«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ — ЕРЕКШЕ МІНДЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2003 жылдың наурыз айында БҰҰ Бас Ассамблеясы 23 маусымды Мемле­кет­тік қыз­мет күні (United Nations Public Se­rvice Day) ретінде белгіледі, ал Қа­зақ­стан­­да бұл кәсіби мереке 2013 жыл­дан бері тұрақты түрде аталып келеді.

“Барлық елдер мен барлық адам­дар құзыретті, жабдықталған және ресурстармен қамтамасыз етілген мемлекеттік қызметке мұқтаж. Мем­лекеттік қызмет алуан түрлі және әдепті болуға тиіс. Оның мақсаты адамдарға тиімді қызмет ету және қоғамның ең кедей және осал мүшелерінің өмірін жақсарту болуы керек”, – деп жазылған болатын БҰҰ-ның қарарында.

Мемлекеттік қызмет – мемлекет­тік басқаруды ұйымдастыруда ше­шуші рөл атқаратын мемлекеттік жүйенің маңызды элементтерінің бірі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, тиімді мемлекеттік аппарат қана ха­лық­тың өмір сүру деңгейі мен сапа­сын арттыруға, сондай-ақ әлеу­мет­тік-экономикалық мәселелерді ше­шу­ге қабілетті. Мұндай ауқымдағы міндеттерді мемлекеттік қызметші­лер­дің нақ­ты іс-әрекетінсіз жүзеге асыру қиын. Яғни кез келген ұйым­дасқан қоғамды мемлекеттік басқа­русыз және мемлекеттік қызметшілерсіз елестету мүмкін емес.

Қазақстанның мемлекеттік қыз­мет жүйесі ұзақ қалыптасу жолынан өтіп, ел тәуелсіздігін бекітуге және нығайтуға зор үлес қосып келеді. 1995 жылы қабылданған “Мемлекет­тік қызмет туралы” заңдық күші бар Пре­зиденттің Жарлығында мемлекеттік басқару жүйесін қалып­тас­тырудың алғышарттары белгі­лен­ді. Сондай-ақ мемлекеттік қыз­метшілер­дің құқықтық міндеттері бе­кітіліп, санаттар мен біліктілік сынып­тары негізінде лауазымдар сыныпта­ма­сы енгізілді. Аттестаттау мәселе­лері, мемлекеттік қызметті тоқтату негіз­дері, қызметшілердің жауапкер­шілігі, әлеуметтік қорғау шаралары, сыбай­лас жемқор­лыққа қарсы шектеулер реттелді.

Мемлекеттік қызметті дамыту­да­ғы келесі кезең 1997 жылы мемле­кеттік дамудың ұзақмерзімді басым­дықтарының бірі – “Қазақстан-2030” Стратегиясында айқындалды. Ол бо­йынша бірнеше аса маңызды функ­ция­ларды орындауға, стратегиялар негі­зінде іс-қимыл бағдарламалары бойынша жұмыс істеу, ведомство­аралық қатынасты үйлестіру, ми­нистр­лердің өкілеттіктері мен жауап­кершілігін арттыру, олардың қызме­тіне есеп беру мен стратегиялық бақылау, министрліктер ішінде, ор­та­лықтан өңірлерге және мемлекет­тен жекеменшікке орталықсыздан­дыруға шоғырланған және кәсіби үкі­мет құру жолымен толыққанды мем­лекетті қалыптастыру, сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы табанды және аяу­сыз күрес жүргізу, кадрларды жал­дау, даярлау және ілгерілету жүйесін жақсарту сияқты бағыттар нақтылан­ды. 1999 жылы 23 шілдеде “Мемле­кеттік қызмет туралы” Заң қабылда­нып, келесі жылы күшіне енді. Онда мемлекеттік қызметтің кәсіби, тиімді жүйесін және бірыңғай кадр саяса­тын қалыптастырудың жаңа, өзекті қа­жеттіліктерге жауап беретін тәсіл­дері айқындалды. Оның негізінде мем­лекеттік қызмет ұғымы кеңей­ті­ліп, мемлекеттік қызметке кіру, өту жә­не тоқтату мәселелері реттелді, агент­тік­тің аумақтық бөлімшелері құ­рыл­ды. Бұдан бөлек, мемлекеттік қыз­мет­тің қазіргі заманғы моделінің корпус­тық вертикалы, қызметші­лер­дің сая­си және әкімшілік түрлері енгі­зілді.

2005 жылы шілдеде заңға өзге­рістер енгізіліп, негізгі инновациялар айқындалды. Атап айтқанда, тәр­тіптік кеңестер жергілікті атқарушы органдардан агенттіктің қарауына берілді. Мемлекеттік саяси қызмет­ші­лерді ротациялау енгізіліп, өз өкі­леттігін тоқтатқан судьялар үшін кон­курстан тыс негізде мемлекеттік әкім­шілік лауазымға орналасу мүм­кін­дігіне, сыбайлас жемқорлық қыл­мыс жасаған адамдарға мемлекеттік қызметке кіруге тыйым салынды. 2016 жылы “Қазақстан Республика­сы­ның мемлекеттік қызметі туралы” Заңының жаңа редакциясына қыз­мет­тік әдеп туралы жеке тарау ен­гізіліп, сапалы қызметтің құндылық­тары мен қағидаттарын айқындайтын және қызметтегі, тұрмыстағы мінез-құлық стандартта­рын регла­мент­тейтін мемлекеттік қызметші­лердің Әдеп кодексі бекі­тілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметті жаңғырту және қоғам мүддесі үшін тиімді мемлекеттік аппаратты қалып­тастыру қажеттігіне үнемі назар ау­дарып келеді. “Мемлекеттік қызмет – бұл өз еліне және халқына қызмет ету. Бұл – ерекше міндет. Сондықтан осы жолға түсуге шешім қабылдаған мемлекеттік басқарушылар оларға ерекше талаптар, олардан ерекше сұраныс бар екенін түсінулері керек”, – деп атап көрсеткен болатын. Мемлекеттік қызмет мемлекеттік басқару аппаратындағы кәсіби қыз­мет болғандықтан, мемлекеттік қыз­метшілердің кәсібилігін арттыру бас­ты талап болып табылады. Сон­дықтан мемлекет пен қоғам арасын­дағы өзара құрмет пен сенімге не­гізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру мақсатына жетуде жеке және әлеуметтік құндылықтар жүйесін қайта қарастырудың мәні айрықша. Бұл орайда “Адам мем­лекет үшін емес, мемлекет адам үшін” ұстанымының маңызы зор. Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызмет сервистік сипатта болуы, артық бюрократиясыз жұмыс істеуі – басты шарттардың бірі. Бұл азамат­тардың сұранысын қанағаттанды­рып қана қоймай, қоғам мүдделеріне қызмет етуге де ынталандырады. Мемлекеттік қызметті жетілдіру үдерісіндегі жалпы тәсіл кәсібилік, объективтілік, ашықтық, жұртшы­лық­ты тарту қағидаттарын сақтауға, қазіргі заманғы ақпараттық техноло­гияларды пайдалануға, қызмет нә­тижелерінің кешенді көрсеткіштерін және сенім рейтингтерін құруға негізделеді.

Президент мемлекеттік қызмет істері агенттігінің алдына мемлекет­тік қызметке кіру және одан шығу рәсімдерін оңайлату, бюрократияға жол бермеу, меритократия қағида­тын ілгерілету жөнінде жаңа міндет­тер қойды. Қазіргі уақытта осы мәсе­лелер шеңберінде бірқатар норма­тивтік актілер қабылданды. Осы­лайша жас қазақстандықтар үшін “Б” корпусының бос мемлекеттік әкім­шілік лауазымдарына конкурстан тыс орналасудың бірегей мүмкіндік­тері жасалды. GPA 3,33 көрсеткіші­мен мемлекеттік грант есебінен жоғары оқу орнын тамамдаған тү­лектер конкурстық іріктеусіз және тестілеусіз аудандық және ауылдық деңгейдегі белгілі бір мемлекеттік лауазымдарға орналаса алады. Бұл жастарды мемлекеттік қызметке тар­тудың, жас мамандарды жергілікті жерлерге қайтарудың, сондай-ақ мемлекеттік қызметке кіруді жеңілде­ту арқылы өңірлердегі кадр тапшы­лығын азайтуды ынталандырудың пәрменді шарасы екені анық. Ал Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің келісімі бойынша оқу бітіргеннен кейін бір жыл ішінде конкурстан тыс бірқатар мемлекеттік лауазымдарға орналасуға құқылы. Бүгінде Мемлекеттік қызметке кіру бойынша жаңа қанатқақты жоба сы­нақтан өтуде. Биыл 1 наурыздан 31 желтоқсанға дейін тың бағдарламаға қатысатын бес мемлекеттік орган үшін (Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Сауда және интеграция министрлігі, Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министрлігі, Ақмола облысының және Шымкент қаласының әкімдіктері) мемлекеттік қызметке іріктеудің уақытша ереже­лері қолданылады. Жаңа бағалау құрылымының енгізілуі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу мүмкіндігін жеңілдетеді. Басшылық құрамның лауазымдары эссе жазып, әңгімелесуден өтеді. “Е-қызмет” ақпараттық жүйесі кандидат туралы ақпаратты дербес алады, соттылы­ғының және құқық бұзушылықтар­дың жасалуының бар-жоғын тексе­реді. Іріктеудің барлық кезеңдерінде ең көп балл жинаған конкурс же­ңімпазы автоматты түрде анықта­лады. Мемлекеттік қызметке іріктеу­дің бұл жүйесі барлық мем­лекеттік органдар үшін апробация­дан кейін енгізілетін болады. Мем­лекеттік қызметшілердің қызметін бағалау әдістемесінде де өзгерістер бар. Басшылық құрамның қызметін баға­лау талаптары күшейтілді. Олардың жұ­мысы тоқсан сайын негізгі ныса­налы индикаторларға қол жеткізу нә­тиже­лері негізінде бағаланады. 1 қыр­­күйек­тен бастап Президенттік жас­тар кадрлық резервіне іріктеу баста­лады. Республиканың барлық өңір­ле­рінде өңірлік жастар кадрлық ре­зервтері құрылады. Қазіргі уақыт­та заңнамаға өңірлік резервке қа­тысты түзетулер енгізу бойынша жұ­мыстар пысықта­лып жатыр.

Өткен жылдан бастап агенттікке бюрократиядан құтылу бойынша мониторинг және талдау жүргізу функ­циялары жүктелді. Бұдан бы­лай денсаулық сақтау, білім беру, ең­бек және әлеуметтік қорғау салала­рына талдау, сонымен қатар жалпы мемлекеттік органдардың ішкі әкім­шілік рәсімдеріне кешенді монито­ринг жүргізіледі. Мемлекеттік аппа­рат­ты бюрократиядан арылту шара­лары кешенді түрде жалғасады.

Қазақстан Республикасы Мемле­кеттік қызмет істері агенттігінің қыз­меті мемлекеттік аппаратты терең кәсіби трансформациялауға, қыз­мет­тің ұтқырлығы мен транспарент­тілігін қалыптастыруға, үздік әлемдік тәжірибелерді зерделеуге бағыт­талған. Мұның өзі мемлекеттік қыз­мет саласында жоғары жауап­кер­шілікті, үнемі өзін-өзі жетілдіруді, жоғары кәсібилікті және терең білімді талап етеді.

Елена СТЕПАНЕНКО,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp