Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалында мемлекеттік қызметте адам ресурстарын дамыту орталығы ашылды. Орталықтың “online” режімде өткен ашылуына 200 мемлекеттік қызметші қатысты.
Аталған орталық 2023-2025 жылдарға арналған мемлекеттік қызметтің имиджін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру аясында ашылды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненконың айтуынша, орталық мемлекеттік органдар, персоналды басқару қызметтері және Әдеп жөніндегі уәкілдер үшін диалог алаңы болып табылады. Орталық мемлекеттік органдардың персоналды басқару қызметінің бірыңғай әдіснамасын жүргізу мақсатында құрылған. Бүгінгі таңда персоналды басқару қызметтері маңызды жұмыс атқарады. Сондықтан осы орталық арқылы персоналды басқару қызметінің мамандары заңнамадағы өзгерістерді біледі, кадрларды іріктеу, мемлекеттік қызметті өткеру, тәртіптік практика және басқа да мәселелер бойынша әдістемелік көмек алатын болады. Елена Степаненко жиналғандарға мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың соңғы новеллалары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының директоры Лаура Қайыржанова адам ресурстарын басқарудың практикалық тұжырымдамалары туралы баяндады. Ал филиалдың аға оқытушысы, экономика ғылымдарының докторы Анатолий Башмаков жиналғандардың назарын “Меритократия – кадр жұмысындағы құқықтық қағидат және адамгершілік негіз” тақырыбына аударды.
7152.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы, еліміздің құрметті журналисі Зәуре Жұмалиева бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеген кезде жиі кездесетін кемшіліктер туралы айтып берді.
Кездесуге қатысушылар арасындағы әңгіме еркін форматта өтті. Кадр қызметі мамандары икемді жұмыс кестесіне, мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалауға қатысты сұрақтарын қойды. Алдағы уақытта осындай диалогтық кездесулерді тоқсан сайын мемлекеттік қызметтегі адам ресурстарын дамыту орталығында өткізу жоспарланған.
Нұрай ЕСІЛБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.