Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану музейінде жерлесіміз, халық ақыны, айтыскер, импровизатор, саналы ғұмырының біраз жылын орман шаруашылығы саласына арнаған Ахметжан Нұртазиннің туғанына 115 жыл толуына орай “Ақ қайыңдар жыршысы” атты поэзия кеші ұйымдастырылды. Шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері табиғатпен үндес ақынның өмірі мен шығармашылығына терең бойлады.
Сазгер, тіл жанашыры Дәстен Баймұқанов Ахметжан Нұртазиннің ақындық қырына жан-жақты тоқталып, “Полковник қызы” поэмасының тарихына қатысты құнды мәліметтермен бөлісті. Көктерек ауылының тумасы Абылай Балтабаев мерейтой иесінің көзі тірісінде Қызылжар табиғаты мен қазақ өлеңінің өрістеуі үшін қандай игі істер атқарғанын, атақ-дәрежесін, елге жаққан қадір-қасиеттерін жіпке тізгендей жеткізді. “Полковник қызы” поэмасының жазылуына куәгер болған ақ жаулықты әже Әсима Ахметова полковниктің қызымен бірге өткізген 15 күнін есіне алды.
“Біздің өңірдің топырағы киелі ғой. Олай деуіміздің бір себебі, Қызылжардан небір дүлдүлдер, айтулы ақындар, дауылпаздар шыққан. Олардың атқарған еңбектері елдің аузында. Ахметжан Нұртазиннің де өмірі мен шығармашылығын жергілікті жұртшылық жадында сақтап келеді. Ол айтыс өнерінің дамуына зор үлес қосқан Игібай Әлібаев, Темірғали Қасенов, Уахит Темірбеков сияқты ақындардың алғы шебінде жүрді, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрар Оразалин.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қойшыбай Шәниев айтқан естелікті жиналғандар ұйып тыңдады. Кештің сәнін Дәулеткерей Қожамбетов ән шашуымен келтірсе, Дәстен Баймұқанов туған жерге деген сағынышын домбыра арқылы жеткізді.
Ақын Ахметжан Нұртазин артына өшпес із, өнегелі өлең қалдырып кетті. Оның өз қолымен өсірген қалың орман, тоғайлары, жүрегінен шыққан жырлары жерлестерінің жадынан өшпек емес.
Маржан ТАУШАРОВА,
Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры.