Өңірімізде былтыр өңеш обырынан 15 адам қайтыс болса, жыл басынан 7 сырқат қатерлі ісіктен көз жұмды. Дерт алғашқы сатысында анықталған жағдайда толық емделіп шығуға мүмкіндік бар.
Өңеш обыры – жиі кездесетін қатерлі ісіктердің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, ол барлық онкологиялық аурулардың ішінде 6 орында тұр. Көп жағдайда өңеш обырымен ер адамдар, соның ішінде 50-60 жастағылар ауырады. Облысымызда қазіргі уақытта 74 адам диспансерлік есепке алынған. Соның 47-сі – ер адам. Жылда орта есеппен 30 адамға жаңадан диагноз қойылады. Өкінішке қарай, дертке шалдығып, қайтыс болғандар саны артып отыр. Мәселен, 2021 жылы 10 адам дүниеден өтсе, былтыр 15 адам көз жұмды. Биыл 5 айдың ішінде 7 адам қайтыс болды.
Өңеш обырын неғұрлым ерте анықтаған жөн. Өйткені, асқынып кетсе емдеуге оңайлықпен бой бермейді. Мәселен, бірінші сатысында сырқаттардың 90 пайызына ем қонса, үшінші сатысында тек 10 пайызы ғана тәуір болады.
Обырдың пайда болуына әртүрлі факторлар себеп. Түрлі тітіркендіргіш факторлардан өңештің созылмалы қабынуы – эзофагит пайда болады, ол кейін қатерлі ісікке айналады. Шылым шегу және спирттік ішімдіктерді шамадан тыс пайдалану, дұрыс тамақтанбау, өңешті түрлі қышқыл, сілтімен күйдіру, зиянды өндірісте жұмыс істеу, тамақты өте ыстық күйінде ішу, өңешті қатты тамақпен немесе басқа затпен механикалық зақымдап алу – мұның бәрі обырға әкелуі мүмкін. Өңеш рагын бастапқы сатысында анықтау қиын, ісік пайда болғанша дейін адам ешқандай жайсыздықты сезінбейді. Ісік өсе бастағанда жұтыну қиындай түседі. Алғашқы белгісі – сырқат тамақты жұтқан кезде сезеді. Тамақ өтпей өңеште тұрып қалуы мүмкін. Уақыт өте келе жайсыздық ұлғая береді, жұту қиын болғандықтан адам қатты тамақ жеуден бас тартады. Кеудесінде бөгде зат тұрғандай болып, тамағы, арқа тұсы, жауырынның үсті ауырады. Жиі лоқсып, құсады.
Дұрыс тамақтанбағаннан адамның салмағы азаяды, күш-қуаты кеміп, анемия ауруы пайда болады. Үнемі қарны ашып, тілінің түсі ақ-сұрға айналады.
Аурудың тағы бір белгісі – кеңірдектің тітіркенуінен құрғақ жөтелдің мазалауы. Дауыс қарлығып, кейін қан аралас қақырықты жөтел пайда болуы мүмкін. Асқазан қыжылдайды, ауыздан жағымсыз иіс шығып, дене қызуы көтеріледі.
Өңеш обырының соңғы сатысында ас, тіпті сілекей ісіктің салдарынан өңештен өтпейді.
Қатерлі ісіктің бұл түрі өте баяу дамиды. Бірақ алғашқы белгілері пайда болған жағдайда оған немқұрайлы қарамай бірден дәрігерге қаралған жөн. Ал дәрігер онкологиялық аурудың бар-жоғын анықтайды, обыр болған жағдайда оның ағзаға таралу деңгейін байқайды. Сол үшін сырқатты бірқатар зерттеуден өткізеді.
Өңештің қатерлі ісігі зертханалық және аспаптық әдіспен анықталады. Ол үшін өңештің рентгенографиясы жасалады. Эндоскоп арқылы өңеш тексеріліп, ауру ошағының көлемі анықталады, зерттеу үшін материал алынады. Сондай-ақ компьютерлік томография жасалып, ісіктің сыртқы мөлшерін және оның басқа мүшелерге таралуын байқайды.
Бұдан басқа онкомаркерлерге қан сараптамасы жасалады, қажет болған жағдайда науқас бронхоскопия зертханасына жіберіледі.
Өңеш обырын емдеудің бірнеше жолы бар. Ол аурудың сатысына, сырқаттың жасына және оның жалпы жағдайына байланысты өзгеріп отырады. Соның ішінде хирургия – өңеш обырының ең көп тараған емі. Дәрігер ота арқылы өңештің бір немесе көп бөлігін алып тастайды.
Сәулелік терапия – радиоактивті заттарды қолдану арқылы ісік жасушаларын өлтіру немесе зақымдау үшін қолданылады. Радиацияны ісіктерді кішірейту немесе операциядан кейін қалған рак клеткаларын жою үшін қолдануға болады.
Химиотерапия рак клеткаларының өсуін жою немесе тоқтату үшін дәрі-дәрмектерді пайдалану арқылы жүргізіледі. Кейбір химиотерапиялық препараттар таблетка түрінде қабылданады, енді бірі екпе түрінде тамыр арқылы тікелей қанға енгізіледі. Химиотерапия кейде ісікті кішірейту үшін операция алдында қолданылады.
Виктор ФРЕШЕР,
облыстық онкологиялық орталықтың дәрігері.