«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛТ МАҚТАНЫШЫ

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Ұлт мақтанышы, Алаштың ардақ­тысы Мағжан Жұмабаевтың ту­ғанына 130 жыл толуына орай өңір­дегі мәдени нысандарда түрлі ша­ралар өткізілуде. Облыс орталығын­дағы музей, кітапханалар жыл басынан бері ақын мерейтойына үн қосып келеді. Сәбит Мұқанов атын­дағы облыстық ғылыми-әмбебап кітап­ханада ақын шығармашылы­ғына арналған тікелей эфирлер, бай­қау­лар, танымдық сабақтар, экс­курсия­лар ұйымдастырылды. “Біздің Мағ­жан” көрмесін жарты жылда қала тұр­ғындары мен мектеп, колледж оқу­шы­лары тамашалады. Ал қа­зақтың асыл перзентінің туған күніне орай өткізілген конференция “Қазақ дала­сының нұры” деп аталды.

Конференцияға ақын шығарма­шы­лығын зерттеп жүрген ғалымдар, зерттеушілер мен қалам тербеп жүр­ген жерлестеріміз қатысты. Шара­ны жүргізген жазушы-журналист Жақ­сы­бай Самрат сөз басында ақынның өмірбаянына тоқталып, оның білім алған жерлерін, пікірлес болған за­ман­дастарын, көрген азабы мен шыққан биігін тілге тиек етті. Одан әрі Мағжан ақын жайлы сөзді про­фес­сор Зарқын Тайшыбай жалғады.

– Бүгінде Мағжан жайлы түрлі деректер айтылып жүр. Оның өмір­баянында әлі күнге қарама-қайшылықтар бар. Өкініштісі, кебір мәлімет­тер шындыққа жанаспайды. Мәсе­лен, Мағжан шығармаларын айып­тайтын әдеби сот Орынборда болған делінеді. Алайда мен тапқан дерек­тер бұл соттың Мәскеуде болғанын көрсетіп отыр. Сонда оқитын қазақ­тың жастары жиылып, бәрі сотта бол­ған. Өз замандастары Мағжанды сол кез­дегі билікке қарсы болды деп айып­тайды. Бұған да мұқият қарау керек. Біз архив деректері негізінде кі­тап бастырдық. Мағжан жайлы нақты деректердің бәрі осы кітапта жинақтал­ған, – деді Зарқын Тайшыбай.

Тұлға өміріне қатысты мұндай ке­ліспеушіліктердің орын алуы мағ­жан­та­ну­дың әлі аяғына нық тұрмаға­нын, ақынның өмірбаянын жазуда бірізділіктің жоқтығын көрсетеді. Мұны осыған дейін өткен шараларда да бірқатар ғалымдар айтқан еді. Ақынның толық шығармаларын ба­сып, ол жайындағы деректерді топ­тастыру мәселесі осындай шаралар­да көтерілгенімен, іске келгенде ақ­сап қалып жатыр.

Бұдан әрі сөз алған М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан уни­верситетінің профессоры Жанар Та­ласпаева ақын өлеңдеріне талдау жа­сап, Мағжан шығармаларында түр­кішілдік идеяның басым екеніне тоқталды. Ғалымның сөзінше, ақын өз заманындағы жаһандық өзгеріс­терге үн қосып, оны өзінше жырла­ған. Адамзатқа сұлу өлеңі арқылы тура жолды нұсқаған. Түркі жұрты­ның бірлігін ту етіп, асқақ Алтайды, тамыры терең Түркістанды сурет­теген.

– Мағжанды алғашқы өлеңдері­нен бастап, соңғы демі таусылғанға дейін туған халқының, түркі жұрты­ның, шығыс мәдениетінің, жалпы адамзаттың тағдыры толғандырды. Ес білгеннен елінің өткен даңқты та­ри­хы мен жыраулар шығармала­рын құлағына құйып өскен ақынның бо­йында ұлттық рух кемерінен асып жатты. Бұл әсіресе “От” өлеңінде айқын көрінеді. Ондағы автордың от деп отырғаны халықтың ұлттық рухы. Ұлттың тарихи және зердесін оятып, рухын көте­ру арқылы ғана бодандықтан құты­луға, тәуелсіздікке жетуге болады деп есептейді. Ұлтты сүю, кісілік деңгейге дейін көтерілу, туған халқы үшін құрбан болу Мағжан өмірінің мұраты іспеттес, – дейді Жанар Серкешқызы.

Шараға қатысқан облыстық мемлекеттік архивтің директоры Сәуле Мәлікова ақын өмірі жайлы архивте сақталған құжаттар мен жазбалар туралы айтып берді. Ұлттық ұлан академиясының тілдік дайындық кафедрасының бастығы Ақмарал Сәркенқызы, М.Айтхожин атындағы №1 мектептің тарих пә­нінің мұғалімі Инеш Бақтыбаева, Қызылжар Абай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Перизат Молдағожиналар конференция тақырыбына сай баян­да­малар жасады. Еңбек ардагері Марал Оспанова ұлт ақынына арна­ған өлеңін оқыды.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp