Диас Аяған
Қызылжарда ұлт мақтанышы, түркі халықтарына ортақ ақын, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойы басталып кетті. Ақын дүние есігін ашқан Мағжан Жұмабаев ауданында және Петропавл қаласында бірқатар ауқымды шаралар өткізіледі.
Атап айтқанда Жамбыл көшесіндегі арт-орталықта 22 маусым күні “Ұлы Мағжан” көрмесі жұмыс істейді. Дәл осы жерде “Мағжан” поэтикалық кеші өтіп, “Мен жастарға сенемін” туындысының көрсетілімі болады.
23 маусым күні 9:00 де мерейтойдың құрметті қонақтарының қатысуымен Мағжан Жұмабаев көшесінің бойындағы ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Одан әрі мерейтой Оқушылар сарайында өтетін “Мағжан Жұмабай – Тұран өркениеті мен Алаш идеясының ұлы жыршысы” атты халықаралық конференцияда жалғасын таппақ. Аталған конференцияға Түрксой жазушылар одағының өкілдері, елімізге белгілі ақын-жазушылар, мағжантанушылар, шетелдік ғалымдар қатысады деп күтілуде.
Сағат 14:30-да Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында “Тұранның тұғырлы тұлғасы” атты халықаралық ақындар айтысы өтеді. Сөз сайысына Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия және Өзбекстаннан айтыскерлер қатысады.
Ақынның туған жері – Сарытомар ауылында 24 маусым күні мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Онда келушілерге арнап қолөнершілердің көрме-жәрмеңкесі өтеді. “Елін сүйген ер Мағжан” атты театрландырылған көрініс пен концерттік бағдарлама да көптің көңілінен шығары анық. Сонымен қатар Сарытомарда ат спорты түрлерінен жарыстар, аламан бәйге өтіп, балуандар қазақ күресінен кіл мықтыны анықтайды.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.