Диас Аяған
Достық үйінде “Қоғамдық келісім” мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен “Медиация және БАҚ” тақырыбында кездесу өтті. “Дөңгелек үстел” басына жиналғандар медиация жайлы әңгіме өрбітіп, оның қоғам өміріндегі маңыздылығы жайлы ақпараттарға қанықты.
Шара қатысушыларымен кездескен медиация жөніндегі сарапшы Инесса Қуанова қарама-қайшылықтарды реттеудегі медиацияның рөлі жайлы айтып берді. Оның сөзінше, медиацияның ең басты ерекшелігі – екі тарапты тіл табыстырып, екі жаққа да пайдалы шешім шығару.
– Адамдарда өз мәселелерін шешудің түрлі жолдары болуы керек. Соның бірі – медиация. Бұл процедураның соттан ерекшелігі – азаматтар мұнда өз еркімен жүгінеді. Сонымен қатар медиация барысында қаралған мәселелер жария болмайды. Тараптар медиаторларды да өздері таңдайды. Мәселені қараған маман шешім шығармайды. Керісінше, екі жақтың ортақ шешімге келуіне жол ашады. Кейін бұл келісімді заңдастыруға да мүмкіндік бар. Медиацияның бұдан өзге де артықшылықтары көп. Егер біз осының бәрін халыққа жеткізе алсақ, күнделікті өмірдегі біраз мәселені соттан тыс шешуге болар еді, – дейді Инесса Қуанова.
Бүгінде медиаторлардың екі түрі бар. Қоғамдық медиаторлар елдің таңдауымен жұмыс істесе, кәсіби медиаторлар бұл саланың қыр-сырын меңгерген, мәселені шешудің әдіс-тәсілдеріне жетік мамандар саналады. Оларға тұрғындар түрлі қаржылық, тұрмыстық келіспеушіліктер бойынша жүгіне алады. Ең бастысы, мұнда азаматтардың жеке мүдделеріне назар аударылады. Мәселе терең қаралып, оның салдарын жоюдың тиімді жолдары анықталады.
Өңір тұрғындарын медиация процедурасы туралы құлақтандыру үшін “Қоғамдық келісім” мекемесінің мамандары баспасөз бетінде жарық көретін үздік мақалаға байқау жариялаған. Бұдан бөлек, өткен жылы осы тақырыпта үш күндік семинар өткен. Оған 50-ге жуық адам қатысыпты. Ал биыл өтетін семинарда ұйымдастырушылар этномедиацияға басымдық бермек. Сонымен қатар әр тоқсан сайын Достық үйінің алдындағы алаңда кәсіби мамандардың қатысуымен “Ашық есік күні” өтуде.
Шара барысында елдегі бірлік пен татулықты сақтаудағы ақпарат құралдарының маңыздылығы жайлы да сөз болды. Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Бағдат Мұқанова осы жайындағы зерттеулердің қорытындыларымен бөлісіп, ақпаратты бұрмалаудың арандатушылыққа әкелуі мүмкін екенін жеткізді. Әсіресе елдің арасына іріткі салатын материалдарды жариялау қоғамның теріс пікірін қалыптастыруы мүмкін. Маман мұндай жағдайлар орын алмау үшін кез келген мәселеге қатысты қалам тартпас бұрын, ең алдымен, сарапшылардың пікіріне жүгіну керек екенін айтады.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.