Петропавлдық тәртіп сақшыларына қаладағы дәмханалардың бірінде жасалған ұрлықты ашу үшін бір апта қажет болды. Түнде белгісіз қылмыскер терезені сындырып, ішке енген. Ол 37 мың теңгені, dvd-плеерді, алкогольдік ішімдіктер мен басқа да тауарларды қолды қылған. Шығын сомасы 100 мың теңгеге бағаланған.
Дәмхана иелері полицияға тек таңертең хабарласқан. Сауда орнында бейнебақылау жүйесі мүлдем болмапты. Дегенмен Петропавл қалалық бірінші полиция бөлімінің криминалистері мен жедел уәкілдері күдіктіні анықтады. Ол бұрын бірнеше мәрте қылмыстық жауапқа тартылған Жамбыл ауданының 39 жастағы тұрғыны болып шықты. Бейнебақылау инспекторлары мен барлық сыртқы қызметтер оны іздеу және ұстау шараларын жүргізді. Күдіктінің тұрғылықты мекенжайының болмауы қиындық тудырған. Алайда криминалдық полиция қызметкерлері оны облыс орталығындағы Мағжан Жұмабаев көшесінде қолға түсірді.
Әсет ҚАНАФИН.