«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қаланы қимай жүргендер көп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бәріміздің алтын қазығымыз – ауылымыз. Ауылдан түлеп ұшқан жастардың білім мен тәжірибе жинағаннан кейін туған елге ба­рып еңбек етуі ұлтымыздың бо­йында әлі де ауылға деген ерекше сезімнің барын көрсетеді. Бүгінде мен де сондай жастардың қата­рын толықтырып, Мамлют ауда­нындағы Бостандық орта мекте­бінде жұмыс істеп келемін. Соңғы бірнеше жылда туған жерге та­бан тіреп, оқушыларға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берудемін. Сонымен қатар директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарымын.

Өзім ұстаздық жолға орта жол­дан қосылғандардың қатарынан емеспін. Бұл таңдауыма, алдымен, от­басым себеп болды. Анам – бас­тауыш сынып, әкем қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі бол­ған, аға-жеңгелерім де осы маман­дық бойынша еңбек етіп келеді. Солар­ға қарап мен де бой түзеп, өз жо­лым­ды оқушы кезімнен бағамда­дым. Ба­лаға тәлім беретін адам өзі де жан-жақты, терең білімді болуы керек. Мен елордадағы ең ірі оқу орындары­ның бірінде білім алдым. Кейін магистратураны тамамда­дым. Мектепке жұмысқа орналас­қан­ға дейін Қызылжар ауданының Жастар ресурстық орталығында ди­ректор болдым. Онда да біраз мә­се­леге қаны­ғып, оң шешілуіне әре­кет еттім. Бір­қатар шаралар өткізуге атсалыстым. Одан әрі оқуымды аяқ­тап, қолыма диплом алғаннан кейін, өз ма­мандығым бойынша еңбек өтілімді бастадым. Туған жерге келгенде маған “Дипломмен – ауылға!” бағдарла­ма­сы аясында көмек көрсетілді. Ме­ніңше, алдына мақсат қойып, жұмыс істеймін деген адамға ауылдың кем тұстары еш кедергі бола алмайды. Керісінше, жастар шыңдалып, тә­жі­рибе жинау үшін елді мекендерге ба­рып, жаңа жағдайларға бой үйрет­кені дұрыс. Нағыз майталман ма­ман­дар осы­лай қалыптасады.

Қазіргі ауылдардың қиын жағ­дай­ды бастан өткеріп отырғаны ме­нің де жаныма батады. Көп елді ме­кендердегі мектептердің есігіне қара құлып салынған. Білім ошағы болма­ған соң, ондағы жұрт та тарай бастай­ды. Аты өңір жұртына бұрын­нан мә­лім Бостандық орта мекте­бінің бүгінгі таңдағы жағдайы мәз емес. Тарихы терең, талай өнер-спорт тарланда­рын шығарып, үнемі білімнің биік шы­ңына ұмтылып жү­ретін білім орда­сында оқушы тап­шылығы анық байқалады. Оқушы­ның азаюының басты себебі – ауыл­дағы жұмыссыздық. Ауыл тұр­ғындары екі қолға бір күрек таба ал­май қалаға қоныс аударуда.

Осы қиындықтарға қарамастан әріптестерім қол қусырып отырмай, сапалы білім беріп, саналы азамат тәрбие­леуге барын салуда. Оған – оқу­шыла­рымыздың жеткен жетіс­тік­тері дәлел. Мәселен, өзім баптап топқа қосқан өнерпаздар биыл бі­раз табыстарға жетті. “Зерде” ғылы­ми жобалар са­йы­сының аудандық ке­зе­ңінде оқу­шыларым І, ІІІ орын­дар­ға ие болды. Абай, Мағжан, Қо­жабер­ген оқула­рында топ жарған оқушы­лардың талабы сүйсінтеді. Биылғы жылдан бастап айтыста да бақ сы­нап жатырмыз, алдағы уа­қыт­та жеті­ліп, буынымызды қатай­тып, кіл мық­тылар қатарынан көрі­не­міз деген үміт бар. Жырлары “Қы­зылжар ақын­дарының антология­сы­на” ен­ген жас ақын Ақжол Садыр­жан да бо­лашағынан зор үміт күт­тіреді. Оқу­шы­ларымды қандай сайыстар бар, соның бәріне сапалы дайындауға тырысамын. Бұл жетіс­тіктер – аз ғана уақыттың жемісі, егер оқушы­ларда ынта-жігер болса, әлі талай асуларды аламыз деп сенемін.

Бүгінде өзім сияқты елді мекен­дерге көшіп, сондағы елдің керегіне жарап, тер төгіп жүргендерді көр­генде қуанамын. Алайда көп заман­дастарымыз әлі де қаланы қия ал­май жүр. Осы себептен ауылдағы еңбекке жарамды кейінгі буын өкілдерінің үлесі азайған.

Жастар жұмысқа орналасуы үшін бірінші кезекте жағдайлары ке­ремет болғанын қалайды. Мемле­кет­тен жайлы жағдай, жоғары жа­лақы күтеді. Өкінішке қарай, кейбір жастардың ауыл ту­ра­лы түсініктері әлі бұрынғыша. Ауыл­да тұру өрке­ниеттен тыс қалу дегенді білдірмеу керек. Біздің ауылда мен жұ­мысқа келген жылы байланыс жүйесі жоқ еді, жол болмады. Одан сағымыз сынып, еңсеміз түскен жоқ, себебі біздің ауылға келгендегі мақсаты­мыз – шәкірт тәрбиелеу.

Ауыл – біздің темірқазығымыз. Жұрты ғана қалмауы үшін бә­ріміз еңбектенуіміз керек. Болаша­ғын ел­ді мекенмен байланыстыруды көз­де­ген жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау аз емес. Соны дұрыс пайдалану керек.

Санжар САБЫР,

Бостандық орта мектебінің мұғалімі.

Мамлют ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp