Полиция – қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еліміздегі аса маңызды құрылымдардың бірі. Тәртіп сақшыларының кәсіби біліктілігі мен сертіне беріктігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, адамдардың құқық қорғау органдарына деген сенімі арта бермек. Бүгінгі кейіпкеріміз бұл салада 17 жыл бойы табан аудармай адал қызмет етіп келеді.
Шоқан Асқаров 1984 жылы Айыртау ауданындағы Качиловка ауылында дүниеге келген. 2005 жылы Көкшетау қаласында Фемида заң академиясын тамамдап, 2006 жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін Тараз қаласына аттанады.
– Әскери парызымды өтеп келгеннен кейін мен Қазан ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы қызметіне тағайындалдым. Жұмысқа орналасқан алғашқы жылдардың қиын болғанын жасырмаймын. Маған елді мекен тұрғындары көп жәрдемдесті. Олармен тіл табысып, бір мақсат төңірегіне ұйысуға тырыстық. Бұл ауылда өткізген 10 жыл ішінде біраз тәжірибе жинап, маман ретінде жетілдім, – дейді Шоқан Қайроллаұлы.
Ол тәртіп сақшысы болу адамға зор жауапкершілік жүктейтінін жақсы біледі. Сондықтан қандай мәселе туындамасын олардың барлығын заң аясында шешуге ұмтылады. Осы қасиеттерін бағалаған басшылық Шоқан Асқаровты 2016 жылы Айыртау аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары етіп тағайындады. 2018-2019 жылдары аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, бірінші орынбасары, кейін полиция бөлімінің аға учаскелік полиция инспекторы лауазымына ауыстырылды. Қазіргі уақытта ол Елецк ауылдық округінде учаскелік полиция инспекторы қызметін атқаруда.
Кейіпкеріміздің бұл саланы таңдауына ағалары Сәкен Кәрімов пен Орал Құсайынов ықпал етіпті.
– Құқық қорғау – өте күрделі салалардың бірі. Полицей ең бірінші кезекте заң тұрғысынан сауатты болуы керек. Азаматтардың құқығын қорғап, кез келген жағдайда дұрыс әрекет ете білуі қажет. Біздің жұмыста қате шешім қабылдауға болмайды. Әрбір шешімнің соңында адамның тағдыры тұрады. Мен осы қағиданы есімнен шығармаймын. Біздің қызметіміз аса қырағылықты, жауапкершілікті, табандылықты талап етеді. Сондықтан біз уақытпен санаспай жұмыс істейміз. Ең бастысы, отбасым мен әріптестерімнің көзіне тік қарай аламын. Адамгершіліктен аттап кеткен кезіміз болған жоқ. Адалдық, заңға бағыну – бұл менің өмірлік ұстанымым, – дейді ол.
Шоқан саламатты өмір салтын ұстанатындардың қатарынан екенін айта кеткен жөн. Ол ауданның спорттық өміріне белсенді араласып келеді. Айыртау аудандық полиция бөлімі футбол командасының капитаны.
– 2022 жылы Айыртау аудандық полиция бөлімінің футбол құрамасы облыстық полиция департаментінің күш құрылымдары арасында өткен шағын футболдан жарыста жүлделі екінші орынға қол жеткізді. Жуырда Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда ұйымдастырылған жарыста біздің құрама 1-орын иеленді, – дейді полиция майоры.
Футболдан бөлек, ол самбо күресінен бірнеше рет жарыстарға қатысқан. Әрқашан жүлделі орындарға ие болып жүрген азамат “Шынықсаң шымыр боласың” деген қағидаға берік.
Бүгінде Шоқан Қайроллаұлы жары Айсұлу екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Үлкені Айтуар биыл бастауышты тамамдаған. “Өмірде атақ пен ақшаға айырбастамайтын дүниелер аз емес. Солардың бірі – отбасыңның амандығы, ұрпағыңның өсіп-өнуі. Перзенттерімнің болашағының жарқын болғанын қалаймын. Бала – шырыннан да тәтті ғой. Олардың жолдарының ашық болуы ата-ананың адал еңбегіне тікелей байланысты. Сәбилерімді “біреудің ала жібін аттамаңдар, анттарыңа, уәделеріңе берік болыңдар” деген тыйымдар арқылы тәрбиелеуді жөн көремін”, – дейді Шоқан.
“Ішкі істер органының үздігі” төсбелгісімен, “Айыртау ауданына 90 жыл”, “Мінсіз еңбегі үшін” медальдарымен марапатталған тәртіп сақшысы қоғам тыныштығы бәрінен маңызды екенін айтады.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.