«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жұмысқа асыққан жеткіншектер

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жайдары жаз келіп, тоғыз ай бойы балаларды білім нәрімен сусындатқан оқу ордаларының жұмысы дамылдады. Мектептердің сыныптары босап, бұрынғыдай балғындар­дың шуылы естілмейді. Оқушылардың бәрі екі аптадан бері жазғы каникулдың қызығына батуда.

Қызығы мен қиындығы мол төрт тоқсанды артқа тастаған өрендерді алда үш айлық демалыс күтіп тұр. Ойын баласы бұл уақытты алаңсыз қызық қуып, ауыл мен көпқабатты үйлердің ауласында өткізетіні мәлім. Кейбірі ата-анасының жете­леуі­мен лагерьлер мен түрлі үйір­мелерге ба­рады. Жоғары сыныптар­да оқитын­дардың жазғы күн тәртібі мүлде басқа. Олардың бір бө­лігі жазғы демалысын жұмыс істеп, табыс та­буға арнайды. Бұл уақытта түрлі қыз­мет көрсету орындарында, саябақтарда жұмыс істеп жүрген жасөпірімдерді байқауға болады. Әсіресе кісі көп жүретін жерлерде балмұздақ сатып тұрған ұл-қыздарды жиі кез­дес­тіреміз.

Алайда жастардың бұл қылығын құптамайтындар да бар. Бір жағы­нан, қоғамның алаңдауы да орынды. Өйткені жастар алаяқтарға жиі алданып, жұмыс үс­тінде жарақат алуы мүмкін. Оң мен со­лын енді танып келе жатқан жеткін­шектердің жоғары табысқа қызығып, теріс жолға түсіп кетуі де әп-сәтте. Ма­мандар заң бо­йынша 18 жасқа дейінгілердің жұмыс істеуіне рұқ­сат етілгенін айтады. Де­генмен өз талаптары бар. Кәмелеттік жас­қа толмағандар істері жөніндегі учаске­лік полиция инспекторы Ка­ми­ла Қон­ваеваның сөзінше, кәмелетке тол­маған балаларға аптасына 24 сағат жұмыс істеуге ғана рұқсат беріледі.

– 14-16 жастағы жасөспірімдер тек ата-анасының рұқсатымен ғана жұмыс істей алады. Оларға тек оқу­дан бос уақытта, денсаулығына зиян тимейтін қауіпсіз жерлерде еңбек етуге болады. Жасөспірімдер істеуге болмайтын жұмыстардың арнайы тізімі бар. Балалар табыс тапқысы келсе міндетті түрде жұмыс беру­шімен келісімшарт жасасуы керек. Жаз мерзімінде жеткін­шектерге қар­сы заң бұзушылықтар­дың алдын алу үшін біздің мамандар рейдтер жүр­гізеді. Өкінішке қарай, ұл-қыздардың көбі өз құқық­тарын білмей жатады, – дейді Камила Қонваева.

Маманның айтуынша, рейдтер барысында, яғни басым бөлігі белгіленген мөлшерден артық, яғни күніне 8 са­ғат тер төгетіні анықтал­ған. Біразы­ның жұмыс берушімен ке­лісімшарты, ата-аналарының рұқса­ты болмай шығыпты. Инспекторлар мұндай де­ректердің бәрін тіркеп, ескертулер жа­сап, ересектермен түсіндіру жұ­мыстарын жүргізеді екен.

Бұл жайында ата-аналардың да айтар өз уәжі бар. Олар жасөспірім­дердің жалдамалы жұмыс істеуіне кедергінің көптігін айтады.

– Меніңше, кез келген адам бала­лық шағын алаңсыз өткізіп, бос уақы­тын оқуға, қабілеттерін шыңдауға ар­науы керек. Жеткіншектердің табысы олардың қалтасын айтарлықтай қа­лыңдатпаса да көп уақытын алады. Әрі 18-ге толмағандарды өз қа­рамағына алудан қашатындар көп. Өйткені олармен еңбек шартын, жеңілде­тілген жұмыс тәртібін жасап, қауіп­сіздігін қамтамасыз ету қажет. Біздегі кәсіпкерлерге жасөспірім­дерден гөрі ересек адамды жұмысқа алу тиімді. Сондықтан да жастардың көбі ауыз­ша келісіммен мардымсыз ақшаға еңбек етеді, – дейді қала тұрғыны Самал Жақсылық.

Өңірімізде қанша оқушының ерте жастан еңбек етіп жүргені туралы нақты дерек жоқ. Себебі жоғарыда ай­тылғандай олардың көбі келісім­шартсыз жұмысқа қабылданады. Онда да көп тұрақтамай 1-2 апта өткеннен кейін кетіп қалатындары немесе басқа орынға ауысатындары көп. Өзіне ыңғайлы болған соң туған-туыстарының қарамағында еңбек ететіндер де аз емес.

Жазғы демалысын ақша табуға арнағысы келетін жоғары сынып оқу­шыларының бірі – Қуат Досманов. Ол өз қатарластарының табыс та­буға ұм­тылып жатқандарын қалыпты жағдай санайды.

– Балалардың көбі өзіне теле­фон, велосипед алуды қалайды. Жұмыс істеу арқылы оқушылар өзде­рі­не керек заттарды сатып алуға мүм­кіндік алады. Осылайша еңбекке ер­те жастан бейімделіп, қаржылық са­уаттылығы дамиды. Жаз бойы теле­фонға телміргеннен гөрі адал еңбек ету, табыс табу дұрыс деп санаймын. Өзім де әр жаз сайын дүкендер мен қызмет көрсету орындарында түрлі жұмыстарды атқарамын. Үлкендер де бұл ісімді құптайды. Жасыратыны жоқ, кейде сәтсіздіктерге де ұрынып жатамын, – дейді ол.

Қалай болғанда да жоғары сынып оқу­шы­ларына жұмыс істеуге тыйым сала алмаймыз. Тіп­ті кіші жас­тағылардың да аз-кем ақ­ша табуға ұмтылып жатқандары бар. Тек мұның бәрі заң аясында болса екен дейміз. Ең бастысы, табыс тапсын деп жүріп, балалардың білімін ақсатып алмасақ болғаны.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp