Облыстық мәслихаттың депутаттары Сәуле Сұрағанова, Ольга Клишина, Ербақыт Амантайұлы Айыртау ауданына жұмыс сапарымен барды. Ауданның әлеуметтік мәселелерімен танысқан халық қалаулылары тұрғындарды толғандырып жүрген жайттардың қалай шешіліп жатқанын сұрап білді.
Өңірде сапалы ауызсуға зәру елді мекендер баршылық. Айыртау ауылының тұрғындары да тіршілік көзін тойына іше алмаған кездерін ұмыта қойған жоқ. Әсіресе елді мекеннің өрісі кеңейіп, түтін саны көбейген кезде суға сұраныс артып, оның соңы әуре-сарсаңға ұласқан еді. Қазір бұл мәселенің түйіні тарқатылып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, былтыр ауыл ішінде су тарату желілері тартылды. Биыл су жинайтын резервуар салынып жатыр. Халық қалаулылары құрылыс саласына баса назар аударды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанат Байсеуов тұрғындарды ауызсумен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Бұл ауданға тән тағы бір өзекті мәселе – жол. Бұл да депутаттардың назарынан тыс қалмады. Саумалкөл ауылындағы негізгі жолдардың бірі – М.Янко көшесі жөнделіп, жарықтандырылған. Ұзындығы 3,7 шақырым көшенің жөнделуін сол маңдағы тұрғындар көптен күткен еді. Қазір тақтайдай тегіс, түнде шамы жарқыраған көше бойындағы үйлер тұрғындарының да көңілі көтеріңкі.
Әйгерім ОМАРОВА.