш жылға созылған соғыстан кейін ішкі үдерістің кей қырын жеңілдету жəне үйлестіру үшін Жоғары өкілдің кеңсесі құрылғанын атап өтті. Ж.Цвиянович шетелдік дипломаттар бастапқы мақсатына қайшы, өкілеттіктерін асыра пайдаланып, елдегі институттардың құзыретін тартып алғанын жеткізді. Сондай-ақ жарлықпен-ақ сайланбалы лауазымды тұлғаларды қызметінен босатып, іс жүзінде мемлекеттің билеушісіне айналғанын қынжылыспен атап өтті.

“Халықаралық құрылымдар мен ұйымдар ірі державалардың ойын алаңына айналмауға тиіс. Серіктестік туралы сөз қозғасақ, онда басқалардың есебінен санаулы топтың ғана мүддесін қорғайтын серіктестік болуы қажет. Кейінгі жылдары бір немесе бірнеше ойыншының бүкіл əлемді өз мүдделері мен мақсатына қарай бейімдеуге тырысқанына талай мəрте куə болдық. Ірі державалар, əдетте, өзін жоғары ұстайды жəне үстемдік позициясынан əрекет етеді. Сондықтан əлемдегі қазіргі жағдайға, көпжақтылықтың тағдырына жауапты да осындай билік позициясынан əрекет ететіндер.

Осылайша олар көпжақтылықтың негізгі қағидаттарына қауіп төндіруі жəне ақырында толығымен бұзуы мүмкін. Екінші жағынан, шағын елдер бұған əлдеқайда дайын. Қазіргі уақытта көпжақты ізденістерден көретініміз – ұжымдық мүдделер ортақ құндылықтарымыздан алшақ. Сондықтан халықаралық құрылымдар мен ұйымдар бүкіл фактор теңдігін қамтамасыз ететіндей қайта құрылуы керек.

Өкінішке қарай, қос стандарт пен екіжүзділік бүгінгі күннің көптеген көпжақты үдерістің бөлшегіне айналып отыр. Алайда көпжақты геосаяси концепцияның мұндай сəтсіздігі оның бүкіл түрінен бас тарту керек дегенді білдірмейді. Халықаралық ынтымақтастық пен көпжақты тəсіл қажет емес деп ойлау өте қауіпті екені сөзсіз. Əлбетте, ол жер-жаһанға керек. Бірақ тез өзгеретін əлемнің күрделі мəселелерін шешу үшін қазіргі көпжақты жүйені қайта қарағанымыз жөн. Болашақ көпжақты құрылым туралы сөз қозғалғанда, баршаны біріктіретін ұтымды жəне шынайы күн тəртібі қажет екені анық. Əйтпесе, көпжақтылық толық анархиямен аяқталады”, – деді Ж.Цвиянович.

Қазақстан дамуын

жоғары бағалады

Халықаралық валюта қорының Басқарушы директоры Кристалина Георгиева өз сөзінде Қазақстандағы билік трансформациясына куə болып отырғанын жеткізді. Спикер еліміз тəуелсіздік алғалы бергі қол жеткізген табыстарын жоғары бағалады. Сондай-ақ əлемдік экономиканың баяулауына қарамастан, Қазақстандағы өсім 5 пайызға жуықтағанына назар аударды.

“Нақтырақ айтсақ, биыл əлемдік өсім 2,8 пайызды ғана құрайды деп жоспарланған. Инфляция 7 пайызға жетіп, жоғары күйінде қалып отыр. Осылайша пайыздық мөлшерлемелер ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде қалады. Мұның бəрі, əсіресе осал топтағы адамдар қиын кезең туғызады. Мені ең қатты алаңдататыны – белгісіздік кезеңінде əлі де пандемия əкелген қиыншылықпен күресіп жатырмыз.

Экономикалық өнімділік баяулап, кедейлік артып, аштық күшейіп жатқанда, ақылсыз әрекет етіп, ыстық экономиканың үстіне салқын су шашып отырмыз. Яғни миллиардтаған адамның жақсы өмір сүруіне кедергі келтіріп, бөлшектеніп барамыз деп айта аламын. Халықаралық валюта қоры мұндай бөлшектену қаншалықты зиян болуы мүмкін екенін бағалау үшін көп жұмыс жасады. Ахуал осылай жалғаса берсе, əлем ушыға түсетінін цифрлар көрсетіп отыр”, – деді К.Георгиева.

Халықаралық валюта қоры басшысының айтуынша, мұның құны əлемдік ішкі жалпы өнімнің 7 пайызына жетуі мүмкін. Осы орайда, баяндамашы бұл жаһандық экономикадан Германия мен Жапонияның ішкі жалпы өнім көлемін жойып жібергенмен тең екенін жеткізді. К.Георгиева технологиялық бөлшектенуді есептегенде əлем экономикасы 10-12 пайызға құлдырайтынын атап өтті.

“Тікелей шетелдік инвестицияның экономикалық қисынға емес, саяси мүддеге сай болуын есепке алсақ, мұның құны тағы 2 пайызға артады. Алайда ақылға келіп, пандемия мен соғыстан сабақ алуға мүмкіндігіміз бар. Жаһандық тауар жеткізу тізбегін əртараптандыруымыз қажет. Бұл мақсатта ұлттық стратегиялық мақсаттарға сай келетін интеграцияны ілгерілеткеніміз жөн. Осылайша халықтың мүддесін тиімді қорғаймыз. Мұндай жағдайда бөлшектенудің құны жаһандық ішкі жалпы өнімнің 0,2 пайызын ғана құрамақ. Ендеше, осыған ұмтылайық.

Мені 2018 жылдан бастап əр-түрлі сауда жəне тікелей шетелдік инвестицияларды шектеулер үш есе өскені қатты алаңдатады. Бұған қарсы тұру жəне экономикалық шешімдер қабылдауда даналық көрсету тікелей саясаткерлерге байланысты. Бұдан шығар жол ретінде мен төрт шешім ұсынамын. Əлем халқына пайда əкелетін прагматикалық көпжақтылық керек. Біріншіден, кез келген мемлекет, аймақ дербес жетістікке жете алмайтын мəселелер бар. Бұған климаттың өзгеруін, пандемиямен күрес жəне жасанды интеллекті қосар едім. Оның пайдасын қалай көреміз, тəуекелді азайтып, саналы шешім қабылдай аламыз ба? Сол маңызды”, – деді К.Георгиева.

Екінші шешім ретінде спикер көпполярлы əлемдегі, мемлекеттердің өзара сауда байланысын мойындауды атап өтті. Алайда мұндай экономикалық байланыстың Дүниежүзілік сауда ұйымының стандарттары мен ережелеріне сəйкес жүргізілуі қажет.

“Үшіншіден, азық-түлік пен медицина баршаға қолжетімді болуға тиіс. Адам өмірін сақтауда, қызметтер мен азық-түлік жеткізуге еш кедергі келмеуі керек. Төртіншіден, қаржылық тұрғыда бөлшектенуге жол беруге болмайды”, – деді К.Георгиева.

“Жасыл” экономикадағы басты жобалар

Өзбекстанның Премьер-министрі Абдулла Арипов AIF-те сөйлеген сөзінде халық санын арттыруға, жасыл экономикаға, əсіресе жасыл энергетикаға көшуге арналған жүйелі реформаларды іске асыруды жеделдеткенін атап өтті. Осылайша 2030 жылға дейін Өзбекстан электр энергетикасындағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 40 пайызға дейін жеткізуге ниетті.

Сонымен қатар 2030 жылға дейін Өзбекстан жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі орта деңгейден жоғары елдер санатына енуді мақсат ететінін айтты. Ол үшін Орталық Азия елдерімен бірлесіп тауар айналымын арттыру, аймақта бар пайдалы қазба ресурстарының қорын тиімді қолдану тетіктерін пысықтамақ. Бұл мақсатта Өзбекстанның Премьер-министрі шетелдік инвесторларды Орталық Азиядағы экологиялық мəселелерді шешуге шақырды.

“Осы алаңды пайдалана отырып, халықаралық серіктестермен инвесторлардың назарын Орталық Азиядағы экологиялық мəселелерге аударғым келеді. Бұл орайда Арал апатының салдарын ескеру маңызды. Сонымен қоса Орталық Азия елдерінің өзге де əлем мемлекеттерімен арадағы сауда-саттық көлемін кеңейтуге бағытталған қолдау шаралары да күн тəртібінде. “Жасыл” экономикадағы жобаларды іске асыру үшін қаржыландыруды ұлғайтуды ұсынғым келеді. Одан бөлек, инвесторлармен бірлесіп, ауыл шаруашылығы жəне көлік-логистикалық салаларын дамытуға мүдделіміз. Соның ішінде Қытай – Өзбекстан – Қазақстан көлік магистралін жандандырудың маңызы зор”, – деді Абдулла Арипов.

Бұған қоса Абдулла Арипов экологиялық мəселелердің экономиканың дамуына кедергі келтіріп отырғанын айтты. Мəселелерді тізбектей келе, Абдулла Арипов кейінгі жылдары Орталық Азияда жаңа деңгейдегі өзара ынтымақтастық орнады деген пікірін жеткізді.

Өзбекстан Премьер-министрінің сөзінше, Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары ұсынған жүйелі саяси шешімдер бүгінде бар мəселені уақтылы шешуге ықпал етіп отыр.

“Кейінгі жылдары Орталық Азияда мүлдем басқа əрі жаңа деңгейдегі өзара ынтымақтастық орнады. Бұл өз кезегінде аймақтағы ең қиын мəселелерді шешуге мүмкіндік береді. Елдер арасындағы шекара ашылды, көлік саласында жаңа маршруттар құрылды. Осының нəтижесінде гуманитарлық-мəдени байланыстар одан əрі нығая түсті. Біріккен инвестициялық қорлар құрылып, экономика саласында маңызды жобалар іске асты. Мұның жемісін халық көріп отыр. Біз тұрақты, қауіпсіз аймақ құруды мақсат еттік”, – деді Премьер-министр.

Сондай-ақ Абдулла Арипов Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы бірнеше есе өсіп, бұрын-соңды болған көрсеткіштерден асып түсуге жақындап қалғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазір Өзбекстан жаңа мемлекет құруға бет бұрған. Қабылданған реформалардың барлығы БҰҰ жарғыларына, қағидаттарына сəйкес келеді. Басты назар халықтың осал топтарына аударылады.

Ал AIF пленарлық секциясы модераторының Орталық Азияның интеграция деңгейінің өсуі үшін не қажет деген сұрағына жауап бере отырып, өзбек Премьер-министрі жай ғана жұмыс істеу керек екенін атап өтті.

“Өңір мемлекеттері басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында ОА елдері басшылары деңгейінде жақсы диалог алаңдары орнатылды. Жыл сайын өңірдің көшбасшылары кездеседі, үкіметтер біріге жұмыс істеп, өңіраралық ынтымақтастық дамып жатыр, сондықтан біздің барлық халықтарымыз алға қойылған міндеттерді тиімді орындау үшін тек одан əрі жұмыс істеуі қажет”, – деді Абдулла Арипов.

Ғылымсыз әлем дамымайды

БҰҰ-ның Білім, ғылым жəне мəдениет жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО) Бас директоры Одри Азуле форумда ғылым, ғылыми дипломатия жəне су тапшылығы секілді маңызды мəселе бойынша ынтымақтастық құру мəселесін сөз етті. “Орталық Азия, бұл, əрине, сулы горизонт”, – деді Одри Азуле аймақтағы судың əлеуетін топшылап.

“Соңғы 50 жылда климаттың өзгеруіне байланысты 30% өсімге ғана қол жеткіздік. Өткен жылдың қыркүйегінде, үздік 27-ліктің қатарына кірерге дейін Unco зерттеуі соңғы жылдардағы барлық дүниежүзілік мұра нысандарының үштен бірі 2050 жылға қарай жойылатынын көрсетті. Осылайша біз табиғат бойынша жаһандық немесе аймақтық проблемаға тап болып отырмыз. Су көбінесе трансшекаралық мəселе болғандықтан ынтымақтастық келіссөздерді қажет етеді. Болмаса əркім өзіне тартып, табиғаттың берген тіршілік көзін жоюға бар. Сонымен біз бұл мəселені бірінші кезекте шешу үшін ЮНЕСКО-да Орталық Азия елдерімен не істедік? Аймақтың төрт мемлекетімен бірге бұл мəселені жақсы түсіну үшін ғылым арқылы 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеміз”, – деді Одри Азуле.

Оның айтуынша, қазір мұздықтар еріп, таулы көлдер арнасынан асып кететін қауіп бар. Ал ол көптеген елді су астында қалдыруы мүмкін. Сондықтан үкіметтер, қалалық қоғамдастықтар ғалымдармен, ғылыми орталықтармен тығыз байланыста болу қажет. Мұндай жаһандық проблемаларды ғылым арқылы зерттеп, байыбына барып қана тиісті іс-шараларды қолға алу керек.

“Ғылымсыз əлем дамымайды. Ол болмаған кезде ештеңеге қол жеткізу мүмкін емес. Сонымен біз жұмысты ғылыми ынтымақтастықтан бастауымыз керек. 2025 жылға қарай біз бүкіл Қазақстан бойынша қар жəне мұздықтардың хал-жағдайын анықтауға тырысамыз. Бұдан соң барлық тəуекелді бағалаймыз.

Біздің басты міндетіміз – тікелей қауіп-қатерге ұшырайтын халықты қорғау үшін қажетті ерте ескерту жүйелерін əзірлеу. Ал қазір өңірлік деңгейде біз жаһандық экологиялық қор қаржыландыратын өңірдің бес елімен ірі жобаны іске қосып жатқанымызды қуанышпен хабарлаймын. Мұнда аймақтарға шолу жасап, мəңгі мұздықтармен қар ресурстарын бірінші рет анықтап, қадағалауға мүмкіндік алып отырмыз. Менің ойымша, бұл мысал проблеманың сипатына байланысты аймақтық жəне басқа деңгейлердегі жұмыс бір уақытта өзекті екенін жəне егер біз халықтың ортақ мүдделеріне қызмет еткіміз келсе, қажет екенін көрсетеді”, – деді БҰҰ өкілі.

Табиғат жойылған кезде, оған тəуелді барлық мəдениеттер де жойылады деген пікірде Одри Азуле. Өйткені көшпелі мəдениеттер таулармен байланысты, ал Орталық Азия континенті терең тарихы мен мəдениеті бар аймақ.

“Егер біз цифрлық экономика құрғымыз келсе, жаңа технологияларға сене білуіміз керек”, – деді Одри Азуле. Сонда ол бізге қажетті этикалық негіз жаһандық деңгейде болуы керек екенін алға тартты.

“Фрагменттелген этикалық шеңберлердің болуы этикалық шеңберлердің мүлдем жоқтығын білдіреді, өйткені бұл, əрине, бəсекелестерге арналған қалқан. Сондықтан біз бəріміз бірдей этикалық шеңберде бірге болуымыз керек. Бұл идеямызды 193 мүше мемлекет қолдады. Біздің мүше мемлекеттеріміз консенсуспен дауыс берді. Бұл жасанды интеллектіні дамытудың алғашқы жаһандық этикалық негізі болды”, – деді Одри Азуле.

Осы орайда модератор, CNN өкілі Ричард Квест “Жасанды интеллект адамзатқа экзистенциалды қауіп төндіреді деген хатқа қол қояр ма едіңіз?” – деп Одри Азулеге сұрақ қойды. “Мен қоймасам да, кейбір адамдар бұған қол қойғанына қуаныштымын. Олар өте білімді адамдар. Бірақ мен үшін дұрыс жауап – зерттеуді тоқтатпау. Бұл технологиялық дамуды тоқтату деген сөз емес. Этиканың ерекшелігі – бұл оны ұстанатындар үшін өте пайдалы”, – деді Одри Азуле.

Бұл құжат ЮНЕСКО қабылдауына 2021 жылы ұсынылған. “Маған көбі бұл өте қиын болады деп ескертті. Өйткені мен этикалық құндылықтар туралы əртүрлі көзқарастары бар елдердің нормативтік құжаттың айналасында бірігуін қаладым. Мен бұл жерде тек қана БҰҰ сияқты платформалардың күшіне сендім. Мен жалпыадамзаттық құндылықтармен жəне ЮНЕСКО сияқты институттарда əр елдің дауысы тең екендігімен келісемін. Сонымен, біз мұны екі жыл бойы талқыладық. Қиын болды, бірақ бəрі жұмыс істеді”, – деп түйіндеді ойын БҰҰ өкілі.

Астана декларациясы құндылығын жойған жоқ

Мінберге көтерілген ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмид осындай қиын кезеңде іргелі форум өткізіп, шартараптың басын қосқаны үшін Қазақстан Президентіне алғысын жеткізді. Оның айтуынша, ЕҚЫҰ-ның басты міндеті де кез келген дау-жанжалды диалог арқылы шешу.

“Осы тұрғыда, Қазақстанның ЕҚЫҰ тарихында, əсіресе 2010 жылы ұйымға табысты төрағалық еткен кездегі шешуші рөлін еске түсірген жөн. Астана саммиті қалай өткені, сəтті нəтижесі əлі есімде. Астана мерейтойлық декларациясы бүгінгі күнге дейін өзекті құжат болып қала береді. ЕҚЫҰ-ның тарихы қырғи-қабақ соғыстың ортасында басталады. Біз халықаралық ұйым ретінде емес, Шығыс пен Батысты диалогқа шақырған конференция ретінде бастадық. Негізгі міндет одан əрі шиеленісуді болдырмау, байланыс арналарын ашық ұстау еді.

Сонымен қатар ЕҚЫҰ үшін қауіпсіздік əскери қарулану емесі əу бастан анық болғанын айта кетейін. Экономикалық өлшем, қоршаған ортаның нашарлауы, климаттың өзгеруі, сондай-ақ адам құқының негізгі өлшемі саналатын еркіндік, бұқаралық ақпарат құралдарының кемсітпеу бостандығы тұрақты бейбітшілік пен тұрақтылық үшін маңызды”, – деді Х.Шмид.

Баяндамашы ЕҚЫҰ былтыр Украинадағы миссиясы қызметін тоқтатқанын, алайда украин халқы əлі де көмекке мұқтаж екенін жеткізді. Сондықтан ұйым жобалары аталған елдегі қажеттілікті қамтамасыз етіп, миналарды жою, соғыстың экологиялық зардабын азайтуды жалғастыра беретінін атап өтті. Сондай-ақ Каховка плотинасының бұзылуы салдарынан туындаған қысқа жəне ұзақмерзімді залалмен күресуге қолдау көрсете беретініне тоқталды.

Қауіпсіздік ұйымының өкілі ЕҚЫҰ Орталық Азия елдері арасындағы сауда жолдарын күшейтуге қолдау білдіретініне назар аударды. Азия мен Еуропа арасындағы жеткізілім тізбегін жақсартудың маңызына тоқталды. Осы орайда, Құрық портына экологиялық сертификат тапсыратынын жеткізді.

Ұлттық саясат пен халықаралық ынтымақтастық

Бұдан кейін мінберге БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – ЭСКАТО ұйымының атқарушы директоры Армида Салсиа Алисджабана көтерілді. Баяндамашы Тынық мұхиты – Азия аймағы əлем халқының төрттен үшін құрайтынын атап өтті. Оның айтуынша, аталған өңірдің жаһандық ықпалы өте жоғары. Мəселен, “Үлкен жиырмалық” елдерінің 8-і Азия мен Тынық мұхиты аймағында орналасқан.

“Əйтсе де, аймақтың өзіндік ерекшеліктері бар. Мемлекеттердің жартысынан астамының даму деңгейі төмен. Олардың көбі еркіндікке қол жеткізгеніне көп болған жоқ. Экономикалық, экологиялық жəне əлеуметтік өзгерістер ықпалына жедел ұшырағанымен, аталған елдердің мұндай экзогендік күйзелістерге қарсы тұру мүмкіндігі өте төмен. Бəрімізге əсер ететін жаһандық жəне аймақтық мəселелер бар. Экономикалық, əлеуметтік жəне экологиялық тұрғыдан бір-бірімен тығыз байланысты əлемде мұның өзектілігі артып отыр.

Кейінгі жылдардағы экономикалық өсудің нəтижесінде кедейлік азайып, өмір сүру деңгейі көтеріліп, Азия мен Тынық мұхиты аймағындағы ахуал жақсара түсті. Пандемия, сондай-ақ халықаралық жеткізу тізбегіндегі үзілістер бұл үдерісті тоқтатты, өмір сүру тəсілін өзгертті”, – деді Армида Салсиа Алисджабана.

Баяндамашы ұйымның аймақтық трансшекаралық жəне ортақ сын-қатерлерге қарсы тұруға қолдау білдіретінін жеткізді. Осылайша Азия мен Тынық мұхиты аймағындағы тұрақты дамуды ілгерілетуге жауапкершілік алатынын мəлімдеді.

“Əр сапар бірінші қадамнан басталады. Əркімнің өз көзқарасы бар. Біз ортақ мүдделерді анықтап, инвестиция мəселесін шешкеніміз жөн. Қалыптасқан сенімге сүйене отырып, инклюзивті жəне тұрақты дамуды кезең-кезеңімен еңсере аламыз. Бұл үшін күш біріктіруге тиіспіз. Ортақ құралдарымызға жетуге қажетті сенімді нығайту үшін жедел əрекетке көшіп, ортақ мəмілеге назар аударуымыз керек. Сонда ғана инклюзивті, тұрақты жəне қауіпсіз аймаққа қол жеткіземіз. Бұл форум ортақ қиындықтарды жеңуге керек сенімді нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімдімін”, – деді Армида Салсиа Алисджабана.

(“Egemen Qazaqstan”,

9 маусым 2023 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp